Алматы көк түтіннен қашан арылады?
Алматы көк түтіннен қашан арылады?
Павел Михеев (фото)
619
оқылды
Табиғаты мен өзге де географиялық жағынан алғанда әлемдегі ең ажарлы қалалардың қатарына кіретін Алматы бұл күнде көк түтіннің құрсауында қалған. Бұл мәселеге қатысты экологтердің дабыл қағып келе жатқанына да біраз болды. Бірақ нем­құрайдылықтан болар, мәселені түбегейлі шешуге бетбұрыс байқалмайды. Мегаполистегі жұтар ауаның ластануының негізгі себептерінің бірі – Жылу-электр орталығынан көп мөлшерде бөлінетін зиянды шығарындылармен қатар авто­трафиктің шамадан тыс көп екендігіне қатысты. Эколог мамандардың пікірінше одан басқа да бірнеше себебі бар. Бұл туралы шаһардың мәселесін біраз жылдан бері көтеріп жүрген, «Байтақ Болашақ» эко­логиялық альянсы республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының басшысы Әсел Ділдабекова айтып берді. «Алматы қаласындағы эко­логиялық сипаттағы ең негізгі проблема – ЖЭО жұмыс істейтін кәсіпорындарынан ауа бассейнінің ластануы және автотрафиктің көп мөлшері. Мегаполистің тағы бір проблемасы тұрмыстық қалдық қоқыстары және оны одан әрі кәдеге жаратумен байланысты мәселелер, бұл біздің қалаларымыздың үлкен және «тарихи» проблемасына айналып отыр», – дейді маман.

Проблеманы шешудің қандай жолы бар?

Экологтердің пікірінше, аталған мәселені тек ЖЭО көмірден газға көшірумен ғана шешуге болады деу – қате пікір. Мәселен, жоғарыда пікірін айтқан эколог Әсел Ділдабекова ауаны тазарту мәселесін шешу үшін бүгінде арзан балама бар екенін айтып отыр. Оның айтуынша, Д.Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институты­ның ғалымдары жасаған қолданбалы технологияларды мәселені шешуге пайдалануға болады. Институт ға­лымдары ластағыштардың көрсет­кішін 98% - ға дейін азайтатын ката­литикалық түрлендіргіштерді ор­натуды ұсынған. Бұл ретте ЖЭО сияқты кәсіпорындар көмірмен жұмыс істеуді жалғастыра алады, бірақ осы технологияны пайдалана отырып, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту арқылы ЖЭО қала ауасын ластамауға мүм­кін­дік беретін көрінеді. Табиғат жанашыры осы ретте ауаны тазарту мәселесін шешуге алаңдайтынын, сондықтан ғалымдар ойлап тапқан жаңа әдістерді қолдауға шақы­ратынын айтты. Бізде көбіне жоғарыда айтқандай газға көшіру әдісі қиындықты шешудің бірден-бір жолы екені дәстүрлі түрде ұсынылады. Бірақ бұл жерде газ тапшылығы сияқты күрделі проблема бар екенін де естен шығармау керек. Мәселен, жақында шаһардың Экология департаменті «Алматы қаласының 2020-2021 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасының» орындалуы туралы халықпен онлайн есеп беру кездесуін ұйымдастырды. Бұл құжат 2020 жылдың тамыз айында бекітілген болатын. Құжатта негізгі бес тармақта 22 іс-шара орындалуы қамтылған еді. Оның ішінде қалалық ЖЭО-2-нің жұмысын газға ауыстыру және автокөлікті табиғи газға ауыстыру, сондай-ақ көмір өндіруші кәсіпорындардың шығарындыларын азайту және жеке секторды газдандыру жөніндегі іс-шаралар міндеттелген. Жиында «ҚазТрансГаз» ком­паниясының қуаттары мегаполиске қызмет көрсету үшін жеткіліксіз екені айтылды. Жауапты шенеу­ніктердің берген дерегінше, Алматы мен Алматы облысында жылына көгілдір отын тұтыну мөлшері 1 миллиард 750 миллион текше метрді болып отыр. Олардың пікірінше, қаладағы ЖЭО-лары газға ауыс­қаннан кейін, бұл мөлшер шамамен 1 миллиард 200 миллион текше метрге дейін азаяды. Дегенмен мұның өзі үлкен көлем. Газға жауапты мекеме мұндай көлемде қамтама­сыз ету ауыр соғатынын айтып отыр. «Белгілі болғандай, Экология департаментінің есептік кеңесінде шенеуніктер негізгі тармақтардың орындалу мерзімін бұзып, көптеген жоспарланған іс-шараларды аяғына дейін жеткізбей, мемлекеттік бағ­дар­ламаны сәтсіз аяқтады. Олардың басым бөлігі газға көшу мәселесіне қатысты. Бұл жол картасын жүзеге асыруға бөлінген миллиардтаған қаражат желге лақтырылғанын білдіреді», – дейді «Байтақ Болашақ» ҚБ-нің өкілі. Десе де, Алматының Жылу орталықтарын көмірден газға көшіру мәселесі соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында дәл осы мәселені тез арада шешуді қадап айтқан болатын.

Ауаның ластануы түрлі дертке себеп

Экология мәселелері, ауа бассейнінің ластануы тұрмыстық қалдық қоқыстары мәселелері – шұғыл шешімдерді талап ететін неғұрлым маңызды мәселе. Жұтар ауаның таза болмауының себебінен алматылықтардың арасында түрлі аурулар көрсеткіші өсіп отыр. Мұны денсаулыққа жауапты мамандардың өзі біраздан бері айтып жүр. Мәселен, бронх-өкпе, түрлі аллергиялық, жүрек және қанайналым жүйесі ауруларының бірден-бір себебі дәл осы ауаның ластануынан болатын көрінеді. Қалай десек те, тіршіліктің ең бірінші көзі жұтар ауаның таза болмауының залалы орасан екені біз айтпасақ та белгілі жайт. Осы жерде бір қала белсендісінің «Ертеректе Алматыға келген қонақты Алатауға шығаруға асығушы едік. Ондағы мақсатымыз – «Шымбұлақ», «Көк­төбе» «Медеу» сияқты ғажаптары­мызды көрсету. Екіншіден, сол таудан әсем қаламызға көз салып, тамашаласа дейтінбіз. Соңғы уақытта Алатауға алып шыққан қонағымыз қалаға назар салмай-ақ қойса екен деп тұрамыз. Себебі қаламыз көк түтіннен көрінбейді», – деген сөзі еске түседі.

Алматы