Қауіпті қоқыс – табысты бизнеске айналмасын!
Қауіпті қоқыс – табысты бизнеске айналмасын!
© коллаж: Әсел Балтақызы
733
оқылды
Пандемия құшағындағы соңғы 2 жыл адамзатқа денсаулықтың зор байлық екенін іс жүзінде дәлелдеді. Сын сағатында біздегі дерттің алдын алу, емдеу, сауықтыру ісінің «жүйкесі» сыр берді. Сонда да болса көпшілік бетперде тағып, вакцина салдырып, қауіпті вирусқа қарсы қарекет қылып жатты. Есесіне пайдаланылған бетперделер мен вакцинадан босаған құтылар медициналық қалдықтарды талапқа сай залалсыздандыру мәселесін күн тәртібіне шығарды. Пандемия «қоқысына» қарсы күресті бүгінде әлем елдері коро­навирус инфекциясының тара­луына тойтарыс берумен тең дә­режеде қарастырады. Сондықтан өзгелер бейберекет шашылған бетперделер мен бірге вакцинадан босаған құтыларды талапқа сай жою ісін мықтап қолға алды. Олай болатын жөні де бар. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың қара­шасы аралығында әлемде 87 мың тонна жеке қорғаныш құралы пайдаланылды деген дерек та­ратты. Оған қоса ұйым пандемияға дейін әлемдегі медициналық ме­кемелердің 30 пайызында қал­дық­ты өңдеуге арналған қон­дыр­ғы болмағанына назар аударды.

Қатер қайдан демеңіз?

Осылайша, пандемия «қоқы­сымен» бірге өзге медициналық қалдықтарды залалсыздандыру мәселесі де өзекті бола түсті. Ал оны шешуде әркім өзінше әрекет етіп жатыр. Дегенмен меди­ци­на­лық қалдықты залалсызданды­рудағы қателіктің салдары адамзат үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Оның қоршаған ортаға зардабы өз алды­на бөлек әңгіме. Мамандар әдетте мұндай қалдықтарды дұ­рыс өңде­меу инфекцияның қайта өршуіне себеп болатынын айтады. Демек, сан түрлі дерттің дауасы табылып жатқан денсаулық сақтау ұйымда­рынан шыққан қоқыстың қаупі жоғары. Өкініштісі, сол, бізде ме­дициналық қалдықты залалсыз­дан­дыру ісіне салалық ведом­стволар тарапынан тиісті көңіл бөлінбей-ақ келеді. Тіпті, қауіпті қоқысты кәдімгі қалдық полиго­нына, тыйым салынған жерлерге төгіп кету фактісі көп кез­деседі. Сарапшылар меди­ци­налық қал­дықты залалсыздан­дыруға жа­уапты мекемелердің өз ісіне жүр­дім-бардым қарауының басты себебі ретінде оларға қо­йылатын бірыңғай талаптың жо­ғын атайды. Яғни, емхана, ауру­ханалардан шыққан қалдықты әр мекеме, нақтырақ айтқанда кә­сіпкер өз білгенінше залалсыз­дандырады. Салада мұндай олқылықтың бар екенін Денсаулық сақтау, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мойындап отыр. Заң бойынша қызметтің бұл түрі арнаулы лицензиясыз-ақ көрсетіле береді. Демек, біздегі медициналық залалсызданды­румен кім көрінген айналысады. Осыдан соң қандай сапа күтуге болады? Ал салалық министрлік қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша бастама көтерген жоқ. Былай қарасаң медициналық залалсыздандыру қолында бірер арнаулы қондырғысы бар кез келген кәсіпкер айналыса беретін табысты бизнес сияқты. Алайда бұл жұмыстардың талапқа сай жүргізілмеуі экологиялық, эпи­демиялық қауіп төндіретінін ұмыт­пау керек, – дейді Мәжіліс де­путаты Дүйсенбай Тұрғанов. Шынында, қоршаған ортаға, адамзатқа медициналық қалдық­тан келетін қауіп көп. Сала ма­ман­дары да денсаулық сақтау мекемелерінен шыққан қоқыстың 15 пайызы зиянды болатынын растайды. Мәселен, Ресейде 2000 жыл­дың басында сақтау мерзімі аяқ­талған шешек ауруына қарсы вак­цинаны жоюға сала мамандары немкетті қарап, оны ауладағы қоқыс жәшігіне тастай салған. Осы бір салғырттық кесірінен әлгі вакцина салынған құтылармен ойнаған 6 бала от басып қала жаз­дады. 6 баланы былай қойғанда, дер кезінде алдын алмағанда құтыдағы кесел тұтас бір ауданды шарпуы да мүмкін еді. Бұған ұқсас жағдай Бразилияда да болған. Өкініштісі сол Д сыныпты меди­циналық қалдықты залалсыз­дан­дыру ережесінің сақталмауынан 4 адам қайтыс болды. Тағы 28 адам радиациялық күйік алған. Сол секілді әр жылдары Мексика мен Марокода, Алжирде де қауіпті қалдық қарапайым адамдардың өміріне қатер төндірген екен.

Қалдықты қалай өңдейді?

