Жүргізуші куәлігі сатыла ма?
Жүргізуші куәлігі сатыла ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
811
оқылды
Қазақстанда жүргізуші куәлігін сатып алу тоқтауы керек. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов былтыр осылай уәде еткен. Жауаптылар жыл сайын курсанттарға қойылатын талапты күшейтіп, емтихан тапсыруды қиындата түсті. Бірақ бұл жүргізуші куәлігінің сатылуына тоқтам болудың орнына, сол «бармақ басты, көз қысты» «қызметтің» қымбаттауына себеп болып отыр. Ал егер емтиханды жеңілдетсек ше? Онда жүргізуші куәлігі көрінгеннің қолында кетуі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдай одан да қауіпті. Автомектепке бармаған, қарапайым ережелерден бейхабар жандар да ақшасын беріп, куәлікке әп-сәтте қол жеткізіп жатқан жоқ па?

1 САҒАТТА ЖАСАП БЕРЕДІ

Жүргізуші куәлігінің бағасы әр қалада әртүрлі. 2 Гис қо­сым­шасында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталы­ғы жайлы деректерді іздеп оты­рып, орталыққа жазылған пікір­лерді көзіміз шалды. Емтихан тапсыра алмағандар мен сәтті тап­сырып шыққандар ой-пікір­лерін бөлісіпті. Арасында «көмек керек болса, жазыңыз» деп әлеу­меттік желідегі парақшаларын жазып қалдырғандар да табылды. Бір-екеуіне қоңырау шалып, «көлік жүргізуші куәлігін қалай алсам болады?» деген сұраққа тө­мендегідей жауап алдық. «Астанада 200-250 мың тең­генің шамасында. Қазір қым­бат­таған. 2019 жылы әкеме 80 мың теңгеге жасап берген. Астанада алу қиын, Алматыда 150 мың теңгеге жасатуға болады. Бірақ бас­қа қалада тұрсаң, Алматыға 1 ап­таға келу керек. Тестке кіре­сің, өз­дері өткізіп жібереді. Тест тап­сырғаныңды растау үшін каме­раға түссең болды» деген елорда­лық Жазира өзінің сенімді таны­сы барын айтып сендірді. Бас қаладағы баға басқалары­на қарағанда қымбат. Ал Шым­кентте – 130-150 мың теңге. «Ешқайда барып жүрудің қа­жеті жоқ. Ақшасын бересің, 1-2 күнде дайын болады, аз уақытта керек десең, 1-2 сағатта қолыңа ұс­татады. 2021 жылдың желтоқ­санында бір досым солай жасатып алды. Сол кезде жаңа жылдан ке­йін бағасы көтеріледі деп еді», – дейді Арман. Мұндай жоқтан бар қылатын таныстар аса сақ келеді. Тікелей өздерімен сөйлесу қиын. Араға қанша адам түсетіні, кімнің қанша алатыны белгісіз. Қолы ұзын кө­келерді табудың тағы бір амалы – Халыққа қызмет көрсету орталы­ғына барып, торуылдау. «Мұнда күн сайын жүздеген адам мемлекеттік нөмірін тіркейді, көлік жүргізу куәлігін алады. Өзіңіз тапсырсаңыз, өте алмайсыз. Сіз дайындалған сұрақтар келуі екіталай. Көлікті қанша жылдан бері айдап жүргендердің өзі сұрақ­тарға дұрыс жауап бере алмайды. Ақшаңызбен қосып ¾ суретіңізді, жеке куәлігіңізді бересіз. 220 мың теңге. 