Қазақ футболын басқаруға кім лайық?
Қазақ футболын басқаруға кім лайық?
437
оқылды
Көктемде ел футболын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Нақтырақ айтсақ, ақпан айының соңында жасырын дауыс беру арқылы ҚФФ-ның жаңа президенті сайланады. Осыдан бір апта бұрын ҚФФ мүшелері арасынан үміткерлерді ұсынуға өтінім беру мерзімі аяқталған. Келіп түскен барлық құжат Сайлау комитетінің қарауына берілді. 10 ақпан күні комитет отырысында ҚФФ президенті лауазымына сайлауға қатысу үшін кандидаттар тіркелді. Осы ретте Қазақстан футбол феде­рациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин Қазақстан футбол федерациясының президенті лауазымына сайлау қалай өтетінін айтты. – Сайлауда жеңіске жету үшін кандидат көп дауыс жинауы керек. Егер үміткерлердің бірде-бірі дауыс берудің бірінші турында қажетті дауыс санын ала алмаса, екінші тур өтеді. Дауыс берудің екінші кезеңіне бірінші турда үздік шыққан екі үміткер қатысады. Екінші турда жеңіске жету үшін де дауыстың көптігі маңызды рөл атқарады, – деді Айтқожин. Өңірлік федерациялардан бірқатар азамат кандидатурасын ұсынды. Оның арасында ҚФФ-ның қазіргі басшысы Әділбек Жақсы­беков те болды. Кейін ҚФФ тізгінін бұған дейін екі рет (2007 жылдан 2014 жылға дейін, сонымен қатар 2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін) ұстаған Жақсыбеков сайлауға түспейтінін хабарлады. ҚФФ президенті кандидатурасы сайлауға қатысудан бас тартуына байланысты тіркелмеді. Одан бөлек, Олжас Абраев та ҚФФ президенті сайлауына қатыспайтынын мәлім­деген болатын. Біз осы бір маңызды науқан алдында сай­лауға қатысатын бес үміткерге жеке-жеке тоқ­талып өтуді жөн көрдік. Әділет БАРМЕНҚҰЛОВ – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Қазақстан футбол федерациясы» қауымдастығы» ЗТБ президентінің кеңесшісі. Барменқұловты «Қарағанды футболының басты тұлғасы» деген қауесет ел футболында көптен бері айтылып жүр. ҚФФ президенттігіне үміткер азамат қазір «Шахтер» клубының директорлар кеңесін басқарады. Оның қайрат­керлігінің арқасында клубта бірқатар мәселе ше­шімін тапқан. Әсіресе, спорттық инфра­құрылым, жасыл алаңды ФИФА талаптарына сай ету мәселелерін ерекше атап өтуге болады. Ол бұл қызметке келсе, отандық футболдағы кешенді реформаларды қолға алмақшы. Оның ішінде мемлекеттік қаржыландырудан бас тарту мәселесі де бар. Сонымен қатар Бармен­құлов футбол академияларын салу және бұқара­ға арналған футболды дамытуға бағытталған басқа да бастамаларды өз жоспарына енгізген. Давид ЛОРИЯ – Нұр-Сұлтан қаласының футбол федерациясы қауымдастығы ЗТБ президенті. Ел футболына еңбегі сіңген экс-қақпа­шының ҚФФ президенттігіне үміткерлер арасында жүруі көпшілік үшін жаңалық бола қойған жоқ. Бір кездері Қазақстан ұлттық құрамасының қақпасын күзеткен, қазақстандық үздік клубтардың сапында өнер көрсеткен Лория спорттық мансабын аяқтағанымен, үлкен спорттан алыстай қоймады. Әлеуметтік желілерде де белсенділігімен көзге түсіп, отан­дық футболдың көшін ілгерілету туралы құнды пікірлерімен бөлісті. Өткен жылы «Астананың» бас директоры қызметін атқарған ол бүгінде елордалық футбол федерациясы қауымдас­тығын басқарып отыр. Сайлауға қатысты бірнеше күн бұрын Давид Лория Instagram-дағы парақшасында жазба жариялады. Онда ол ҚФФ басшылығына сайланса, ел футболының дамуына бар күшін салатынын жеткізген. «Бір жыл бұрын мен ҚФФ президенттігіне үміткер боламын деп ойлаған жоқпын. Лауазымды орынға тағайындалуға тек қалталы адамдар ғана қатысатын шығар деп топшыладым. Бірақ көп өтпей бүкіл өмірін футболға арнаған адам ретінде менің де федерацияны басқаруға мүмкіндігім барын білдім», – деп жазды экс-қақпашы. Қайрат ОРАЗБЕКОВ – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Қайрат» АФК президенті. Ол көпшілікке «Қайрат» футзал клубының басшысы ретінде танымал. Бүгінде оның ал­матылық клуб үшін атқарған нәтижелі жұмысын отандастары мақтанышпен айтып жүр. 10 жылдан астам уақыт бойы UEFA