Еліміздегі бұл бағыттағы жұ­мыстар «ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» заңына сай жүргізіледі. Аталған заңда медициналық қалдықтардың қауіптілік дәрежесі бойынша 5 сыныпқа жіктелетіні көрсетілген. Атап айтқанда, А сыныбына тұрмыстық қатты қал­дықтарға сияқты қауіпті емес ме­дициналық қалдықтар жатқы­зылған. Сол секілді Б, В, Г, Д сы­ныпты қалдықтар қауіпті сана­лады. Сәйкесінше, оларды залал­сыздандыру да осы қауіптілік дең­гейіне сай жүргізіледі. Жаңа­дан қабылданған Экология ко­дексі де медициналық қалдықтар­ды залалсыздандыруда қоршаған ортаға зиян келтірмеуді талап етеді. Нұр-Сұлтан қалалық Са­ни­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің бөлім бас­шы­сы Чо-Зо-И Алексан­драның мә­лі­метінше, талап бойынша ме­ди­ци­налық қалдықты залалсыз­дандыру жұмыстары денсаулық сақтау ме­кемелерінде басталуы керек. Медициналық мекемеде қо­қысты сыныбына қарай сұрыптап, оны арнаулы ыдыстарға салады. Мәселен, А сыныбындағы қалдық ақ түсті қаптамаға, Б сыныпты қал­дық сары қаптамаға, В сынып­ты қалдық қызыл қаптамаға, ал Г сыныпты қалдық ақ қаптамаға салынады. Б және В сыныптағы меди­циналық қалдықтар арнайы пеш­терде жоғары температурада өр­те­леді. Б санатты сұйық қалдықты залалсыздандырылған соң кана­лизациямен ағызып жібереді. Ал ота кезінде шығарылатын био­логиялық қалдықтар арнайы ыдыс­қа салынып, патологоа­на­томиялық бюроға жеткізіледі. Онда тиісті сараптама жүргізілген соң биологиялық «қоқыс» қа­лалық зиратқа жерленеді, – дейді Чо-Зо-И Александра.

Улы жалын

Алайда бұл жұмыстарға жа­уапты мекемелер заң талаптарына атүсті қарайтын секілді. Сөзімізге дәлел жаңа жылдың алдында ғана Атырау қаласындағы «Атамекен Эко» қоғамдық қорының экобел­сенділері залалсыздандыру жұ­мыстарындағы талапты көз ілме­ген мекемені әшкереледі. Қор төрағасы Арман Хайруллиннің айтуынша, экобелсенділер қала­ны жайлаған жағымсыз иістен күдіктеніп, күмән туғызған ны­санды торуылдаған. Күдігіміз бекер емес екен. Қор­шалған нысанға амалын та­уып кіргенімізде онда медицина­лық қалдықтардың өртелгеніне көз жеткіздік. Нысандағы қыз­меткер де басшылардың қас қарая қалдықтарды өртеуге бұйрық бергенін растады. Мұнда медициналық мекеме­лерден шыққан қоқыстар инфек­циялық, онкологиялық ауруха­налардан, ЖИТС орталығынан жеткізілген. Сонымен бірге COVID-19-ды анықтауға арналған тестілер, қаны бар шприцтер де болды. Жұқпалы аурулардан өл­ген иттердің де өлексесінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Олар да кешкісін өртелген. Негізінен медициналық, вете­ринарлық қалдықтар ауа темпе­ратурасы +1000, +20000С-қа жететін арнайы пештерде өртелуі керек. Ал біз болған мекемеде бұл талап сақталмаған, – дейді Арман Хайруллин. Осы бір фактінің өзінен біздегі медициналық қалдықтарды за­лалсыздандыру ісінің заңға қай­шы тұсы көп екенін байқайсың. Қызмет ұсынушыларға қойы­латын нақты талап болмаған соң олар да қоқыстан мейлінше көп ақша табуды мақсат ететіні түсі­нікті. Сәйкесінше мұнда жер­гілікті тұрғындардың саулығы, қор­шаған ортаның ластанбауы сынды фактілер назардан тыс қалатыны да белгілі жайт. Cоңғы жылдары медициналық қалдықтарды залалсыздандыру ісінде қордаланған көп мәселенің шешімін крематорий салумен ше­шуді ұсынатын бастамалар кө­бейді. Әсіресе, коронавирус ин­фек­циясының алғашқы құрбан­дары о дүниеге аттанған сәтте мәйітті өртеу орнының қажеттілігі айтыла бастады. Мәйітті өртеуден бөлек, отадан кейінгі биология­лық, ветеринарлық, медициналық қалдықтарды жою қызметін қоса ұсынатын мекеменің тиімділігі уақыт өте дәлелденер. Десе де, денсаулық сақтау мекемелерінен шыққан қауіпті қоқысты залал­сыздандырудағы мәселе крема­торийдің пайдалануға берілуімен түбегейлі шешіледі деуге болмас. Мұнда жоғарыда айтылғандай, кім көрінгеннің бірер құралымен медициналық қалдықтарды за­лал­сыздандыру қызметін ұсынып, табыс табатындарға тосқауыл болмай, істің алға басуы екіталай.