1 сағатта дайын болады», – дейді Халыққа қызмет көрсету орталығының маңайынан жо­лыққан Айбар есімді азамат. Оның айтуынша, қыркүйекте Көкшетау мен Қарағандыда 180-200 мың теңгеге бағаланса, дәл қазір – 250 мың теңге. Қостанай мен Ақмолада 1 000-нан аса жүргізуші куәлігі сатылған. Былтыр қызметін асыра пайда­ланғандар қолға түсті. Қызметкер­лер жол ережелерінің теориялық емтиханын тапсырмаған азамат­тарға сынақтан сәтті өткені туралы анықтаманы ақшаға саудалаған. Ақмола облысында емтихан қа­шықтан ұйымдастырылса, Қоста­най облысында бетперде мен кеп­ка киген бөгде адамдар өзгелер­мен бірге отырып тапсырған. Сал­дары не болды? Қостанайлық азамат жол ере­жесін өрескел бұзып, Toyota Сamry көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан автокөліктердің тас-талқаны шықты. Тексеру жұ­мыстарының нәтижесінде оның тео­риялық және практикалық ем­тихандарды тапсырмай, жүргізуші куәлігін сатып алғаны белгілі болды. Неге жұрт жол ережелерін жат­тап, емтихандарды өз күшімен тапсырмайды? Себебі қиын. Елорданың мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталы­ғында бір айда 1 989 адам жүргізуші куәлігін алуға өтініш беріп, небәрі 99-ы ғана көздегеніне қол жет­кізіпті. 1 003-і «теорияны» тапсыра алмай, 887-сі практикалық емти­ханнан сүрінген. Бұрын «теорияны» тапсыру кезінде емтихан тапсырушы тек жеке куәлігін көрсетсе, өткен жылдың желтоқсанынан бастап арнайы биометриялық жүйе оның құжаттағы бейнесі мен бет-әлпетін сәйкестендіреді. Өзгеріс енгізілмей тұрғанда сынақ тапсыруға өтініш берген 32 мыңнан аса адамның 45 пайызы оң нәтиже көрсетсе, жаңа жүйе енгізгелі 540 адамның 22 пайызы ғана сынақтан өтіпті. Сондықтан көбі уақыт жоғалтқысы келмей, ақша беріп, аз уақытта кө­лік жүргізу куәлігін алуды таң­дайды. «Рөлге отырсаң, үйреніп ке­те­сің» деген сөзге сенеді. «Ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен жү­ремін» деп, алаяқтардың да ар­бауына түсіп қалып жатқандар бар. Өткен айда ғана Алматыда жүргізуші куәлігін жасап беремін деп елді алдаған ер адам ұсталды. 25 жастағы азамат көлік жүргізу куәлігін жасай алатынына сендіре отырып, ақша алып, ізім-ғайым жоғалған. Наурызбай аудандық Полиция басқармасының хабар­лауынша, бөлімшеге бірнеше адам хабарласып, күдіктінің «жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін» деп уәде еткенін айтыпты. Ол әрқай­сы­сынан 150 мың теңге алып үлгеріпті. Ал Таразда 26 жастағы азамат бір кісіге көлік жүргізу куәлігін жыл­дам жасап беремін деп, қо­нақүйлердің біріне ақшасын алуға шақырған. Кездесу барысында қалтасындағы 80 мың теңге мен ұялы телефонын қолды еткен. Қа­зір ол кінәсін толығымен мойы­н­дады. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1 және 2-бөлігімен (Ұрлық) және Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеп-тек­серу амалдары жүргізілуде.