әлемдік рейтингі үздіктерінің қатарына тұрақты түрде еніп келе жатқан еуропалық клубты құрды. «Қайрат» элитадағы орны арқылы Қазақстан футзалын  әлемге танытты. Әлемнің ең үздік ойыншылары Алматыға қуана келетін болды, ал коман­дадағы футболшылар әртүрлі рейтинг пен символдық құрамға үнемі кіріп жүр (бір ғана Игатаның өзі әлемнің бес дүркін үздік қақпа­шысы атанды. Жұлдызды қақпашы бұл жүлде­лердің барлығын алматылық клуб сапында жүріп жеңіп алды). Қайрат Айтмолдаұлы көп жылдан бері қайырымдылықпен айналысып, балалар футзалына арналған инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударып келеді. Оразбеков спорт менеджері ретінде біліктілігін дәлелдеп, жетіс­тікке жеткен тұлға. Ол алматылық клубты 26 жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді. «Қайрат» клубын өзі құрып, үлкен күш пен қаржылық ресурстарды жұмсап қана қоймай, сонымен қатар еуропалық жоғары деңгейдегі спорттық қызметкер және менеджер ретінде орасан зор тәжірибе жинады. Әлемдік футбол қауымдастығында ерекше құрметке ие Қайрат Оразбековтің футзалшылары әлемде үздіктер қатарында. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының медаліне қол жеткізіп, әлем чемпионатында мықты командалар төрттігіне енгені де тікелей осы басшының жұмысымен байланысты. Ендігі кезекте Қайрат Оразбеков Қазақстан футболына да өз үлесін қосуды мақсат тұтып отыр. Берік ҚАНИЕВ – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, Lancaster Group Kazakhstan АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. «Жас қыран» футбол клубын құрып, жасөспірімдер футболын дамытқан кәсіпкер Берік Қаниевті көпшілік жақсы тани бермейді. Алайда оның еңбегін Алматы тұрғандары әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүр. Оңтүстік астанада футбол клубын құрып, жас жеткін­шектердің спортпен айналысуына мүмкіндік сыйлаған кәсіпкер алдағы уақытта Қазақстан футбол федерациясының басшылығына келіп, ел футболының өркендеуіне үлес қосуға ниет танытуда. Осы ретте ҚФФ атқару комитетінің мүшесі Қаниевтің 2021 жылдың қазан айында Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша елдегі ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына енгенін де айта кеткен жөн. «Бәріне қарамастан мен Қазақстанда футболды сақтап қалуға және дамытуға мүмкін­дігіміз бар деп есептеймін. Әр аймақта инфра­құрылымды жасап, жақсарту, білім саласында да, футболда да бұқаралық балалар мен жас­өспірімдер спортын дамыту қажет», – деп жазды Қаниев Instagram-дағы жеке парақшасында. Ерлан ЖАРЫЛҚАСЫНОВ – Қазақстан әуесқой футбол лигасы» ҚБ  төра­ғасы. Ол – Қазақстанда түрлі әлеуметтік жобада жұмыс істеген тәжірибелі маман. Сондай жоба­лардың бірін 2009 жылы құрды. Жарылқасынов құрған қоғамдық бірлестік қазір Қазақстан әуесқой футбол лигасы мини-футбол және футзал жарыстарын ұйымдастыратын еліміздегі ең ірі құрылымның бірі саналады. Аталымыш спорттық ұйымның еліміздің барлық қаласында филиалдары бар. Бүгінде бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 80-нен аса әуесқой клуб бар. Олардың әр ойынына кәсіби қазылар мен «ҚӘФЛ» арбитр мектебінде үйретуден өткен әуесқойлар қызмет көрсетеді. Ерлан Жарылқасыновтың Қазақстандағы бұқаралық футболды дамыту бойынша жасаған жобалары мен бағдарламалары өз нәтижесін беріп, ел мерейін тасытқанына көптің көзі жетті. Білікті маман алдағы сайлауға түсетін үміткер ретінде тіркелді. Қорыта айтқанда, Қазақстан футбол федерациясының басшылығына ұсынылған кандидаттардың барлығы да отандық спортқа еңбегі сіңген тәжірибелі мамандар. Ақпан айының 28-інде өтетін конференция кезінде осы азаматтардың ішінен жаңа басшы қызметке тағайындалады. Сайлау науқаны алдында үміткерлерге сәттілік тілейміз. Үгіт-насихат бағдарламалары аясында айтылған барлық ұсыныс нағыз ой талқысына айналып, отандық футболға пайдасын әкелгей. Басшылыққа кім келсе де, федерацияның жұмысын ретке келтіріп, ел футболын дағдарыстан шығара алуға еңбек сіңірсе болғаны.