Ұстаз атына кір келтірді
Ұстаз атына кір келтірді
531
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының мектептері мен ұстаздарына қатысты бірқатар былық-шылықтың беті ашылды. Мас күйінде көлік жүргізген немесе қоғамдық орындарда жүрген, сау күнінде де бір-бірімен шартпа-шұрт төбелескен, еден жуушыға қол көтерген, ата-аналармен сөзге келіп, себепсіз жұмысқа келмей қалған мұғалімдер бар. Қоғамдық орындарда лайықсыз мінез-құлық танытып, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылғандары да жетерлік. Ең көбі академиялық адалдықты сақтамағаны үшін жазалы болды, яғни тест тапсыру кезінде жауаптарын көшіріп отырғанын жасырмақ болған. «Мектептің жүрегі» саналатын мұғалім балалардың бойына ізгілік пен мейірім шуағын сіңіріп, сапалы білім мен тәрбие берумен айналысса керек-ті. Алайда «бір құмалақ бір қарын майды шірі­тетіні» секілді әртүрлі жағымсыз қылықтары үшін жауапкершілікке тартылған педагогтер «Ұстаз» де­ген ұлы есімнің беделіне нұқсан келтіріп отыр. Олардың істері жуырда құ­рылған педагогикалық әдеп және білім беру ұйымдары педагогтері­нің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша консультативтік-кеңес­ші органдарда қаралған. Бұл ор­ганға былтыр мұғалімдердің тәр­тібіне қатысты 160 шағым келіп тү­сіпті! Өткен жыл қорытын­дысы бойынша 20 мұғалімге ес­керту, 23-іне сөгіс, 14-іне қатаң сө­гіс жарияланған. Олардың ба­сым бөлігі академиялық адал­дықты сақтамағаны үшін тәртіптік жауап­кершілікке тартылған. Түсі­нікті тілмен айтқанда, тест тап­сыр­ған кезде «шпаргалка» не ұялы теле­фонын қолданып, ұятқа қа­лып отыр. Бұрындары оларға тек тәртіптік жаза қолданылса, енді бұйрыққа енгізілген өзгерістерге сәйкес академиялық адалдықты сақтамаған ұстаздар 5 жылға са­натын жоғарылату құқығынан айы­рылады, тіпті санаты төмен­детілетін болыпты. «Бұл – мәжбүрлі шара. Оны қолдан­байынша, мұғалімдер көшіруін тоқтатар емес. Мұғалімдердің тәртіпбұзушылықтары туралы айтудың өзі ұят. Негізінен академия­лық адалдықты сақтамаған деп жалпылаймыз. Ал шын мәнінде неше түрлі тәртіп­бұзу­шылықтар бар. Мұғалім ерекше мамандық иесі болғандықтан, айтуға да ауыз бармайды. Тіпті, олардың тәртібін қарайтын органның құры­лғанының өзі ұят. Мұғалімдердің ең­бек­ақысын жыл сайын көтеріп жатыр, мәр­тебесі жоғарылады, заң бар. Енді со­ған лайық болуы керек қой. Сондықтан қатаң шара қолдану қажет», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова. Тест тапсыра алмаған мұғалімдерге тағы бір рет тегін, одан соң ақылы түрде қайта тапсыруға рұқсат. Сондықтан оқушылар кө­шірсе, ұрысатын ұстаздардың «шпар­галкасыз-ақ» тест тапсыруына болады.

Мұғалім мәртебесіне лайық па?

