«Видеоны жарияламау үшін қомақты қаржы талап етті» – қызметтен кеткен Тараз қаласы әкімінің орынбасары видеоүндеу жолдады
«Видеоны жарияламау үшін қомақты қаржы талап етті» – қызметтен кеткен Тараз қаласы әкімінің орынбасары видеоүндеу жолдады
©А.Ахметқазы
1,437
оқылды

Бір жеті бұрын желіні шулатқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев осы аптада өз еркімен қызметінен кеткен болатын. Алайда бүгін шендінің бұқараға бағыттаған видеоүндеуі жарық көрді. Ол өз сөзінде көпшілік сынға алғандай мас болмағанын, ал видеоны таратқандар одан қомақты қаржы талап еткенін айтты.

«Әлеуметтік желіде тараған видеодағы жағдай 2021 жылдың 26 қарашасында «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің базасында болған. Сол күні қалың қар жауып, табиғаттың тосын мінезіне орай құрылған штабта техникаларды бөліп отырған болатынмын. Кенет бөлмеге қала әкімінің кеңесшісі, ЖҚХ бөлімінің басшысы және «ЕрК Астана» ЖШС-ның құрылтайшысы кіріп келді. Серіктестік өкілімен қалада жүргізген сапасыз құрылысына байланысты бұған дейін де сөзге келіп жүргендіктен екеуміздің арамызда ерегіс туды. Видеодағы түрімді көріп, көпшілік мені ішіп алған деп сынады. Алайда мен мас болған жоқпын. Ашуланғаннан кейін қан қысымым көтеріліп, қант диабетім де қозып кетті. Сол себепті бетім қызарып, түрім бұзылды. Негізі видео YouTube каналына 3-ші ақпан күні шықты. 5 ақпан күні хабарласып алдырып тастаған болатынмын. Алайда араға күн салып белгісіз бір адамдар шығып, видеоны әлеуметтік желіге жарияламау үшін қомақты қаржы талап етті. Алайда мен ақша беруден бас тарттым. Артынша видео жарияланып кетті. Менің қызметтен кетуімнің басты себебі – осы азаматтарды тауып, сотпен жазалау. Мемлекеттік қызметте отырған кезімде мен мұндай әрекетке бара алмаймын. Сондықтан жұмыстан кетіп, бұл мәселені аяғына дейін апармақпын», – дейді видеожолдауында Асхат Есеналиев. https://youtu.be/WS3m8cFMeRE   Бұдан бөлек қызметтен кеткен шенді желі қолданушылары оны «Сапарбаевтың кадры» деп сөккені үшін де өз өкпесін білдірді. Есеналиевтың айтуынша ол Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Тәтті аулының тумасы екен. Бердібек Сапарбаевпен бұған дейін бірде-бір жерде әріптес болмаған. Сондықтан қала әкімінің орынбасары бұл жағдайға облыс әкімін араластыру қисынсыз деп отыр. Міне, осылайша басы дауға қалған қала әкімінің бұрынғы орынбасары сырын да, шынын да ашып айтты. Енді ол видеоны жариялағандарды сот арқылы жауапкершілікке тартпақ екен. Бұның арты не боларын уақыт көрсетеді.