Агросектор: қажыр бар, қаржы жоқ
Агросектор: қажыр бар, қаржы жоқ
© коллаж: Елдар Қаба
407
оқылды
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау жылдан-жылға азайып барады. Соның ішінде екінші дең­гейлі банктердің агросекторды не­сиелендіру үлесі мүлдем мардым­сыз. Бір сөзбен айтқанда, банктер шаруаларға несие беруден қашқақтайды. Сондықтан да мұнда қаржыландыру «ҚазАгро­Қаржы» және «Аграрлық несие корпорациясының» еншісіне тиген. Олардың да беріп отырған қаржысы агроөнеркәсіптік кешенді толық қамти алмайды. Ендеше қажыры мол, қаражаты жоқ шаруаға қалай көмектессе болады?

Он жылда 11%-ға кеміген

Сонымен, еліміздің агроөнеркәсіп кешенін несиелендіруде соңғы 10 жылда екі қаржы ұйымы күш алып келеді. Олар – «ҚазАгро» мен «Бәйтеректің» еншілес кәсіпорындары «Аграрлық несие кор­порациясы» мен «ҚазАгроҚаржы». Олардың нарықтағы үлесі – 80%. Бірақ олардың үлесі артқанымен, қаржыландыру көлемі азайып келе жатыр. Мәселен, 2014 жылы доллар бағамы 182 теңге болғанда бұл салаға 612 млрд теңге ($3,3 млрд) қаржы бөлінген болса, бұл сома қазір бағам 420 кезінде 538 млрдқа ($1,3 млрд) түсіп отыр. Мұндағы айырмашылық 11%. Ал инфляцияға сәйкес барлығы да қым­баттап жатқанын ескерсек, бұл қа­ражат ештеңеге жетпей отыр деуге болады. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің агро­секторды қаржыландырудағы үлесі 2014 жылы 70%, ал 2020 жылы небәрі 18%-ға түсіп кеткенін де атай кеткен жөн. Бы­лайша айтқанда, олар шаруаларды несиелендіруден түбегейлі бас тартып отыр деуге болады. Ал бұрын олар тек қана корпоративті клиенттерді несиелендіріп келді де, бұл мультипликативті әсер беріп, тұтас салаға қозғау салған болатын. Бірақ кейін ірі агрохолдингтер де дағдарысқа ұшырады да, банктер оларға ақша беруден тыйылып қалды. Осылайша квазимем­лекеттік сектор қанатымен су сепкен қар­лығаштай болып қалып отыр.

Агробанк керек пе?

Екінші деңгейлі банктердің қашатын себебі ауыл шаруашылығы дегеніміз тәуекелі жоғары бизнес. Яғни, 1-2 жылда табыс әкелетін кәсіп емес. Өз-өзін ақтап, толық айналымға шығу үшін, ештеңе кедергі болмады дегеннің өзінде, 3-5 жыл уақыт керек. Жолға қойылғанның өзінде қайтадан тоқырауға ұшырауы да оңай. Сондықтан да екінші деңгейлі банктер не­сие берген күннің өзінде де олардың несие саясаты шаруалар үшін өте қиын. Олар кепілге бағасы жоғары үй немесе қымбат техникаларды сұрайды. Әрі оларды төмен бағалайды. Ал ондай нәрсе екінің бірінде жоқ. Көбіне ондай несиені ірі, аяғынан тұрған шаруашылықтар ғана ала алады. «Агроөндірістік кешен дотациялық сипатқа ие. Оған субсидияны көбейту, несие саясатын түзеу және аз пайызбен несие беру керек. Осы орайда біздің нақты ұсынысымыз: жылына 1-2%-дық мөлшер­лемемен ұзақ мерзімге несие беретін агробанк құру. Егер осындай тікелей ауыл шаруашылығын несиелендірумен айна­лысатын арнайы банк болса жақсы болар ма еді. Өйткені қазіргі «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» несиені 14-17%-бен береді. Оның сосын 10%-ын субсидиялайды. Сонда айналып келгенде бәрібір де 4-6%-ға шығады. Біз осы жүйені құртып, оның орнына бір көзден қаржыландыратындай етіп, өз алдына арнайы агробанк құруды сұрап отырмыз. Ең көп дегенде 3%-бен несие берсе, шаруаға қажеті де сол. Несие аламын, одан кейін субсидия аламын деп басын қатырып, бір жүгіргенде екі жүгіріп құжат дайындап жүрмейді», – дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры Ақпар Мәуленов. [caption id="attachment_181483" align="alignleft" width="1200"]агросектор © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Ауыл шаруашылығы саласында қаржыландыру көлемі мардымсыз. Биыл фермерлер одағы ұсыныс айтып, ақша көлемін көбейтуді сұрап хат жазған. Онысын Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметке жеткізген екен. Енді олар соның жауабын күтіп отыр. Қаражат жеткіліксіз болатын себебі өткен жылдармен салыс­тырғанда ауыл шаруашылығына қатысты тауарлардың барлығының бағасы өскен. Жанармай мен тыңайтқыштың бағасы екі есе, пестицидтердің бағасы бір жарым есе өскен, судың тарифі көтерілген. Одан бөлек тұқымның да бағасы қымбаттаған. Осылардың барлығы айналып келгенде шаруаға үлкен салмақ салып отыр. Мамандардың айтуынша, алдағы ақпан айынан бастап әдетте шаруалар несие алады екен, сол несиесін желтоқсан айына дейін жабуы тиіс. Жыл бойғы еңбегінің табысын несиеге беріп, келесі жылды да қайтадан несиемен бастайтын шаруалар көп. Бұл ұзақ жылдар бойы қайталанып келе жатқан жағдай. Сондықтан да ша­руаларды мұндай қанаудан құтқару қажет. Болмаса, елімізде ауыл шаруашылығы өркендемек емес.