Ащы суға сылқия тойып, қоғамдық орындарда жұртшылықтың мазасын алған, көлік жүргізген мұғалімдер де бар.  Өз міндеттерін дұрыс орындамағандар, еш себепсіз жұмысқа кешіккен немесе мүлдем келмей қалған, бір-бірін жағадан алған немесе ата-аналармен және оқушылармен сөзге келіп, қоғамдық жерлерде әдепсіздік танытып, моральдық-этикалық нормаларды сақта­маған ұстаздар да Солтүстік Қазақстан облысынан табылады. Балалардың денсаулығына зиян келтірген мұғалімдер де кездеседі. Петропавлдағы «Сәуле» балабақшасындағы тәрбиешінің көмекшісі бір бүлдіршіннің қолын жуған кезде абайсызда тырнап алып,  жарасы қабынып кеткенше үндемей жүре берген. Сол үшін айыппұл төлеп, кейін жұмыстан өз еркімен кетті. Бұған дейін Петропавлдағы №25 орта мектептің басшылығы далада 14 градус суық екеніне қарамастан, балаларды сырт киімсіз флеш-мобқа қатыстырғаны үшін жазаланды. Флеш-моб кезінде мұғалімдердің өздері күрте киіп тұрған. Келесі күні оқушылар суық тиіп ауырып қалғаны үшін, мектеп басшылығына сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Айыртау ауданында мектеп директоры 11-сыныпта оқитын қыз балаға сабаққа шалбар киіп келгені үшін сыныптастарының көзінше ұрысып, киініп келу үшін үйіне жіберіпті. Қыз бала келесі күні сабаққа келмей қалған. Сол үшін аудандық білім бөлімі облыстық Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің ұсынысына орай директорға ескерту жасады. Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінің директоры орыс тілі мен әдебиеті сағаттарын осы пәннің маманына емес, басқа мұғалім­дерге бөліп бергені үшін жауапкершілікке тартылды. Тіпті, 5-сыныпқа осы пәнді жүргізуді бастауыш сынып маманына жүктеген. Сондай-ақ тексеріс барысында физика, информатика, биология сияқты пәндерден ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің 30 пайызының біліктілігі талапқа сай емес екені анықталған. Ол-ол ма, ағылшынша амандасудан әрі аса алмайтын мұғалімдер де бар екен. Олардың жұмысынан еш нәтиже болмағанымен, тиісті қосымша ақы төленеді.  Жалпы, педагогтердің білімінің оқытылатын пән бейініне немесе атқарып отырған қызметіне сәйкес келмеуі – ең жиі кездесетін құқық­бұзу­шылық: тексерілген мектептердің 72 пайы­зында, мектепке дейінгі білім ошақ­тарының 50 пайызында кездеседі. ұстаз Мағжан Жұмабаев ауданындағы аралас мектепте ағылшын тілі 1-орыс сыныбында ғана оқытылып, 1-қазақ сыныбындағы балалардың құқығы бұзылғаны анық­талып­ты. «Тоқалдан туған» баланың күйін кешкен оқушылардың құқығы тексерістен соң ғана қалпына келтіріліп, ағылшын тілін оқи бастаған. Алайда жарты жыл бойы ағылшын тілі пәні жүргізілмегендіктен, екінші жарты­жылдықта оларға аптасына төрт сағаттан беріліпті. Бұл да болса заңбұзушылық. Оқу жүктемесін шамадан тыс арттырғаны үшін мектеп директорына тағы да айыппұл салынған. Былтыр оқу жүктемесінің тиісті көлемге және жоспарға сәйкес келмейтіні 30 шақты мектепте анықталған. Ал Тайынша ауданында ағылшын тілі мүлдем оқытылмайтын мектеп бар екен. Мұн­дай жағдайда білім ордасының басшы­лығы өзге ауылдардан мамандарды тартып, мәселені шешуі тиіс. Немесе шағын жинақты мектептерде басқа пәннің маманын қайта даярлауға  рұқсат. Бірақ  таяқтың екі ұшы бар деген сияқты, мұндайда сапа туралы сөз қозғау артық. Не анда, не мұнда штатта жоқ мұғалімдердің кейбіреуі жауапкершілікті аса сезіне қоймайтын көрінеді. Бірақ басқа амал жоқ. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес кез келген мұғалім бес жыл сайын өз біліктілігін растау немесе жоғарылатуы тиіс. Осы талапқа бағынбайтын ұстаздар да бар екені анықталып отыр. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Конюхово негізгі мектебінің ағылшын тілі мұғалімі бес жылдан соң біліктілігін растаудан бас тартқан. Сол үшін мектеп директорына сот арқылы 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Өйткені мұғалімдердің 25 пайызының сарапшы, модератор деген тиісті санаты болуы керек деген талапты орындау – директордың міндеті. Мұнда осы үлес салмақ сақталмаған. Жалпы, былтыр тексерілген мектептердің 81 пайызында бірінші және жоғары санатты, сарапшы, зерттеуші, шебер педагогтердің үлес салмағы талапқа сай емес. 14 мектептің педагогтері бес жылда бір рет біліктілігін арттыру туралы талапты орындамаған. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл арнайы мектеп-интернатында үш өрескел заңбұзушылық анықталды. Бұл – арнайы мекеме болғандықтан, ондағы мұға­лім­дердің барлығы инклюзия бойынша курстардан өтуі тиіс. Алайда бұл талап орын­далмағаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, лицензиясы тоқтатылды. Сондай-ақ мұнда тоқсан аяқталғанға дейін  kundelik.kz толтырыл­мағаны, онда бірде-бір баға жоқ екені анықталған. Жалпы, облыс мектеп­тері­нің жартысында дерлік ерекше қажет­тіліктері бар балаларға арналған жеке-дара оқу жос­пар­лары жоқ екені немесе ережеге сәйкес емес екені анықталған. Департамент анықтаған кемшіліктерді түзетуге бір жыл уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде анықталған кемшіліктер түзетілуге тиіс. Түзетілген соң тексеріс жабылады, ал түзетілмесе жаза қолданылады.

