Саяжайда жарық жоқ
Саяжайда жарық жоқ
419
оқылды
Көкшетаудың іргесіндегі саяжайлар  да жылдар бойы жарықсыз отыр. Сымдары қырық түйілген электр желілері мен бағандарының әбден тозығы жеткен. Үп еткен жел соқса үзіліп кетіп, жүздеген тұрғын жарықсыз қалады. Ал оны жөндеп, жаңасына ауыстыру, тіпті қызмет көрсету мүлдем жоқ. Өйткені  саяжайлардағы электр желілері қалалық электр желілеріне жатпайды. Тариф құны қымбат. Саяжай тұрғындары тұтынған жарық үшін төлемді заңды тұлғалармен бірдей төлеуге мәжбүр болған. Мұнымен қоса саяжайда электр энергиясын ұрлап қолданатындар көбейген. Алайда  шығынға белшесінен батқан жұрттың  ащы жанайқайын тыңдайтын құлақ табылмай тұр.

Жарық жиі  өшеді, ауызсу жазда ғана бар

Кеңестік кезеңде тек бау-бақша егу үшін пайдаланатын бұл саяжайлардың жартысынан астамында қазір қысы-жазы  халық тұрады. Құны аспандап кеткен баспананы алуға шамасы жетпеген жұрт амалсыз саяжай үйшіктерін кеңейтіп, үй тұрғызып алған. Бірақ күні бүгінге дейін әлеуметтік мәселелерден арыла алмай келеді. Жарығы жиі өшеді, ауызсу мен техникалық мақсаттағы су тек жазда ғана беріледі.  Тек қолы жеткендер өз күштерімен ұңғыма қазып алған. Ал ең бастысы халық жарықтан әбден жапа шеккен. Мәселе­лерін айтып жергілікті билік органдарына барғанымен, «жекеменшікке» араласпаймыз» деп ат-тондарын ала қашады. «Ондаған жыл бойы жарықтың зардабын тартып келеміз. Боран соқса болды, тозған сымдар бірден тұйықталып немесе үзіліп өшіп қалады. Оны жалғап, түзететін маман да жоқ. Өйт­кені біздің желілер бау-бақша кооперативтеріне қарайды. Ал қалалық электр желілері жарық бергені болмаса, бізге қарамайды. Тарифті заңды тұлға ретінде әр киловатына 35 теңгеден төлеп келдік. Жақында ғана  біздің «Ауыл шаруашылығы басқармасы» кооперативіміз Әділет басқармасында қайта тіркеуден өтіп, жеке тұлға ретінде 18 теңгеден төлейтін болдық. Алайда, енді электрді ұрлап қолданатындардың кесірінен үлкен шығынға тап болдық. Тұрғындардың үйлеріндегі электрдің жеке есептегішінен бөлек барлық саяжай кооперативіне ортақ есептегіш бар. Онда жарық екі есе артық шыққан. Жаз бойы емін-еркін ұрланған сияқты. Шығын көлемі бір миллионға жеткен. Қалалық электр желісі жарықты мүлдем кесеміз деген соң, амалсыз осында қысы-жазы тұратын қырықтан аса үй бөліп төлеуге мәжбүр болдық», – дейді саяжай тұрғыны Серік Махметов.

Желілердің тозығы жеткен

Қалалық электр желілеріне иелік ететін «Көкшетау Энерго» компаниясы Зеренді және Краснояр тасжолындағы саяжайларда электр желілері мен жабдықтарына өз теңгерімінде болмаған соң қызмет көрсетпейді. Яғни, саяжайлықтардың жанына батқан желілер тұтынушылық кооперативтер мен бау-бақша серіктестіктеріне тиесілі. Серіктестік мәліметінше, қазіргі уақытта 70 пайызының әбден тозығы жеткен. Дегенмен «Көкшетау Энерго» компания мекенжайына жабдықтардың қуаты мен ұзындығы сияқты мәліметтерді берсе, кооперативтермен трансформатор стансаларын, электр желілеріне қызмет көрсету үшін келісімшарт жасауға азір. Саяжайлардағы жарық бағасының қымбаттығы мен желілердің әбден тозығы жеткенін «Көкшетау Энерго» қалалық электр желілері компаниясы да ашық айтты. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, саяжай кооперативтері қайта тіркеуден өткен жағдайда тұр­ғындар жарық үшін жеке тұлға ретінде төлеуге мүмкін­дік алады. Алайда  жарықтың қымбат тарифінің арқа­сында қалтасын тұрғындардың есебінен қампайтуға үйреніп қалған бау-бақша серіктестіктері оны  қайта тіркеуге асықпайтын көрінеді. Қалалық электр желісіндегілер бақташылық серіктестігі төрағаларының «Әй дер әже, қой дер қожа» болмаған соң «жеке патшалық» құрып алғанын еріксіз мойындады.

37 бақташылық серіктестіктің үшеуі ғана қайта тіркелді

«Қажетті мәліметтерді алғаннан кейін электр жабдықтары мен  желілеріне техникалық қызмет көрсетуге келісімшарт жасап, есеп айырысатын боламыз. Көп саяжай кооперативтері саяжай иелерінен тұтынған электр қуатынан бөлек электр желілеріндегі шығындар, трансформатордың бос жұмыс істеуі,  желілерге техникалық қызмет көрсету сияқты қосым­ша ақыларды қосып есептейді. Бұған заңды тұлға ре­тін­де төлейтін тарифті қосыңыз.  Саяжай серіктестіктерінде қордаланған жарық мәселесі бойынша өткен жылдың 18 қыркүйегінде саяжай төрағаларын түгел жиналған жиын өткен. Онда бақташылық серіктестіктерге қысқа мерзім ішінде тұтынушылық кооператив ретінде қайта тіркеліп,  заңға сәйкес электрмен қамту­дың келісімшартын қайта жасау қажеттігі айтылған. Алайда күні бүгінге дейін 37 бақташылық серіктестіктің тек үшеуі ғана қайта тіркелді. Қалғандары әлі асығар емес», – дейді «Көкшетау Энерго» компаниясының баспасөз хатшысы Еркін Сейітов. Мәселе жөнінде қала әкімдігінің де пікірін білмек болдық. Бірақ әкімдік саяжайлардың  жекеменшік екенін айтып азар да безер болды. «Саяжай  кооперативтері жекеменшік болып саналады. Олардың жарық мәселелеріне біз еш араласа алмаймыз. Қалалық электр желілері  біледі. Олар да жекеменшік қой», – дейді Көкшетау қалалық әкім­дігінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.

P.S.

Сонымен, өз қотырын өздері қасуға  мәжбүр болған саяжайлықтардың ащы жанайқайын ешкім елең қылмай тұр. Бұл орайда заңдық тұрғыда парламенттік деңгейде мәселе  қаралып, саяжайлардың қазіргі жағдайға сәйкес құқықтық мәртебесін анықтау қажет сияқты. Ал саяжайлардың жүгенсіз кеткен төрағаларына құқықтық қадағалау органдарынан тексеріс жүргізілгені жөн бе деп қалдық...

Ақмола облысы