Шаруада басы артық ақша жоқ

Ауыл шаруашылығында тәуекелдің жоғары болу себебі көптеген сыртқы фак­торға байланысты. Өндірістік процестегі шығындарды қоспағанда, ауа райының қолайсыздығынан егіннің шықпай қалуы, түрлі аурулардан мал мен құстың қырылып қалуы, нарыққа, мәселен, экспортқа жол жабылып, нақақ шығынға батуы – күн­делікті көріп-біліп жүрген жайттар. Сон­дықтан да банктер агросектор десе ат тонын ала қашады. Ал Үкімет тарапынан жасалып отырған бюджеттік несиелендіру немесе субсидиялау шаралары шаруаларды толықтай қамти алып отырған жоқ. Мә­селен, 2021 жылдың соңына, ауыл шаруа­шы­­лығын субсидиялау тапшылығы 80 млрд теңге болды. Бұл проблеманы мемлекет қараша-желтоқсан айларында бюджеттен қосымша ақша бөліп, шешуге тырысқанымен, бұл тек жыртыққа жамау ғана болды. «Бюджеттік несиелердің көлемі өте аз. Мысалы, Аграрлық несие корпорациясы арқылы жүзеге асырылатын көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала» бағдарламасына жыл сайын 70 млрд теңге бөлінеді. Орташа есеппен 1 га-ға жұмсалатын шығындар 50 мыңнан жоғары, ал Қазақстандағы егістік алқабы­ның көлемін ескерсек, онда егіс науқанын жүргізу үшін 700 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Бұл тұста өз қаражаты есе­бінен егіс науқанын жүргізетін шаруаларды ескергеннің өзінде, тек көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік несие көлемі 300 млрд теңге шамасында болуы қажет», – дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департа­мен­тінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова. Жағдайды тығырықтан алып шығу үшін палата тарапынан көптеген ұсы­ныстар берілген. Мәселен, шаруалардың егінді сақтандыруын ынталандыру үшін әуелі сақтандырудағы сыйақы мөлшер­лемесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту қа­жет. Әрі бұл мемлекеттік қолдау ұзақмер­зімді, яғни 5 жылдан астам болуы тиіс. Әйтпесе, шаруалар сақтандыру тетігіне көп жүгінбейтіндіктен, осы мақсатқа қарастырылған қаражат жыл соңында кейін бюджетке қайтарылып жатады екен. «Банктер үшін ауыл шаруашылығын қаржыландыруды кепілдендіру және сақ­тандыру жүйесінің тетіктері қолданылуы тиіс. Сол кезде ғана банктер қаржылан­дыру­ды арттырады. Бүгінде кепілдендіру мен сақтандыру жүйесі ауыл шаруа­шы­лығында аса дамымаған. Мәселен, 2021 жылы 150,6 мың га-ға 118 сақтандыру по­лисі жасалды. Бұл ретте жалпы дәнді және майлы дақылдар алқабы 22 млн га екенін ескерсек, сақтандырылған ал­қаптың үлесі небәрі 0,7% екенін аңғаруға болады. Заң бойынша, сақтандыру сома­сындағы сыйлықақы мөлшерлемесінің 50%-ын мемлекет өтейді, яғни шаруаға қайтарып береді. Бірақ соның өзінде де шығындарының тізімі өте көп болған­дық­тан, шаруаларда сақтандыру үшін басы артық қаражат бола бермейді. Мал ша­руа­шылығы саласы туралы да осыны айтуға болады», – дейді Жұлдызай Хамитқызы. Мамандардың айтуынша, несиені кепілдендіру саясатын да жетілдіре түсу қажет. Өйткені ауылдағы кепілге берілетін мүліктердің өтімділігі төмен немесе мүл­дем өтімді емес. Сондықтан да оларды қар­жы ұйымдары көп ретте кепілге алмайды. Сондықтан да кепілдік беруді «Даму» АҚ толықтай өз мойнына алуы тиіс. Бүгінде мұндай механизм ішінара ғана жүзеге асырылады. Мәселен, «БЖК-2025» бағдарламасы бойынша ЕДБ қар­жыландыратын несиелерге кепілдік, «Қа­рапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы бойынша кепілдік және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ла­масы бойынша берілген шағын қарыздарға кепілдік. Сондықтан да «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы «Даму» АҚ-ның кепілдік беру тетігін микрокредиттер бойынша, соның ішінде меншікті және тартылған қаражат есебінен берілген шағын несиелерге қолдануды ұсынып отыр. Сондай-ақ ол белгілі бір бағдар­ламаларға негізделмеген, жаппай барлық несие түрлеріне қолданылуы тиіс.