«Сапасыз үйлер сериясы» қашанға дейін жалғасады?
«Сапасыз үйлер сериясы» қашанға дейін жалғасады?
444
оқылды
Өскеменде жаңадан салынған үйлердің жыры бітер емес. Бірінің қабыр­ғасы жарылса, енді басқасының сыртқы қаптамалары қақырап, ортасынан қақ айырылып, тағы бірінің төбесі ойылып, су ағып, тұрғын­дар­дың әбден берекесін кетіріп отыр.

«Банкротқа ұшырағыш» мердігерлер

Қаланың жаңа ықшамауданы саналатын 19-ықшамаудандағы әл-Фараби даңғылындағы үйлердің бірінің төбесіндегі құбыр істен шығып, бірнеше пәтерге су кірді. «3 ақпан күні таңғы сағат 5-те шатырдағы ыстық судың құбыры жарылып, төбе тесіліп, төмендегі пәтерлерге су аққан. Бұл үйде менің сіңлім алты жасар ауыратын баласымен бірге тұрады. Аутизммен сырқаттанған баласын жалғыз өзі қарайды. Пәтерінің ішіне су жайылып, баспанасыз қалды. Комиссия келіп, көріп «шығынды есептеп, сотқа беріңдер» деп кетті. Үйін су алған сіңлім сотқа бара ма, науқас баласын қарай ма?», – дейді Эльвираның әпкесі Дамира Сәрсембаева. Эльвира әйгілі ғалым есімін иеленген даңғылдағы үйден үш жыл бұрын ипотекаға пәтер алған көрінеді. Ай сайын 60 мыңнан алты жыл төлеуі керек. «Бұл үйге «Өрлеу» ЖК (жеке кәсіпкерлігі) қызмет көрсетеді. 1 ақпанда осы үйдің тұрғындарының бірінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты суық және ыстық суды өшіру жөнінде өтінім түскен. Алайда тиісті жұмыс істелген соң жертөледегі судың краны ашылып, төбедегісі ашылмай қалыпты. Салдарынан 25, 20, 15 және 10 пәтерлерді су басқан. Оқиға орнында болып, акт толтырдық» делінген осы жағдайға байланысты түсініктеме берген Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі таратқан ақпаратта. Соңғы жылдары осындай жағдайдың тым жиілеп, «банкротқа ұшырағыш» мердігерлердің көбеюі тұрғындарды алаңдатып отыр. Өткен жылғы статистикаға көз жүгіртіп көрелік. Былтыр сәуір айында «Нұрлы жол» бағдарламасымен «Қазақ­стан­дық ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек Девелопмент» АҚ мұрындық болуымен бой көтерген Бауыржан Мо­мыш­ұлы көшесіндегі 9 қабатты үйдің қа­бырғасы түн ішінде ажырап кетіп, тұр­ғындарды бір шошытты. Бұл үйдің қабырғасындағы қаптама 2020 жылдың желтоқсан айында және 2021 жылдың қыркүйек айында тағы да ойылып кеткен болатын. «Үйге кіргеннен проблемадан көз ашпадық. Мұншама жауапсыз болуға бола ма? Қаншама адамның обалына қалып отыр. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз жоқ. Үйді салған мердігердің басшысын таба алмадық. Сөйтсек, ол банкрот болыпты. Техникалық қадағалауды «AD Строй Групп» жасау керек болған. Олар бірде-бір бетке қол қоймаған көрінеді» деп мұң шаққан еді сол кезде осы үйдің тұрғыны Бақытбек Әміренов. 2021 жылдың тамыз айында шаһардың 19-ықшамауданындағы Есенберлин көшесінің бойында орналасқан 31/2 үйдің қабырғасында да жарық пайда болды. Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынған 5 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың соңында пайдалануға беріл­ген. Ал былтыр қараша айында Өскеменде қатты дауыл тұрып, жаңбыр жауғанда осы ықшамаудандағы қазақтың белгілі батыры мен танымал жазушысының есімін иеленген көшелердегі жаңа үйлер тағы да сыр берді. Ілияс Есенберлин мен Көкжал Барақ көшесіндегі екі үйдің қабырғасындағы қаптама екпінді желге шыдамады. «Білуімше, бұл үй Samruk-Kazuna construction АҚ-ның бастамасымен салынған. Барлық проблема 2018 жылы басталды. Үйіміздің қабырғасы қаптал­маған­дықтан, жаңбыр жауғанда суланатын болды. Содан мердігерге әке-көкелеп жүріп, сайдинг шегелеттік. Олар қабырға мен сайдингтің арасына ештеңе салмай жай ғана шегелей салды. Шегелегенде біздің үйдің сол жақ қапталын ғана қымтағандай болды. Оң жағы әлі қаптаусыз тұр. Қаптамасын бастап, жартылай тастап кеткен үйлер де бар жанымызда. Жуықта түнде үдете соққан қатты жел біздің үйдің сайдингінің жұлма-жұлмасын шығарды. Бұл жерде тоғыз үй бар. Негізі, талап бойынша барлығының сырты қапталуы керек екен. Бірақ сол талап орындалмай тұр. Біздің үйді салған «Техно груп» компаниясы банкрот болған ба, атын өзгерткен бе? Әйтеуір, сайда саны, құмда ізі жоқ. Таба алмай жүрміз» деген болатын сол кезде айдың-күннің аманында қап­тамасы қақ айырылған Есенберлин көше­сіндегі 23/2 үйдің тұрғыны Жанар Нұғы­манова.

