Дубайға доллар алып өтпек болған
Дубайға доллар алып өтпек болған
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
333
оқылды
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Ақтау халықаралық әуежайында ірі көлемдегі шетел валютасын Дубайға алып өтпек болған қазақстандық азаматтың ұсталғанын хабарлады. 31 қаңтар күні Ақтау–Дубай халықаралық рейсін рәсімдеу барысында кедендік бақылау қызметі 1987 жылы туған қазақстандықтың 10 700 АҚШ доллары көлемінде декларация­ланбаған қаражаты барын анық­таған. Ұсталған азамат мұны шетелге алып шығатын қаражат көлемі 10 000 доллардан асқан жағдайда декларация толтыру керегін білмегенімен түсіндірді. Ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 551-бабы 3-бөлігі бойынша (жеке тұлғалардың Еуразиялық эко­номика­лық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және жазбаша декларациялауға жататын ақша қаражаты мен ақша құралдарын декларацияламауы не дұрыс декларацияламауы) әкімшілік іс қозғалды. Оған 10 АЕК (30 мың теңге) көлемінде айыппұл салынып, ақшасы кейін қайтарылып берілді. «Жыл басынан бері жеке тұлға­лардың кеден заңнамасын бұза отырып, қолма-қол ақшаны алып өтудің 2 фактісі анықталды. Оларға қатысты әкімшілік құқық­бұзушылық туралы іс қозғалды. Жолаушыларға ЕАЭО кедендік шекарасынан кесіп өту кезінде валютаны алып өту ережелерін сақтау қажеттігін ескертеміз», – деді «Әуежай-Ақтау» кеден беке­ті­нің басшысы Мұрат Бәйгебаев.