Корпорация қызметіндегі мін түзелмеді
Корпорация қызметіндегі мін түзелмеді
338
оқылды
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жұмысы көңіл көншітпей тұр. Былтырдан  бері атқарған қызметі сын садағына ілінген мекеме биыл да жүрісінен жаңылып отыр. Әсіресе, «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы жүйесін таппай, тура жолдан тайды. Осы және өзге де мәселелерді  қараған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевтың есебін жоққа шығарды. Жалпы, мекеменің өткен жылғы бес айдағы жұмысы да қатаң сынға алынған. Ол кезде іске аспай жатқан инвестициялық жобалар күн тәрті­біне көтерілген. Олар – «Қаралма» спорттық-туристік базасының құры­лысы, Меркі ауданында ауызсу өн­діру және Тараз қаласында автомобильге газ құю стансаларының желі­сін құру жоба лары. Сол тұста «Тараз» ӘКК» АҚ өкілдері «Жобалардан шығу және инвестицияларды қайтару бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз» деп ақталған. Алайда «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басшысы Нұр­ғали Көрпетаев  кәсіп­кер­лікті қолдау мақсатында жобаларға бөлінген қаржының мақсатты әлде мақсатсыз жұмсалғанын дөп басып айтып бере алмады. Атап айтсақ,  кор порация­ның «Мерке-Финанс-кредит» филиалы арқылы Сарысу мен Талас аудандарының тұрғындарына кәсіп ашу үшін 120 миллион теңге беріл­генімен, басқарма  филиалдан бірде-бір ақпарат ала алмаған. Сон­дай-ақ әлеуметтік дүкендерде азық-түлік түрлері де таусылып, күнбағыс майы  73 теңгеге қымбаттап кеткен. Сыннан сабақ шығарады деп үміттенген корпорацияның наурыз айында да басы дауға қалды.  Оған себеп – бағаны бақылауда ұстайды делінген мекеме тұрақтандыру қо­ры­на берілген 632 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндіріп бере алмады. Нақтырақ айтсақ,  «Көк­жиек» ЖШС қаңтар-ақпан ара­лығына белгіленген 25 миллион тең­ге өнімінің тек 5,6 миллион тең­ге­лік өнімін ғана өткерсе, «БМК» ЖШС-не берілген 26 миллион тең­генің тек 7,6 миллион теңгесі игеріл­ген. Ал картоп өндірушілерге беріл­ген 127 миллион теңге несиенің есе­бі болса, мүлде жасалмағаны бел­­гілі болды. Мұндай жүйесіз жұмыс билік­тегілердің ғана емес шаруалардың да шамына тиді. Еңбек адамдарының атынан сөз алған  Жуалы ауданын­дағы «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев корпорациядан еш көмек  жоқ екенін ашып айтты. – «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» мекемесінің негізгі жұмыстарының бірі – бағаны тұрақ­тан­дыру. Алайда олардың өздерінің қоймалары жоқ. Содан олар сапасыз арзан дүниені сатып алады да, сауда орындарына дер кезінде жеткізіп бермейді. Бір ғана Жуалы ауданын мысалға алсақ, көктемнің кезінде картоптың отаны саналатын елді мекенде картоп бағасы 340 теңгеге шарықтап кетті. Оған себеп – өнімнің бәрін алыпсатарлар егістік басынан сатып алып кеткен. Нәтижесінде  жер­гі­лікті билік картопты Пәкістан, Иран сияқты мемлекеттерден әкелуі­не тура келді. Менің өзімнің үш қоймам халықты мамыр айына дейін картоппен қамти алады. Алайда жалғыз менің шаруашылығым бүкіл облысты картоппен қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Сондықтан корпор­ация­ның өз қоймасы болып, келісімшарт негізінде шаруалардың өнімін егістік басынан сатып алатын болса, бағаға қатысты қиындық туындамас еді, – дейді шаруа  К.Бегалиев. Сонымен қатар шаруалар    «Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» ашылғанын естігенін, бірақ жұмысын білмейтінін айтты. Себебі үгіт-насихат жұ­мыс­тары мүлде жоқ. Ондағы мамандар  ауыл­дарды аралап, түсін­діру жұмыс­тарын жүргізбепті. «Ал «Әлеуметтік дүкендерді» ашуға да аудан әкімдері құлықты емес. Өйт­кені корпорация тарапынан оларға ешқандай көмек жоқ. Өздерінің қоймалары болмаған­дықтан өзгені қалай жарылқасын?», –дейді шаруалар. Былтыр  бірқатар өңірде қуаң­шылық болып, шөп жетіспеушілігі туралы айтылып жатты. Алайда Жам­был облысында шөп жетеді. Бірақ шаруалардың соны шауып алатын техникасы мен жанармайы жоқ. «Корпорация осы жағынан көмек­тессе, бұл түйткілдің де түйіні тарқар еді» деген пікір білдірді шаруалар. Осылайша, еңбек адамдары  кә­сіп­керлерді қолдау мекемесінің «атына заты сай болса» деген тілектерін жеткізген. Алайда  жыл бастала сала корпорацияның жұмысы тағы сыналып жатыр. – «Тараз» ӘКК» АҚ-ның негізгі мақ­саты – инвестиция тарту. 10 ау­дан­дағы өкілдеріңіз бұл үдеден шық­пақ түгілі негізсіз жалақы алып кел­ген. Ал пилоттық жоба аясында бұған дейін облыс бойынша 11 ауылдық округке 45 мың бас мал әкелінді дейсіздер. Бірақ іс жүзінде олардың нақты саны белгісіз. Пилоттық жоба аясында жұмыс­сыз­дардың саны азайды ма? Бір жарым жылдан бері тиісті талдау жұмыстары жүргізілмеген, – деген облыс әкімі мекеме немен айналысып отырғанын білмейтінін қатаң сынға алды. Сондай-ақ аймақ басшысы  кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының шекті деңгейден асып кеткенін баса айтты. –Бағаны бақылауда ұстау. Кор­порацияның жұмысын ұтымды үйлес­тіру. Инвестиция тарту. Қолға алын­ған жобалардың нәтижелері бойынша нақты талдаулар жүргізіл­меген, – деген Бердібек Сапарбаев  мекеме басшысына талапты тапсырмаларын жүктеді. Иә, байқап тұрсақ «Тараз» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы сыннан сабақ шығармақ түгілі, күн өткен сайын бағытынан айнуда. Бұл, әрине, мекеме басшылығына да, оның қызметін тұтынып отырған кәсіпкер­лерге де жақсылық әкел­мей­тіні анық. Сондықтан осы бағыт­та нақты бір шешім қабылдау керек сияқты...

Жамбыл облысы