Бюджеттен қаражаттың бөлінгені дұрыс па?

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, қырсық шалғанда сапасыз салынған үйлердің мердігерлері де жауапсыз һәм «банкротқа ұшырағыш» келеді екен. Әлде әуелден осылай жоспарлай ма екен?! Амалы таусылған тұрғындар сенген мердігердің орнын сипап қалған соң қайда шағымданады? Әрине, әкімдікке. Тұрғын­дар жиі-жиі шағымдана берген соң облыс әкімі былтыр жыл соңында Бауыржан Момышұлы көшесіндегі сапасыз салынған үйдің жағдайын зерттеп-зерделеу үшін арнайы комиссия құрылғанын айтып: «Арнайы комиссия сметаны қайта есептеп, шешімін шығарды. Барлық құрылыс кемшіліктерін жою үшін 280 млн теңге қажет екен. Егер жыл соңына дейін компания өкілдері мәселені шешпесе, онда мен компанияны сотқа беруді тапсырдым. Өйткені мәселе заң негізінде шешілуі керек. Өз тарапымнан көппәтерлі үйдің тұрғын­дарына бюджеттен барлық кемшіліктерді жоюға қажетті соманы бөліп, барлық жағдаймен қамтамасыз ететінімізге сендіргім келеді. Тұрғындардың басым бөлігі үйлерін несиеге алған, сондықтан оның сапасынан зардап шекпеу керек» деп жаз­ған болатын 9 желтоқсанда Facebook парақшасында. Мұны бір деңіз. Екіншіден, биыл қаңтар айында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бұған дейін тұрғындардың мазасын қашырған Қазыбек би даңғылындағы 7/4, 7/1 және 5/1 үйлердің қасбетіндегі сай­динг­­тердің шаһар бюджеті есебінен жаңар­тылып, ауыстырылатынын айтқан еді. «Үйдің кепілдік қызмет көрсету уақыты өтіп кеткен, ал өз қаражатына қаптаманы ауыс­тыруды тұрғындардың қалтасы көтер­мейді. Осыны ескере отырып, қалалық бюджеттен қаржы бөлінді» деп түсіндірген еді мұны қала әкімі.

Тәжірибелі құрылысшы не дейді?

Осы дұрыс па? Жөндеу жұмыстарына бюджет қаражатын жұмсау қаншалықты қисынды? «Банкротқа ұшырадым» деп тұрғындарды сазға отырғызып кеткен мердігерлер жауапқа тартылмай ма? Бұл сұрақтарды құрылыс саласында 40 жылдан астам жұмыс істеген, бригадир, учаске бастығы секілді қызметтерді атқарған, облыс аумағында 8 мектеп, басқа да нысандарды салуға атсалысқан «Қазақстан­ның құрметті құрылысшысы» Алтынбек Жәкебаевқа қойдық. «Негізі, дұрыс емес. Бұл енді екі жұмыс. Бюджет қаражатын босқа шығындау. Бір жағынан мұны әкімдіктің өздері жіберген қателікті жуып-шаюы деп түсінуге болады. Себебі олар бұл нысанды өздері қол қойып, қабылдап алған. Демек, олар да жауапты. Ал мердігер компанияның кепілдік мерзімі біткен. «Іс бітті, қу кетті» деген тәжірибелі құрылысшы өзінің бірнеше ұсынысын айтты. «Қойшы көп болса, қой арам өледі». Байырғы құрылысшының пайымынша, бұрынғы «подрядный способ», яғни мердігерлік әдісті қалпына келтіру керек. Бұл дегеніміз – бір нысанды бір ғана бригада­ның салып шығуы. Бригада құрамында тас қалаушы, дәнекерлеуші, сантехник, электрик, яғни құрылысқа қатысты барлық мамандық иелері болуы қажет. «Ең бастысы, құрылыс басындағы адамдар, құрылыс­шыларды басқаратын бригадир сауатты болуы керек. Жұмыс істейтін жерде жұ­мыс­шыларға арналған, таңертең бас қо­сып, алдағы жұмыс барысын ақыл­дасатын, түсіндіретін уақытша ғимараттың болғаны ләзім. Сонда ғана сапа болады. Осындай дүниелерге ұсақ-түйек деп көбіне мән бермейміз», – дейді Алтынбек Жәкебаев. Екінші, техникалық қадағалау қызметі мен тапсырыс берушінің жауапкершілігі. Техникалық қадағалау қызметінің мамандары нысанда құрылыс басталған кезден соңына дейін жүріп, құрылыстың жобаға, сметаға сәйкес жүргізіліп жатқанын жиі тексеріп отыруы керек. «Негізгі жауапкершілік – соларда. Олар тапсырыс берушімен тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Кемшілік дер кезінде жөнделіп, ретке келтірілсе, кейін қабырға жарылу, төбеден су ағу секілді мәселелер болмас еді. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, өрт сөндіру қызметтерінен, әкімдік өкіл­дерінен құралған, нысанды қабылдап ала­тын комиссияның жұмысы да өте жауапты. Бір сөзбен айтқанда, үйді салған қарапайым құрылысшыдан нысанға қол қоятын комиссия мүшелерінің әрқайсысы үлкен жауапкершілікті сезінуі керек. Бұлай болмаса, «сапасыз үйлер сериясы» жалғаса береді», – дейді байырғы құрылысшы.

Шығыс Қазақстан облысы