АВТОМЕКТЕПТЕ ОҚУ МІНДЕТТЕЛМЕЙДІ

Ішкі істер министрлігінің 2.12.2014 жылғы №862 бұйрығы 3-қосымшадағы емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәлік­терін беру қағидаларында өз бетін­ше даярланған адамдар емтихан тапсыруға жіберіледі. Автомек­тепте оқымай-ақ емтихан тапсы­руға болады. Бұрын арнайы сер­тификатсыз сынаққа кіргізіл­мейтін. Қазір автомектептерге бара қоймайды. Қазақстанда күніне 10 адам жол апатынан қайтыс болып жатыр. Көліктердің 80 пайызы – ескі. Жол сапасы белгілі. Мұндай ереже Жапония, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерде бар. Екіншіден, барлық дамыған ел­дерде теориялық емтихан бо­йынша сұрақтар саны 20-25 сұрақ­тан аспайды, көршілес Өзбек­станда барлығы 10 сұрақ және заң­ды мәселелерге қатысты сұрақ­тар жоқ. (ЖҚЕ бұзылған кездегі айыппұлдар, жазалар). Ал бізде 40 сұрақ және оған 40 минут беріледі. 1 сұраққа 1 минуттан есептелінген. Ресейде 20 сұрақ, ол үшін 30 минут уақыт беріледі. Германия, АҚШ- та 20 сұрақтан. Бізде 40 сұрақ­тың бесеуі міндетті түрде айып­пұлдар мөлшері мен жазаға қатыс­ты келеді. Оған заңгер мамандығын оқып жүргендердің өздері жауап беруге қиналады. Қазақстан Жүргізушілер одағы Жамбыл облыстық филиал төраға­сы Амантай Досмаханбетұлы «ем­тихан сұрақтары қолжетімді болуға тиіс» деп, бұл саладағы тағы бір түйткілді атады. «Қазір әр облыс орталығында бір мамандандырылған ХҚО бар. Әрқайсысында бір-бір автодром бар. Қарағандыда автодром болса, азаматтар Балқаштан, Жезқазған­нан сол жерге барады. 300-400 шақырым артқа тастап, Мерке, Қордайдан Тараздағы автодромға сабылуға мәжбүр. Теория бойынша емтиханды өз өңірінде тапсырса, практика бойынша облысқа бара­ды. Халық ашынып отыр. Бір бар­ғаннан тесті тапсыра алмайды. Бір­неше рет барып, шығынға бата­ды. Тағы бір мәселе, 6 айдан бері теориялық емтиханды аудан­дардан алып тастады. Аймақта­ғылар екі емтиханды да тапсыру үшін облысқа барып жүр. Ел мұн­дайда не істейді? Әрі жүріп, ақша құртқанша, бір рет ақша беріп, ала салған жөн дейді», – деді ол. Енді автодромға келейік. Бұл жерде 10 жыл көлік мініп жүрген адам басқаның көлігіне отырса, 1-2 шақырым жол жүргеннен кейін ғана сол көлікке бойы үйренеді. Өйткені өз көлігіне ұқсамайды. Үйренісу керек. Оқығаны болмаса, көлік жүргізіп көрмеген адамды автодромға жібереді, ол әрине қа­телеседі. Әлем елдерінде практика бойынша қандай автомобиль мо­делінде үйрендіңіз, сол көлікке оты­рып, емтихан тапсырады. Біз­де­гідей автодром Ресейде болған. 2020 жылдан бастап оны алып тастады. Көрші елде практика бойынша емтиханды жол үстінде нұсқаушы мен жол полициясының бақылауымен тапсырады. Жалпы, жүргізуші куәлігіне ем­тихан тапсыру тәртібі қандай? – Автомектепте көлік жүргізуді үйрену, жол ережелерін жаттау. – Қажетті құжаттар: жеке куә­лік, 073 үлгісіндегі медициналық анықтама, автокурстан өткені ту­ралы куәлік («B» санаты үшін мін­детті емес), мемлекеттік баж салы­ғын төлегені туралы түбіртек. Мем­лекеттік баж мөлшері – 1,25 АЕК. – Теориялық емтихан. 40 ми­нут ішінде 40 сұраққа жауап беру керек. 32-сіне дұрыс жауап берілсе, емтиханнан өткен болып саналады. – Көлік жүргізу бойынша прак­тикалық емтихан. 20 минут ішін­де автодромда 12 жаттығу ма­невр жасау керек. – Екі емтиханды сәтті тапсыр­ған жағдайда жүргізуші куәлігі мамандандырылған ХҚО-да екі сағат ішінде беріледі.

БҰДАН ӨТУ МҮМКІН БЕ?

Елордалық Нұртас Қиясов 14 қаңтарда емтиханды екінші рет тапсырып, жүргізуші куәлігіне қол жеткізіпті. Бірінші рет сүрінгенде ақшаға жасап беретін таныс іздеп кеткенін жасырмады. Алайда тапқан адамдары тексеріс жүріп жатқанын айтып, «күте тұр» депті. Кейін мамандардан сабақ алып, өз күшімен тапсырып шыққан. «Автотұрақ жағынан қиын болды. Өйткені бос орын жоқ. Өте тар. Арнайы сызыққа өтіп кетпеу керек. Бірінші автотұрақта ба­рынша мұқият болсам да, белгі­лен­ген сызықты басып кеттім. Со­ны­мен қатар қар басып қалған, әлгі сызық тіпті көрінбейтінін айт­қандар көп болды. Мен барғанда қар жоқ еді. 90 градусқа бұрылыс жасау да қиын. Сол тұста тағы бір ескерту алдым. 90 ұпай алдым, егер тағы 10 ұпай қосқанда, мен екінші рет сынақтан сүрінер едім. Таңғы 7-де баруым да пайдасын тигізген болар. 7-де кезекке тұрдым, 11-де тапсырдым», – дейді ол. Елімізде әр үш сағат сайын жол-көлік апатынан 1 адам қайтыс болатынын ескерсек, бұл – бүгіннің өзекті мәселесі. Қоғамда жүргізуші куәлігінің сатылатынын бәрі мойындайды. Иә, ақша жүр­гізуші куәлігін сатып алған адам мен сатқан адамның мәселесін шешер. Бірақ оның арты қанша адамның өліміне ұласып, қанша отбасы қара жамылуы мүмкін. Дегенмен неге көпшілік жүргізуші куәлігін ақша беріп істеткісі келеді деген сұрақтың да астарына үңілу керек сияқты. Автомектепке білім алудың міндеттелмеуі, емтиханда кездесетін сұрақтардың қолже­тім­сіздігі, жалпы сұрақтардың көптігі мен оған берілетін уақыттың аз­дығы жең ұшынан жалғасқан жем­қорлыққа түрткі болып отыр.