Тастандылардың тағдыры
Тастандылардың тағдыры
Суретте: Сымбат Жұлдызбай
539
оқылды
Жастайынан балалар үйін пана­лап, сонда ержететін жеткіншектер аз емес. Олардың арасында бола­шақта ана болуы тиіс қыздар да бар. Жетімдіктің ащы дәмін татып өсетін сол қыздар қалай бойжетеді? Ба­лалар үйінен кеткен соң бақытты от­басы құрып, қоғамнан өз орнын таба ала ма? Бұл сауалдар да өзек­тілігін жойған жоқ. Өмір ешкімнің маңдайынан өбіп жат­пайды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда барлығымыз қолымыздан кел­ген­ше алға ұмтыламыз. Бірақ ойлағанның барлығы ойыңдағыдай болып, айы оңы­нан тумайды. Тағдырдың тар­тысында жігеріңе жан берер жақын­да­рың, көңілің құлазыса қамшылай ала­тын қолдаушыла­рың болса жақсы. Ал жанашыр жақыны, тіреу болар туысы жоқ балалар үйінің тәр­бие­ленушілері өмірдің келесі бір соқпа­ғынан сағы сынбай өте аларына кепілдік жоқ. Жыл сайын мыңдаған бала жетімдер үйінен үлкен өмірге аттанады. Оңы мен солын енді ғана танып келе жатқан сол мыңдаған жәудіркөз барар жерін, басар тауын тапса жақсы. Мемлекет беретін төрт жылдық тегін баспана уақыты біткен соң бірі жалданып жұмыс істейді. Білім алуға мүмкіндігі болмағандар мен екі қолына бір күрек таба алмағандардың арасында қатал өмірдің қалтарысында қалатыны бар. Ал жаратылысы нәзік қыз балалардың білім алып, қызметке тұруы, аяулы жар атанып, барған жерінде судай сіңіп, тастай батары да бір өзіне ғана байланысты.

Құлдықтағы қыз

Алты жыл бұрын Ақтөбедегі сұмдық жағдай талай жанның көзіне жас үйірді. Балалар үйінен шыққан жетім қызды Ақ­төбе облысының Жем қаласындағы мал­шы­лар ұзақ уақыт ауылда ұстап, аяусыз зор­лап келген. Балалар үйінің тәрбиелену­шісі Марал Бұқашева өзін асырап алған мал­шының қойын баққан. Көңілі қаяу қыз­ды аяғына жыртық аяқкиімді байлап алып, мал соңында жүрген жерінен де­пу­тат­­тар тауып алыпты. Марал туа сала «тас­тан­ды» атанған. Жайсаңдағы балалар үйінен 18 жасқа толғаннан кейін шығарып жібереді. Ал қамқорлыққа алған адамдар қызды мал бағатын жерге алып кетеді. Сол күннен бастап қорғансыз қыздың құлдық­та­ғы өмірі басталады. Адам төзгісіз өмір сүр­ген жас қызды қорлықта ұстағандар өзіне тиесілі жәрдемақыны да өз қалтасына басып отырыпты.

Оған «аурусың» деген...

