Ақмолада тегін берілетін дәрі тапшы
Ақмолада тегін берілетін дәрі тапшы
326
оқылды
Созылмалы аурулардан зардап шегіп, жылдар бойы дәрігерлердің тізімінде тұрғандар қатары, өкінішке қарай күн санап өсіп барады. Сөйте тұра,науқастарға мемлекеттен арнайы берілетін тегін дәрілерді ала алмай жүргендер көп. Мұндай деректер Ақмола облысында тіркеліп жатыр. Шағымын құзыретті органдарға талай рет айтқанымен, олардың жанайқайын естір құлақ әзірге табылмай тұр. Керісінше, шенділер тегін дәрілердің жеткілікті екеніне еш күмәнданбайды. Тіпті, жақында Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы өңірде тегін дәрілердің тапшы­лығы жоқ екенін жария етті. Ал бұл уәжбен қымбат дәрілерге мұқтаж науқас жан­дардың келіскісі жоқ.

Президент жүктеген тапсырма неге орындалмайды?

Бұл мәселе – ел ішінде көптен бері  айтылып, жауыр болған тақырып. Тіпті, тегін дәрілердің өңірлерде уақытында жеткізілмеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетіп, сала министрліктері мен ведомстволарына аталған жағдай­дың ашық болуы үшін цифрландырудың қажеттілігін шегелеп тапсырған. Президент саладағы цифрлан­дырудың әрбір науқас өзіне қажетті қандай тегін дәрі-дәрмекке тапсырыс бергенін біліп, оны алғанын онлайн түрде растауға мүмкіндік беретінін мәлімдеген. Әрі бұл салада да  жемқорлардың азаймай отыр­ғанын ашық айтты. Бас прокуратураға олар­ды дереу тауып, жең ұшынан жалғас­қан көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою қадап тапсырылған. Бұған қоса, Мемлекет басшысы дистрибьютерлер мен импорт­шылардың әрекет­теріндегі өзара келісім белгілері мен баға­ны реттеуге назар аудару қажет екенін айт­қан. Денсаулық сақтау министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне мәселені реттеуді, Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп барлық ден­саулық сақтау ұйымына түгендеу жүргізуді тапсырған. Алайда жергілікті жерлерде мәселе түзелудің орнына, керісінше ушыққан үстіне ушыға түскен. Жаны мен тәні үшін ашынған жұрт жанайқайын ешкімнің елемегеніне налиды. Бүгінде Мемлекет басшысының айтқан сынының өзіне жылдан асып барады. Дегенмен өңірлердегі жағдай еш өзгермеген сыңайлы. Өзге аймақта қайдам, Ақмола  облысында солай сияқты.

Тегін дәрілерге  бөлінген миллиардтар қайда кетеді?

Ақмола облысы Денсаулық сақтау бас­қармасының дәрілік бөлім басшысы Саят Толықбаевтың айтуынша, облыста  былтыр тегін дәрілермен бұрнағы жылдардан 7 пайызға артық науқас қамтамасыз етіл­ген. Нәтижесінде, тегін дәрі-дәрмекпен қам­туға қатысты арыз-шағым саны бұ­рынғыға қарағанда 1,5 есеге дейін азайыпты-мыс. Мәселен, 2020 жылы амбула­торлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде тегін дәрі-дәрмек берілетін сырқат түрі 48-ден 140-қа дейін кеңейтіліп, бұл 2019 жылмен салыстырғанда үш есеге дейін ұлғайған. Сөйтіп, тегін дәрілердің тізімі 280-нен 620-ға дейін көбейіпті деген дерек алдық. «Елдегі коронавирус пандемиясына байланысты тегін дәрі-дәрмек препарат­тарының тізіміне қосымша тағы бес дәрі мен антикоагулянттардың үш атауы қо­сыл­ды. Аталған аурулар бойынша дәрі-дәрмек толығымен жеткілікті. Биыл жалпы 6,8 миллиард теңге сомасына 885 түрлі тегін дәрі жеткізілді. Былтырғы қоры­тындыларды  2020 жылғымен салыс­тыр­ғанда 21 пайызға көбірек. Жалпы, өткен жылы тегін дәрі-дәрмекпен 170 мың нау­қас қамтамасыз етілді. Бұл да өткен 2020 жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары болып тұр. Осындай нәтижелердің арқасында дәрі-дәрмекпен қамту мәселе­лері бойынша арыз-шағым 1,5 есеге дейін азайды», – деп атап өтті Саят Толықбаев.

Дәрі жоқ, қоңырау шалып тұрыңыз...

