Ана мен баланың ажалына араша бар ма?
Ана мен баланың ажалына араша бар ма?
© коллаж: Елдар Қаба
889
оқылды
Шырылдап дүние есігін ашқан шақалақ жасқа жет­пей жарық әлеммен қош­тасатын болса, пер­зент­ханаға үлкен үмітпен бар­ған ана үйіне қайтып орал­маса, бұдан артық қасірет бар ма? Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статис­тикасы бойынша, Қазақ­стан ана өлім-жітімі саны­нан әлемде 42-орында, ал бала өлімі бойынша 79-орын­да. Денсаулық сақтау саласына еселеп қаржы бөлінсе де, ме­ди­циналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып жатса да, ана мен бала өлімінің көрсеткіші соңғы жылдары тө­мендемей тұр. Бұл мәселе осыдан он шақты жыл бұрын да өзекті болған. Әлі де күн тәртібінен түс­кен жоқ. 1991 жыл­мен салыстыр­ғанда қазір ана өлімі бес есе, бала өлімі үш есеге азайды. Бірақ Кеңес одағының кезінде ана мен балаға жағдай да жөнді жа­салмайтын. Бүгінгідей жоғары да­мыған тех­никалық база да, бі­лікті маман да тапшы еді. Ал қазір қолымызда барды пайдаланып, бейбіт күнде бейкүнә сәбилерді құтқара алмай отырмыз. Соңғы жылдары ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан ал­дыңғы қатардан түс­пей келеді. Сә­бидің дүниеге келу деректері өскенімен, олардың ше­тінеп кету көріністері көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Статистикаға шақсақ, бала туу көрсеткіші екі пайызға артса, тиісінше сәби өлімі бір пайызға көбейген. Бұл дерек елдің демографиялық ахуалын көрсетсе керек.

Сан мен салдар

Ана мен бала өліміне қатысты кейінгі 3 жылдағы статистиканы салыстырып көрелік. Мәселен, 2019 жылы 8 айдың ішінде 36 әйел қайтыс болған. 2020 жылы қаңтар-тамыз айында 131 әйел жан тап­сырған. Көрер көзге айырмашылық бірден білінеді. Ал бұл көрсеткіш Ақтөбе облысында 13 есе, Қызыл­орда облысында 9 есе артқан. Мәлім болғандай, былтыр Шым­кенттегі қоғамдық кеңесте ана мен бала өлімі 5 есеге көбейгені туралы мәселе көтерілді. Тарқатып айтсақ, Шымкенттегі перенаталды орта­лық жүктілігі ауыр түрде өте­тін әйелдерді қабылдауға қау­қар­сыз екен. Алайда жаңа орталық салуға бюджеттен ақша бөлу мұң болып тұр. Байқасақ, біраз облыста за­манауи құрал-жабдығы бар пе­ринаталды орталық жайы күрделі мәселеге айналған. Ана өлім-жітімінің жоға­ры көрсеткіші ауылдық мекендер мен кедей мемлекеттерде жоғары. Қазақстанда 2008 жылы бала өлімі көрсеткіші 14,57 коэффициенттен 20,76-ға дейін өседі деген болжам болған еді. Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін 2009 жылы Респуб­ликалық штаб құрылған болатын. Бұл әдіс тиімді іске асты: 2010 жы­лы көрсеткіш 31,2-ден 22,7-ге дейін төмендеді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызының былтырғы дерегінше, ана мен бала өлімі өткен жылдармен салыстыр­ғанда азайған. Министр келтірген деректерге мән берсек, 2019 жылы 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда шетінеу көрсеткіші 8,40 болса, алдыңғы жылы 7,779 болған. Ал 2020 жылы Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында ана өлімін – баласын тірі туған 100 мың анаға шаққанда 17,1-ге дейін, ал сәби өлімін – 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 10,1-ге дейін төмендеген. Сондай-ақ  Ажар Ғиниятқызы біліктілік пен кәсібилікке келгенде балалар ма­ман­дарының тапшы екенін де жа­сырмады. «Педиатрия (неона­то­логия), балалар реани­мато­ло­гия­сы, анестезиология» және «ба­лалар пульмонологиясы» ма­мандықтары бойынша кадрмен қамтуды 100%-ға жеткізу жолға қойылды», –  дейді министр. Біз саладағы осы жетістікке мәз болып жүргенде, Израиль елі­нің негізгі клиникаларында 16 жыл бойы ана мен бала өлімі тіркел­меген. Ал Ресейде 2020 жылы 1 жасқа дейін сәбилер арасында 6 489 өлім тіркелді, бұл 1000 тірі туыл­ғандарға 4,5-ті құрады. Көрші Қырғыз Республикасында  да ана өлімінің деңгейі төмендеуде, бірақ оның себептері де өзгерген. Егер бұрын себептер көбінесе қан кету, преэклампсия, сепсис болса, бү­гінде бұған басқа созылмалы ауру­лар себеп. Электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 2020 жылы 159 мыңға жуық бала туу тіркелген. Олардың ішінде сә­би өлімін – 1000 тірі туған нәрес­теге шаққанда 7,6-ге дейін төмен­деткен. Ал Өзбекстанда 2030 жыл­ға дейін ана өлімін 50 пайызға азай­ту туралы арнайы жоба қабыл­данған. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда 100 мың жаңа туған нәрестеге ана өлімі 23,1-ден 19 жағдайға дейін, нәрестелер өлімі-11-ден 10,7-ге дейін қысқарған.

