«Жыры бітпеген» көпір
«Жыры бітпеген» көпір
369
оқылды
Көкшетауда жылға жуық уақыт көпір құрылысы бітпей жатыр. Халық сарғая күткен көпір былтыр жыл соңында, жаңа жылға дейін-ақ тапсырылуы тиіс болған. Бірақ құрылысты жүргізген мердігер «Бука» компаниясы көпірдің құрылысын сиырқұйымшақтатып жіберген. Жылға жуық уақыт жолсыз әрі автобус қатынасынсыз қалған халықтың билікке өкпесі қара қазандай. Өткен жылдың соңында есептік кездесу кезінде қала әкімі Бауыржан Ғайса халық жүріп-тұру үшін көпірдің бір бөлігін пайдалануға беруге уәде еткен. Алайда ақпан басталса да, «жаңа көпірдің» жыры бітпеді... Қаланы қаққа бөлген Қылшақты өзені арқылы көпір құрылысы былтыр сәуірде басталған. Дегенмен жергілікті билік пен мердігер компания айтқандай жеті ай емес, арада жыл өтсе де көпірдің бітетін түрі көрінбейді. Өйткені 700 миллионға жуық қаражат құйылған құрылыстың жобасы сапасыз шыққан. Бұдан кейін мердігер компания көпірдің жобасын қайта салуға жобалық-сметалық құжаттаманы қайта өзгертуге мәжбүр болған. Сараптама жөн­деп жүргізіл­меген. Яғни, бірнеше миллион­дардың көзіне ашықтан-ашық су құйылғаны айдан анық сияқты. Бұл орайда жылға жуық уақыт жеңіл көліктердің ортан беліне жететін батпақты өзенді кешіп жүрген қала тұрғындары құрылыс жобасына жергілікті қала әкімі де, облыс әкімі де мән бермей, мемлекеттік сараптамадан өтіп кеткеніне наразылық білдіруде. «Міне, арада жылға жуық уақыт өтсе де көпіріміз әлі бітпей тұр. Кезекті бояма тірліктің көрінісі! Адамдарды неге ақымақ санайсыңдар? Құрылыс жұмыстарының орындалуын бақылау оның салыну жобасы сараптамасынан басталуы тиіс. Ал аталған көпір құрылысына сараптама жөндеп жасалғанына күмәнім бар. Болса аты-жөнін кім екенін айтсын. Құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау тапсырыс берушінің негізгі талап-тілектерінің бірі болуы тиіс. Өйткені құрылыс-монтаждау жұмыстарын бақылау өткізу нәтижесіне сәйкес қажет техникалық нормалар мен стандарттарды сақтауға бағытталған кешенді шаралар. Бірақ бұған мойын бұрған не қала әкімін, не облыс әкімін көрген жоқпыз. Халық алдында есеп бергенімен іс жүзінде әртістің ойыны сияқты. Түк бітпейді», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Мәлік Ахметқалиев. Расында да жылға жуық уақыт бойы 10 мыңнан астам халық тұратын шағынаудан қоғамдық қатынастан ажырап қалған. Жол болмаған соң қоғамдық көлік те жүрмей қойған. Ал такси көліктері бұл ауданға көлік болмағандықтан бағаны тым шарықтатып жіберген. Көпірдің сапасыз салынғанын қала әкімі де жақында құрылыс басында болған сапары барысында ашық мойындады. Жұрт алдында мердігерге құрылыстың сапасыз­дығын айтқан қала әкімі көтере алмайтын шоқпарды беліне не үшін байлағанын сұрады. «Жоба авторлары мен жобалаушы құрылысты аяқтау мүмкін емес екенін айтты. Соған қарамастан сіздер қалай жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп уәде бердіңіз­дер? Бірден құрылысты бітіре алмайтын­дарыңыз туралы ашық айту керек еді. Жұртты әбден әуре-сарсаңға салдыңыздар. Құрылыс жобасы бірден сапасыз салынған. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес есептедік дейсіз. Мен тіпті сіз құрылыс басына келмесеңіз де таңғалмай­мын. Жоба жасалды, одан кейін оны қайта өзгертуге мәжбүр болдық. Кәріз құбырлары тау болып үйіліп жатты. 1500 текше суды сорып алуға мәжбүр болдық. Мұның бәрі сіздердің қателіктеріңіз», – деді қала әкімі Бауыржан Ғайса. Әкімнің айтуынша пайдалануға берілетін көпір сапасыз болғандықтан жүк көліктеріне бұл көпірден өтуге жол берілмейді. Тек жеңіл көліктер ғана жүруге рұқсат етіледі. Оның өзінде де егер құрылыс сапасы түзетілген жағдайда ғана көпірдің бір бөлігінен уақытша адамдардың жүріп өтуіне мүмкіндік берілмек. Жіберілген техникалық олқылықтарды мойындаған мердігер компания өкілі де көпір құрылысын көктем шыға асфальт салып түзететінін айтып ақталмақ болды. «Қазір біз бір бағытта адамдар жүру үшін көпірді аяқтауға әзірміз. Ол үшін сәуір айында бізге асфальт берсе жөн болар еді. Көпірдің екі жақ қапталы қазір дайын тұр. Шамамен асфальт төсеуге болатындай 0 -5 немесе +5 градус температура болса біз асфальт төсеуді бастап кетер едік. Бізге енді уақытында асфальт беріліп оны төсеп, қалпына келтіру жұмыстарын жасаймыз», – дейді мердігер «Бука» компаниясының өкілі. Сонымен, бір жылға жуық уақыт өтсе де айналасы 100 метр шамасындағы көпір аяқталмай тұр. Төзімі таусылған тұрғындар әлі де осынша уақыт аяқталмай тұрса таңғалмайтынын айтады. Ал мердігер компания алдағы көктемде іске қайта кіріспек. Бұл орайда жобаны қабылдаған тиісті бөлімдер мен авторлық қадағалаудың тиісті түрде орындалмағаны анық байқалып тұр.

Ақмола облысы