Біз тілдескен Балым есімді кейіпкеріміз Маралмен тағдырлас. Алғашында өз өмірі туралы тіс жарғысы келмеген ол сәлден соң өзі қоңырау соқты. Басынан өткенін баян­дамас бұрын аз-маз күрсініп те алды. 16 жы­лын құлдықта өткізген келіншекті жұ­ба­туға сөз табу да қиын. «Алматы облы­сы Жар­кент балалар үйінде өстім. Туыс­та­рымды танымаймын. Мені осында тастап кеткен анамның келбеті еміс-еміс есімде қа­лыпты. «Жақында келіп алып кетемін» де­­геннен мол кетті. Қайтып оралмады», – дейді ол. Күн артынан күн, ай соңынан ай өтіп, жылдар жылжып бара жатты. Ана­сының келмейтінін түсінгенімен, жүрегі туған анасын балалар үйінен түлеп ұшқан­ша күтумен болыпты. Балым да сол жердегі басқа жетім балалар сияқты тыныш әрі ұялшақ болып өскен. 10 жасқа толғанда балалар үйіндегі психиатрлар «ақыл-ой кемістігі» деген диаг­ноз қояды. «Осындай диагноз қойыл­ған кейбір балаларды психикалық ауруха­наға жатқызатын. Қатты қорықтым. Ке­зекті медициналық тексеруден өтерде тәрбиешілер маған «Психиатрлар қараған кезде өзіңді психикалық ауру сияқты ұстау керексің» деді. Бірақ мен өзіме қойылған сұрақтарға барынша жауап беруге ты­рыстым. Ал тәрбиешілер мен балалар үйінің директоры менің сөзімді бөле берді. Кейін комиссия бәрібір «психикалық ауру» деп диагноз шығарды. Бұл менің өмірімдегі екінші сынақ еді. Себебі ауру балалардың ешқашан өз құқығы бол­май­тын. Менің құ­­қы­ғымды маған тағайын­далған қамқор­шы шешетін», – деп жылап еске алды Балым. Алты жылдан кейін Балымды балалар үйінің басшылары психоневрологиялық интернатқа ауыстырады. Алайда оны интернатқа емделу үшін емес, ары қарай қамқоршының қолхаты арқылы алып кетіп, жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Балым­ның айтуынша, қамқоршысы өзі өскен балалар үйінің директоры болған. Келген бойда қожайыны мен балаларға қызмет қылған. Ал оның мемлекеттен берілетін ақшасы қамқоршының қалтасына түсіп отырады. Біраз жылдан кейін қожайыны Балымды басқа адамдардың қарауына өткізеді. Олардың да отымен кіріп, күлімен шықса да, бір тиын қолына ұстатпаған. Керісінше, қарсы сөз айтса, апталап жер­төледе қамаған кездері де, таяқтың астына алған сәттері де көп болады. Үйден қашып шығып, қамқоршыларының қандай екенін құқық қорғау қызметкерлеріне де жеткіз­ген. Бірақ олар да қамқоршылардың «пси­хикалық ауытқушылығы бар» деген сөзіне сеніп, оларды жауапкершілікке тартқыза алмапты. «Үйге келген соң олардан көре­сінді көрдім. «Сен жетімсің, аурусың. Сен секілді ауру ешкімге керек емес. Егер қы­ңыр­лық таныта берсем, психоневро­ло­гиялық интернатқа өткізіп, өмір бойы жындылармен жататынымды айтып қор­қытатын. Осылай 16 жыл өмірім өксікпен өтті. Тірі жанға өзімнің сау екенімді айтып сендіре алмадым. Тағдырыма үнсіз көніп жүре беретін бе едім, кім біледі?!», – деп көз жасына ерік берді. Өмір жолының осыншалықты қиын­дығына қарамастан болашақтан үміт үзбеген Балым бес жылдан кейін кездейсоқ қайырымдылық қорының еріктісімен кез­десіп қалады. Қордың қайырымды жан­дары Балымға заңгер жалдап, қамқор­шы­ларының үстінен сотқа арыз түсіреді. Қазір жасы 37-ге келген Балым «психикалық ауру» диагнозынан арылып, ешқандай қамқоршы қажет емесін сотта дәлелдей алды. Басынан қанша қиындық өтсе де, өмірдің өзіне арнап қойған жақсы жаңалы­ғынан күдерін үзгісі жоқ. керісінше қазір бала күннен қалған қорқыныштан арылып, білім алып, жұрт қатарлы қызмет етуге құлшынысы жоғары.

Өмірге өкпе жоқ

Екінші кейіпкеріміз – Сымбат Жұл­дыз­бай. Тараз қаласындағы Қабылбек Сырмолдаев атындағы балалар үйінің 2017 жылғы түлегі. Қазір ол тәрбиеленген бала­лар үйі «Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау» орталығы деп аталады. Бала күнінен білімге құштар болып өскен Сымбат оқуды бітірген соң мемлекеттік грантпен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультетіне түскен. 2021 жылы оқуды үздік дипломмен тәмамдап, бүгінде өз мамандығы бойынша қызмет істейді. «Өмірге өкпем жоқ. Жаратқанның басыма салған тағдырынан қашып құтылу мүмкін емес. Өткенімді емес, болашағымды көп ойлаймын. Бәлкім, ата-анасыз өскен болармыз, бірақ көңіліме қараған жақын жандар көп болды. Тәрбиешілеріміз бар мейірімін беріп өсірді, соның арқасында жаман болған жоқпыз», – деп ағынан жа­рылды. Ал құрбыларының арасында тұр­мысқа шығып, аяулы жар, ардақты ана бо­лып отырғандар да бар екен. «Құрбы­ларым­мен бірге бас қосып, үнемі жиналып отырамыз. Бір-бірімізді қонаққа шақы­рамыз. Өмірімдегі қиындық десем бе, әлде өткінші сынақ па, білмеймін. Бірақ арман қуып Алматыға келгенде ешкімді танымай, бір-екі апта бөтенсініп, демеп жіберер жа­қын жандар болмай қиналғаным есім­де», – дейді. Оның айтуынша, өзімен бірге тәрбиеленген балалар үйіндегі құрбылары да мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Төрт жыл тегін жатақханада, 2019 жылы үй кезегіне тұрыпты. «Бұйырса, осы жылы бас­паналы болудан үмітім бар» деп күліп те алды Сымбат. Балалар үйінде тәрбиеленген екі түрлі адам, екі түрлі тағдыр. Жетімін жылатпай­тын, қарындасына қамқор бола алатын қоғам барына қуанасың. Жәудіреген көз­дің жарасынан жасқанбайтын, қандасына қайырымсыз болатын жандарға қарап жүрек сыздайды.