Петропавлда мас әйел екі баласын қараусыз қалдырған
Петропавлда мас әйел екі баласын қараусыз қалдырған
436
оқылды
Петропавл қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының қызметкерлері екі баласы бар 37 жастағы әйелді ата-ана құқығынан айыру үшін материал жинастыруда. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Таңертең ертемен Бірінші полиция бөліміне Копай көшесіндегі жер үйлердің бірінде екі бала – жеті жастағы қыз бен үш айлық ұл бала қараусыз қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Олардың аналары үйде болғанымен, удай мас екен. Медициналық куәландыру осыны көрсетті.  width= Мән-жайды анықтау кезінде аталған үйде екі баласымен ешқайда жұмыс істемейтін әйелдің тұратыны анықталды.
Бүлдіршіндер облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Аталған әйел полицейлердің назарына алғаш рет ілігіп отырған жоқ: ол қалалық Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімінде есепке алынған. Қалалық әкімдіктің қасындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысында оған қатысты мәселе қарастырылғаны күні кеше. Сондай-ақ, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік жауапқа тартылған. Қазіргі уақытта қалалық қорғаншылық және қамқоршылық бөліміне материалдар жинастырылуда.
Петропавл қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Эльмира Абушеваның ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша 43 ата-ана жауапқа тартылған. Қалалық полиция есебінде 86 отбасы тұр, оның 8-і осы жылы есепке қойылған. Кәмелетке толмағандардың тарапынан және оларға қатысты қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысы күнделікті жүргізіледі және облыстық полицияның ерекше бақылауында.