«3»- ке оқыған адам сабақты да «3»-ке береді

«Тексеріс  барысында оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне қатысты құқықтары бұзылатыны анықталады. Кейбір ақылға қонымсыз шешімдерге тап боламыз. Балалар да, мұғалімдер де зардап шекпеуі тиіс. Сондықтан мұндай тексерістер керек. Кейде келіп түскен шағымдар бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз. Айта кету керек, мұндайда кейбір шағымдар расталып жатады», –  дейді Айнагүл Ағы­бай­қызы. Бүгінде мұғалімдердің түрлі жағымсыз қылықтарға жол беруіне не себеп? Кейбір ата-аналар мұны соңғы кезде ұстаздарға тамаша жағдай жасалып жатқанымен байланыстырады. «Ақша көп жерде былық көп. Жалақысы жоғары жұмысқа тамыр-таныстарын, құда-жекжаттарын қабылдау әдетке айналған. Биыл мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға арттырылды, екінші жарты­жыл­дықта тағы 25 пайыз қосылады. Сондықтан  мектепке кездейсоқ адамдар келіп жұмыс істеп жатыр», – дейді петропавлдық Ботагөз Жүнісова. Кезінде жоғары оқу орнына түсерде тиісінше ұпай жинай алмай, қалаған маман­дығына өте алмай қалғандықтан, мұғалім­дікті таңдай салғандар дәл қазір мектепке жұмысқа орналасып жатыр. Бұл – ардагер ұстаз Гүлнәр Мергенқызының пікірі. «Ең аз ұпай жинап, ешқайда өтпей қалғандар мұғалімдікке құжат тапсыра салатын. Бір танысым спорт мектеп-интернатын бітіріп, экономист мамандығын таңдады. Алайда онда конкурстан өту қиын болғандықтан, өтпей қалып, математика мұғалімі маман­дығына бара салды. Қазір математикадан сабақ беріп жүр. Осындай мұғалімдер көп. Өзі «3»-ке оқыған адам сабақты да «3»-ке береді. Тіпті, оқымастан, дипломды сатып алғандар да баршылық екенін жасырып қайтеміз?» –  дейді ардагер ұстаз. Соның салдары болар, былтыр аттестациядан өтуге тиіс болған 8 мектептің бірде біреуі өте алмаған, ал 7 балабақшаның тек біреуі ғана атттестацияны ойдағыдай тапсыра алыпты. Облыс бойынша білім деңгейі тексерілген 131 қатысушының 51-і (38,9%) емтихан материалындағы сұрақтардың 40 пайызына да дұрыс жауап бере алмаған. Бұл – антирейтингте республика бойынша тізімнің соңындағы Ақмола, Алматы және Атырау облыстарынан кейінгі төртінші көрсеткіш. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». Ал жақсы ұстаз болмаса ше?

Солтүстік Қазақстан облысы