Ал ауыр науқасына байланысты дәрі­герлердің тізіміне кіргендер тегін дәрілерді айлап, тіпті жылдап ала алмай жүргенін жеткізді. Дәрігерлер жазып берген рецепті сол күйі жарамсыз болып қалған. «Барлық тапқан-таянғанымыз дәрі-дәрмекке кетеді. Жылдар бойы тегін дәрілерді уақытында ала алмай келеміз. Мәселен, өткен жылы барлық тегін дәрі-дәрмектерімді ала алмадым. Барсаң, емхана ішіндегі дәріханадағылар «дәрі жоқ, қоңырау шалып тұрыңыз», – деп шығарып салады. Учаскелік дәрігерлер жазып берген толық бір бума рецептіміз құр босқа жарамсыз болып қалды. Карантинде жатқан­дықтан, қаңтар айына барып ала алмадым. Енді ақпан айына жазғызып алып едім. Алайда тегін дәрі тағы да болмай шықты. Амалсыз дәріханалардан 5 600 теңгеге аторис, альдерон, амиодорон дәрілерін сатып алуға мәжбүр болдым. Ал бізге  күйеуім екеуіміз үшін де дәрі үнемі керек», – дейді Алла Ермолович. Демікпе дертіне шалдыққандар да баға­сы удай қымбат дәрі-дәрмекті қолына жет­кізе алмай жүргенін айтып шағым­данды. «Менің демікпемен ауырғаныма біршама уақыт болды. Жаным қысылған кезде тынысымды ашу үшін аэрозоль, серитит дәрілерін тегін ала алмаймын. Қашан сұрасам да, ешқашан болмайды.  Ылғи сатып алуға мәжбүр боламын. Ал оның бәрі бізге тегін берілуі тиіс. Тегін дәрілер беретін емханадағылар түскен дәрілердің жетіспейтінін айтады. Ал менің дәрім ша­ма­мен 10 мың теңге тұрады.  Үнемі осылай қиналуға мәжбүрмін. Бәрі бар деп қалай жалған айтады?», – дейді Көкшетау қала­сының тұрғыны Мәнсия Қалимова. Тегін дәрі-дәрмектерін ала алмай қиналғандар жоғары жақтан еш нәтиже болмаған соң мәселені әлеуметтік желілерге де жаза бастаған. Айтуларынша, негізінен бағасы қымбат дәрі-дәрмектер дәрі­хана­ларда ешуақытта табылмайды. Көп­шіліктің ойында «тегін дәрі-дәрмек  біреу­лердің  көлеңкелі бизнесіне айналып кетті ме» деген күдік басым.

Тегін дәрілерді «бизнеске айналдырғандар» көп...

Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасының өңірде қаншалықты орындалғанын білу мақсатында Ақмола облысының прокуратурасына ресми хат жөнелттік. Жауап бірнеше күннен соң әзер жетті. Прокуратура органдары да өңірде тегін дәрілерден «бизнес» жасап жүрген­дердің баршылық екенін мойындады. Тіп­ті, тегін дәрілерді алғандардың қатарында емханаларда диспансерлік есепте тұрмай­тын, ел аумағынан әлдеқашан көшіп кеткен адамдар да болыпты... «Былтыр облыс прокуратурасы  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халықтың дәрілік заттармен уақытылы қамтамасыз етілуіне талдау жүргізді. Жүргізілген талдау барысында дәрілік  заттардың қажетті мөлшерін дұрыс жоспарламау және  қажетті көлемді төмендетіп көрсету, дәрілік заттардың шекті бағасын көтеру фактілері анықталды. Бұдан басқа диспансерлік есепте тұрмай­тын, Қазақстан аумағынан тыс жерлерге кеткен адамдарға дәрілік заттар беру, тегін дәрілік зат бола тұра (оның ішінде COVID-19-дан да) науқас адамдарды қамтамасыз етпеу фактілері анықталды. Облыс прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесі бо­йын­ша, уәкілетті органға 18 қадағалау ак­тісі енгізілді. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының 46 қызметкері тәр­тіп­тік жауапкершілікке, 2 қызметкер әкім­шілік жауапкершілікке тартылды», – делінген Ақмола облыстық прокуратурасы­ның аппарат басшысы Ержан Жандосов қол қойған ресми жауапта.

P.S.

Қалай десек те,  жылдар бойы қор­далан­ған түйінді мәселе әлі де болса басы ашық күйде қалып тұр. Бұл орайда тиісті министрліктер мен облыстық ведомстволар Президент жүктеген міндеттерді бұлжытпай орын­даса ғана жең ұшынан жалғасқан жемқор­лықтың тамырына балта шабылып, түйт­кілдің шешімі табыла ма деп ойлайсың...

Ақмола облысы