Өндіріс орны қауіпсіз жер емес
Өндіріс орны қауіпсіз жер емес
© коллаж: Елдар Қаба
542
оқылды
Ақмола облысында  өндіріс орындары мен құрылыс басындағы жұмыс кезінде жарақат алып,  тіпті көз жұмғандар жыл санап көбейіп барады. Жантүршігерлік статистиканың ішінде қылмыстық істердің де ұлғайып бара жатқаны алаңдатады... Жұмыс орнында қара­пайым жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігіне мән берілмеуі жиі­лей түскен. Қарапайым қағида­лардың  сақталмауы салдарынан  жұмысшылардың  өмірі үнемі қыл үстінде тұруы үйреншікті жағдайға айналған сияқты. Бұған қоса, жәбір көргендер арасында жұмыс орындарынан тиісті қаражатын ала  алмағандар да баршылық. Ақмола облысының Еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, тек өткен екі жыл облыс аумағында  106 адам жұмыс барысында оқыс оқиғаға тап болып, салдарынан 29 азамат қаза тапқан. Қалғандары түрлі деңгей­дегі жарақат алған. Дегенмен ведомство жүргізген профилактика­лық шаралардың нәтижесінде былтыр алдыңғы 2020 жылмен салыстырғанда қайғылы оқиғалар­дың біршама азайғанын   атап өтті. Бірақ  бұл көрсеткіш жақсарғаны­мен,  өндірістер мен шаруа­шылық­­тарда зардап шегушілер саны   азая қоймапты. «Еңбек инспекторларының қадағалау шараларының нәтиже­сінде 2020 жылмен салыстырғанда қайғылы оқиғалар саны былтыр 51,4 пайызға төмендеді. Дегенмен өндіріс орындары мен шаруа­шылықтарда әлі де болса зардап шеккендер азайған жоқ. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 9 адам, тау-кен өнеркәсібінде 6 адам, коммуналдық шаруашылық кәсіпорнында 4 адам,  бюджет және құрылыс саласында 3  адам және автокөлік саласында 1 адам қайғылы оқиғаға тап болған. Бар­лық оқыс жағдайлар бойынша ар­найы тергеу шаралары өткізіліп, өндіріс орындарындағы оқыс жағ­дай туралы акті жасалған. Олардың нәтижелері бойынша жұмыс берушілер мен жұмысшылардың кінә­сінің үлесі анықталды. Атал­ған материалдардың барлығы тиіс­­ті процессуалдық шешімдер қа­былдау үшін ішкі істер органдарына  жолданды», – дейді Ақмола облысы Еңбек  инспекциясы бас­қар­масының  басшысы Амангелді Смайылов. Ведомство өндірістік жарақат­тарды төмендету мақсатында өңірдің 23 кәсіпорнында еңбек жағдайы бойынша аттестаттау да өткізген. Анықталғандай облыс­тың 927 кәсіпорны мен ұйымында еңбекті және қауіпсіздікті сақтау бойынша өндірістік кеңес құрыл­са, 465 кәсіпорында қауіп­сіздік техникасы инженері жұмыс­тан босатылыпты. Ал 222 кәсіп­орында ұлттық және халықаралық еңбекті қорғау және қауіпсіздік стандарт­тары енгізіліпті-мыс. «Оқыту-консультативтік орта­лықта  2 546 басшы  мен маман Қазақстан еңбек заңнамасы бо­йын­ша оқытудан және аттестаттаудан өтті. Зиянды  жұмыс орындары мен өндірістік жарақатты төмендетудің 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде  Vision Zero  тұжырымдамасы бойынша 1 744 кәсіпорынмен меморандум жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасын орындау мақса­тында облыстағы іргелі бес кәсіп­орында, атап айтқанда  Altyntau Kokshetau  кәсіпорнында, Степногор қаласындағы «Степногор су арнасы», Бурабай ауданындағы «Азия котломаш» және «Азия Құрылыс» компаниялары мен Степногор қаласының Білім бас­қармасына «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді», – деп толық­тырды Амангелді Смайылов. Тиісті ведомство жағдайдың бақылауға алынғанын баса айт­қаны­мен, өңірде еңбек құқығының бұзылуына қатысты, яғни Қыл­мыс­тық кодекстің 156-бабы бо­йынша қылмыстық істер көбейген. Ақмола облысы Полиция департа­ментінің берген деректеріне сенсек, өңірде тек былтырдың өзінде еңбек құқығы бұзылған қарапайым жұмысшыларға қатысты 30 қыл­мыс­тық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу органдарының мәлі­метін­ше, еңбек құқығының бұзы­луы негізінен алғанда жұмыс беру­­шілердің кінәсінен болғаны анықталған. Әсіресе, құрылыс орындары мен өндірістік кәсіп­орындарда жұмысшылардың қауіп­­сіздік ережелерін сақтауға нұсқаулықтар мен оқытулардың өткізілмеуінен қайғылы оқиғалар болған. Мұны Ақмола облыстық соты да растады. «Ақмола облысының соттарында былтыр Қылмыстық ко­декс­тің 156-бабы «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша 2 тұл­­ғаға қатысты қылмыстық іс қарал­­ды. Өкінішке қарай, қос істе де қайғылы оқиға жұмысшылардың өндіріс орнында жұмыс істеу ке­зінде қаза болуымен аяқталған. Сот отырысы барысында бұл қай­ғылы  оқиғалардың әрқайсы­сында жұмыс берушілердің жұмысшылар өмірі мен денсау­лығы­ның қауіп­сіздігіне еш мән бермегені анық­талды. Қос оқиға кезінде де жұ­мыс­шылар тиісті оқудан өткізіл­местен, медицина­лық қараудан өтпестен жұмысқа жіберілген», – дейді Ақмола об­лыс­тық сотының баспасөз қыз­меті. Мәселен, Аршалы ауданының аумағында қиыршық тас өндіру­мен айналысатын  Road Minerals  компаниясының директоры тас үккіш ауыр құрылғыда қаза болған жұмысшының өлімі үшін 2 жыл 6 ай мерзімге, Атбасар ауданындағы «Ботагөз» сауда үйінде тоңазыт­қышты аңдаусызда  ұстап қалып ток соғып қайтыс болған дүкенші­нің өлімі үшін жеке кәсіпкер 2 жылға бас бостандығынан шектелген.

P.S.

Қалай десек те, күнкөріс үшін ауыр еңбекке жалданып, тиын-тебен тауып жүрген қарапайым жан­дардың қауіпсіздігі аяқасты қалып жатқаны алаңдатады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін аталған сала­лар­дағы қауіпсіздік пен жұмыс берушілердің жауапсыздығы белең алған. Тиісті органдар тарапынан экономиканың күретамырын бүлкіл­детіп отырған жұмысшы­лардың  жағдайына  да назар аударылса, құба-құп болар ма еді дей­сің...

Ақмола облысы