Маман тапшы, жер шалғай

Жылына орташа есеппен елі­мізде 395 911 бала дүниеге келсе, олар­ды 4 155 акушер-гинеколог бақы­лауына алады. Яғни, 1 аку­шер-ги­некологтың басына шақ­қанда 95 жүкті әйелден келеді. Са­йып кел­генде, маманның жетіс­пеушілі­гінен туындайтын қиын­дықтардың көп екенін назарға алу керек. – Өңірлерде ана өлімінің өсу себебіне, кері көрсеткіштерге аку­шерлік қызметтің жеткіліксіз құ­рамы, перзентханалардың дәрігер­лік жабдықтармен толық қамта­масыз етілмеуі, барлық деңгейдегі мамандар біліктілігінің жеткі­лік­сіздігі, шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен нәрестелерге меди­ци­налық көмек материалдық-техни­калық тұрғыда толық қамтамасыз етілмеуі, сондай-ақ білікті дәрігер­лердің жекеменшік емханаларға ауысып кетуі әсер етті, – дейді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов. Иә, кадрлардың жетіспеушілі­гі – Қазақстандағы ана өлімінің өсу себептерінің бірі. Қарапайым бір ауданда 18 аймаққа (участок) 11 дәрігер жұмыс істейді. Оның бір­нешеуі демалысқа кеткенде олар­дың орнына фельдшер, орта буын қызметкерлер жүреді. Демек, дәрігерсіз аймақтарда өз деңге­йінде жұмыс жүрмей жатыр деген сөз. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың айтуынша, коронавирустың салда­рынан ана өлімі екі есеге дейін кө­бейген. Осыдан 15 жылдай бұ­рын аймақтандыру жайлы бұйрық шықты. Қабылданған ереже бо­йын­ша аудандық жерлерде тек қана физиологиялық босандыруға рұқсат берілген. Қазір ауылдағы дәрігерлер қан кеткен ананы кө­лікке салып,  200-500 шақырым жер­­дегі қалаға жібереді. Осылай­ша, дер кезінде көмек көрсете ал­май, аналарымыздан айырыламыз. –Медицина саласында сапалы жүйе жоқ. Жүйенің болмауына бай­ланысты аналар дұрыс тек­се­ріле алмайды. Тексерілсе де дұрыс емделмейді. Медициналық сақ­тан­дырудың өзін көпшілік түсін­бей, кімге барарын білмей жатады. Осы себепті ана мен бала өлімі көбейді, – дейді Жұпар Наханова. Жүкті әйел 10 аптаға дейін дәрігердің тіркеуінде тұруы керек. Одан кейін ай сайын қабылдауға ба­рып, болашақ нәрестесінің жағ­дайын жиі бақылауда ұстайды. Бірақ қазір еліміздегі аналарда ең жиі кездесетін ауырудың түрі – қан аздық. Көп жағдайда аналар өзде­рінің гемоглобинінің төмен екенін білмей жүре береді. Сондықтан Жұпар Наханова мемлекет тара­пынан әйелдерді тұрақты тексе­ретін бағдарлама болуы керек деп санайды. «Өткен жылы үкімет ЭКО-ға деп 7000 квота бөлді. Сол қаржыны ЭКО-ға емес, жастардың денсаулығын жақсартуға бөлу қажет еді», – дейді дәрігер.

