Жаңа Қазақстан. Тендер
Жаңа Қазақстан. Тендер
582
оқылды
Мемлекеттік сатып алу көзінің көлеңкелі тұсы көп. Ауқымды қаржы айналымы жүретін мемлекеттік органдар мен алып компаниялардың  сайтында сатып алуға қатысты толыққанды ақпарат жоқ. Болары болып, бояуы сіңген соң жұрт сатып алулардың өтпей қалғанын, жеңімпаз анықталмағанын, кейде мақсатсыз жұмсалған қаржының көптігінен біледі. Ал сатып алу өтпесе қызметтерді атқарған компанияға қатысты күмән туады. Сол үшін қыруар қаржының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін  мемлекеттік сатып алу саясатындағы көлеңкелі істерге тоқтам болатын реформа ауадай қажет. Бақтыбай Бақтыбай ШЕЛПЕКОВ, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, сенатор: – Бізге алдымен мемлекеттік сатып алуға қатысты заңның өзін біріктіру керек. Қазір «Самұрық-Қазына» АҚ секілді квазимемлекеттік сектордың сатып алуы туралы бөлек заңы бар. Мүддеге жұмыс істеу мақсатымен түрлі сылтаумен сол заңды жасады. Бірінші кезекте сол екі бөлек заңды бір заң қылу керек. Бір заңның аясында мемлекеттік сатып алу саясаты жүргізілуі тиіс. Квазимемлекеттік сектор болса да, ол мемлекеттің ішінде жұмыс істеп отырған мекеме. «Қазмұнайгаз», KEGOC, «Қазақтелеком», ҚТЖ-ның сатып алу саясаты құпия болмауы керек. Кезінде біз қарсы болдық. Бірақ Үкіметтің қолдауымен шала заң өтіп кетті. Сол заң бізге келгенде бір көзден сатып алуды 80-90 пайызға жеткізген. Шуылдап жүріп түсірдік. Енді қазір квазимемлекеттік сектордың жұмысы майшаммен қаралып жатыр. Бұл – өте маңызды. Бұл мекеме­лердің жұмыс істеуі жіті тексеріліп, қаншалықты пайда әкеліп жатқаны туралы ақпарат ұдайы көрсетіліп отырғаны дұрыс. Тағы бір мәселе, сатып алу заңы бөлек болған соң Парламенттің қарауына келетін мемлекеттік бюджетте квази­мемлекеттік сектор­дың бюджеті келмей­ді. Бірақ ол жерде ау­қымды қаражат айналымы жүреді. Шынын айтайын, мемлекеттік бюджет­ті қараудың өзі ой­дағыдай емес. Аз уақыт беріледі, сосын бюджетті өзгертуге өкілеттілігіміз жетпейді. Себебі алдын ала жоспарланып келеді. Бюджет шығыстары газ бен су секілді халықтың күнделікті әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты емес, имиджді көтеретін алып ғимараттарды салуға қатысты келеді. Ал бөлінген қаражаттың есебін алу да біздің емес, Есеп комитетінің жұмысы. Шетелде депутаттар мен қоғам белсен­ділері кіретін арнайы комиссия құрылып, мем­лекеттік бюджеттің бір тиыны қайда кетіп жат­қанын тексеру үшін сатып алу саясатын барынша ашық қылып отыр. Жанат Жанат НҰРҒАЛИЕВ, қаржы сарапшысы, INTEGRITY ASTANA  коммерциялық емес ұйымының басшысы: – Мемлекеттік сатып алу саясатын­дағы өзгеріс бір көз­ден сатып алуды қыс­қартудан басталу керек деп санаймын. Содан кейін мемле­кеттік сатып алу сайтын­да әрбір мемлекеттік орган жеткізушілерінің рейтингі шығарылып, жыл сайын кімнен сатып алынатыны ашық түрде берілгені дұрыс. Әйтпесе, қазіргі қолданыстағы жүйе бойынша жеткізушілер жыл сайын бір мекеме болады. Бұдан бөлек, күш құрылым­дарының әкімшілік сатып алулары ту­ралы ақпарат қолжетімді болуын қарастыру керек. Мысалы, қазір ҰҚК, Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі не сатып алып жатқанын ешкім білмейді. Бұл ақпарат мемлекеттік сатып алу порталында қолжетімді болуы қажет. Ал сайттың өзін барынша автоматтандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Мемлекеттік сатып алу саясатында адами факторды мейлінше азайту маңызды. Мәселен, тендер ойнатылғанда адами фактордан қарағанда автоматты жүйенің жұмысын жандан­дыру қажет. Тендер ойнатылғанда қаржы көлемі бойынша да шектеу болса, егер мар­кетингтік бағадан асып кетсе, жүйе мемлекеттік сатып алуды ары қарай жібермеу керек. Одан кейін шығын материалдарын оңтай­ландыру маңызды. Оны бақылап, тексеретін қо­ғам­дастық сарапшылар қарастырылғаны дұрыс. Себебі қазір әрбір салада мақсатсыз және негізсіз құрылған шығындар көп. Ал оңтайландыруды жа­сау үшін бізге ашық ақпарат керек. Дәл қазір бюджет саясатын жүргізуде егжей-тегжейлі берілген ақпарат көзін көріп тұрған жоқпыз. Бюд­жеттік процесс бойынша бір сайт жұмыс істеу ке­рек. Және сол сайтта бюджет қаржысын жос­пар­лағаннан бастап ақпарат берілуі тиіс. Онымен бірге жоспарланған қаражатпен бірге алдыңғы жылдардың статистикалық деректері де қоса берілгені жөн. Әрбір бюджеттік бағдар­ламалардың әкімшілері шығын көлемін анықтап оңтайландыру бойынша жоспарын бергеннен кейін іс-шара­лардың көрсеткіштері жоқ болса, шығын­дарды оңтайландыру бөлігінен алып тастау керек. Әрбір аймақтағы кіріс реформасына да тиімді реформа керек. Облыстар республикалық бюджеттен триллиондап трансферт алады. Бірақ аймақтардың кіріс жүйесі өте төмен. Мысалы, Түркістан облысының кірісі 10 пайызға да жет­пейді. Қазір осы облыстың бюджеті 1 триллионға жетіп отыр. Сол үшін ешқандай жеке кіріс болмаса, оларға трансферт бөлуді қысқарту керек. Өйткені қызығушылық жоқ. Өңірде даму көрсет­кіші болмаса, кіріс жүйесін дамытуға көңіл бөлін­бесе үлкен соманы беруді доғарған дұрыс. Оларбелгілі бір деңгейде талап болмаған соң бюджетке арқа сүйеуге үйреніп алады. Республикалық бюд­жетке алақан жаюға әдеттеніп кетеді.