Жүктіліктің жүгі ауыр

Мамандардың айтуынша сә­билердің ең көп шетінейтін кезеңі ана құрсағындағы 28 аптасынан басталатын және туғаннан кейінгі 7 тәулік. Яғни перинаталдық ке­зең. Жас ана Роза Сейфолланың қуа­нышы көпке созылған жоқ. «3 тәуліктен соң баламыздан айы­рылып қаламыз деп ойламадық. Дәрігерлер қайтыс болу актілерін тіркеу парағын қолыма ұстатты. Қорғансыз адамның күйін кешіп қаласың. Көкейде көптеген сұрақ  қалды. Еліміздегі пандемиямен байланыстырсақ, енді бірде уақытынан бұрын туылуынан деп ойладық. Медицинаның дамыған заманында адам өмірін сақтап қалатын шаралардың болмайтыны қынжылтады», – дейді жас ана. Роза Сейфолланың басындағы жағдай Солтүстік Қазақстандағы 74 ананың басынан өтті. 1 жасқа де­йінгі нәрестелер өлімінің көбе­юі­не жүктілік кезеңдерінде пайда болатын аурулар себеп болған. Гинеколог-эндокринолог Гүлназ Сәбитқызының айтуынша, бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың ке­сірінен кейін осындай жағдайға ұшырайды. Мәселен, жатырға инфекция түссе, тікелей баланың денсаулығына әсер етеді. Нәрес­тенің уақытынан бұрын туылуы немесе шетінеп кетуі осыған бай­ланысты. Бұрын қыздар жастайы­нан тұрмысқа шығып, ерте жүк­тілікпен өміріне қауіп төндіретін болса, қазір жағдай керісінше өз­герген. 30-дан асқан ана алғашқы жүктілігімен келетін болса, дәрі­гер­лер оларды арнайы бақылауда ұстайтын топқа жатқызады. Өйт­кені уақыт өте келе адам ағзасын­дағы гормондар азайып, элемент­тердің жетіспеуінен жүктілік ке­зінде қан қоюланады. Ананың қан қысымы қатты жоғарылап кет­кен­де, сонымен қатар қан қоюланып немесе қатты сұйылып кетсе, ба­лаға оттегінің жетіспеушілігі пайда болады. Соның салдарынан ана да, бала да өлім құшады. – Бір емханаға бірнеше аймақ­ты тіркеп қойғандықтан жүкті әйел­дер кезекте ұзақ тұруға шы­дамай, жекеменшік емханаларға барып қаралады. Сондықтан жағ­дайы бар аналарға жеке мекеме­лерге барып емделген ыңғайлы. 5-6 келіншек жататын палатада тұру кімге ұнайды? Сондықтан мем­лекеттік емханалардағы жағ­дай мен қызмет көрсету сапасын реттеу керек, – дейді Гүлназ Сәбитқызы. Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін не істеу керек? Алдымен, емдеу профилактикалық шаралар­ды іске асырушы мекемелерді үз­дік медициналық техникамен, дә­рі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет. Одан бөлек, маманның кли­ника­лық дағдыларын жетілдіру де артық етпейді. Ана мен бала өлі­мінің алдын алуда дәрігерден бұ­рын, адам­ның өзіне деген жауап­кер­шілігі үлкен рөл атқарады. Өйт­кені  жоғарыда аталған көп мә­се­ленің бәрі уақытылы емдеу ша­расын қолға алған кезде еш қиындықсыз шешімін табады. Тек уақытты ойын көріп, жүріп алмаған дұрыс. Ауыл­дық жерлерде уақыт тапшылығын алға тартып, дәрігерге көрінуді екін­ші орынға сырғыта салады. Жүктілікке бейқам қарау қайғылы жағдайларға ұшыратуы мүмкін.