Сусыз қалған ауылдар
Сусыз қалған ауылдар
459
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында ауызсу мәселесі әлі күнге дейін түпкілікті шешімін таппай келе жатыр. Бүгінде өңірдегі 229 ауыл­дың 49,5 мың тұрғыны таза ауызсуға жарымай отыр. Санитарлық талаптарға сай келмейтін радиацияланған су ішіп отырған ауылдар да бар. Облыс тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін «Есіл су» кәсіпорны филиалының мәлі­метінше, Есіл топтық су құбы­рына қосылған елді мекендердің су тарату және бұру желілері әбден тозған, қолдануға жарамсыз. Оларды толығымен ауыстыру керек. Ең көп зардап шегіп отырған – Шал ақын ауданының тұрғындары. Мұндағы 18,8 мың тұрғынның тек 11 пайызы ғана, яғни 42 елді мекеннің алтауы ғана Есіл топтық су құбырының орталықтандырылған суымен қамтылған. Қалған 36 ауыл құ­дық немесе скважина қазып, күн көреді. Бұл – аудан тұрғындары­ның 67 пайызы. Аудан аумағында Есіл өзені ағып өтетіні, Сергеев су қоймасы, Есіл және Көкшетау топтық су құбырларының сорғы стансалары  орналасқанына қарамастан, шалақындықтар суға жарымай отырғаны ақылға қонымсыз. «Таза ауызсу әрбір үйде, әр­бір отбасында болуы міндет», –деп ел Президенті қадап айтқа­ны­на қарамастан, бүгінгі жағдай осындай. Шал ақын ауданындағы 42 елді мекеннің 36-сында орта­лық­тандырылған су болмаған­дық­тан, тіршілік нәрін үйге енгізу туралы сөз тіпті қозғалмайды. Алайда статистикалық есептерде шалақындықтардың 59 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған делінеді. Себебі ау­дан­дағы 18 мыңға жуық тұр­ғын­ның 8 мыңы аудан орталығы Сергеевка қаласында тұрады. Шал ақын ауданына қарасты 15 ауылдың 4 600 тұрғынын сапалы ауызсуға қарық қылу мақ­са­тында әу баста үш жоба жасал­ған-тын. Сол жобалар бойынша Есіл және Көкшетау топтық су құбырына қосылған елді мекен­дердің су желілері қайта жаңғыр­тылуы немесе жаңадан салынуы тиіс болатын. Екі жобаның жоба­лау-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптама­ның оң қорытындысын алған. Алайда одан бері үш жыл өтіп кеткендіктен, биыл сәуір-мамыр айларында құжаттардың мерзімі аяқ­талады. Одан соң тағы шы­ғын­­данып, қайтадан құжаттама әзірлеу қажет болмақ. Тіпті, қазірдің өзінде бұл құжаттар ескірген. Себебі үш жылда баға шарықтап кеткен, екі есе айырмашылық бар. Құжаттамада көрсетілген сандар нарық баға­ына мүлдем сәйкес келмейді. Оларды түзетіп жатқан ешкім жоқ. Ал үшінші жобаны мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тындысын заң талаптары өрескел бұзылғандықтан,  «Сараптама ұйымдары палатасы­ның» тәр­тіптік кеңесі 2019 жылы жоққа шығарыпты. Содан бері бұл жоба әлі жасалып болмай жатыр. Бекітілген жобалар неге екені белгісіз, бірнеше жылдан бері жүзеге аспай келеді. Жергілікті атқарушы және өкілетті органдар 2019-2021 жылдар аралығында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитетіне бірнеше рет жүгінгенімен, одан еш нәтиже шықпаған. Былтырғы бір жыл­дың ішінде облыстың 6 ауданы­ның әкімдігі, оған дейін Шал ақын аудандық мәлихаты екі рет министрлікке жүгінген! Облыс әкімі орынбасарының хаты да жол­данған. Аудандық мәслихат­тың хатынан басқасының бәрін де министрлік өкілдері мүлдем елемеген, бірде-біреуінен жауап жоқ. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» сиқы – осы.

БАР ГӘП ҚАРЖЫДА

«Nur Otan»  партиясының Партиялық бақылау комитетінің отырысында министрлік өкілінің қаптаған сұраққа жауап беруіне тура келді. Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров түсіндіргеніндей, бар гәп қаржыға келіп тіреліп тұр. Сәуір және мамыр айларында жобалау-сметалық құжаттама­лардың мерзімі аяқталатын­дықтан, құрылыс жұмыстарын тез арада бастау керек. Министрлік өкілі оған дейін үлгеретін­дерін және 2 жылда жобаны аяқтайтынын  айтып сендірді. Бұған Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Абай Байкенжин  күмән келтірді. «Сол­түстікқазақстандықтарды сумен қамту сақалды мәселеге айналды. Осыдан үш жыл бұрын дәл осы мәселені қарастырғанымыз есімде. Содан бері «Баяғы жартас – бір жартас». Бұл – менің туған өңірім. Онда алты ай бойы қыс. Ауа райының ерекшеліктерін ескеру керек. Күннің суығында қалайша жұмыс жүргізіп, 2 жылда құрылысты аяқтамақсыздар?», – деді ол. Нұрлан Алдамжаров мүмкін­дігінше құрылысты тоқтатпауға тырысатындарын, аязда сорғы стансасының ішінде, жылы күн­дері далада жұмыс істейтіндерін айтып түсіндірді. Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Абай Тасболатов комитет төрағасына Солтүстік Қазақстан облысын сумен қамту мәселесін тікелей өз бақылауына алуды ұсынды.

РАДИАЦИЯЛАНҒАН СУ ІШІП ОТЫР

Ал әзірге Сухорабовка мен Ольгинка ауылдарының тұрғын­дары радиацияға ұшыраған су ішіп, ағзасын улауда. Сухорабов­калықтар бұл скважинаны өз күштерімен қазыпты. Тұрғындар ішіп отырған судың радиациялық фоны жоғары екенін мамандар дәлелдеген. Соңғы бес жыл бойы санитар дәрігерлер «бұл су көзін жабу керек» деп дабыл қағып жүр. Алайда ауылдықтар жалғыз су көзінен бас тарта алар емес. Бұл екі ауыл да қаржы жоқтығына байланысты тоқтап қалған жобаларға енгізілген. Солтүстік Қазақстан облыс­тық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, сондай-ақ Тимирязев, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да су тапшы. Бұл  әлеуметтік шиеленіске әкеліп соғады. Шағым көп. 2020-2021 жылдары «Nur Otan» партиясы­ның облыстық және аудандық филиалдарына ауызсуға қатысты 40 шақты шағым келіп түскен. Партиялық бақылау комис­сия­сының төрағасы, облыстық мә­слихат депутаты Ерлан Алпысов­тың айтуынша, тұрғындар колонкалар салынғанын немесе жөнделгенін, жергілікті су көз­дерін қалпына келтіруді, үйле­ріне су кіргізуді қалайды. Әрине, мұндай игіліксіз ауыл­­дың дамуы туралы сөз қоз­ғау­дың өзі артық. Ендігі үміт – Қаржы министрлігінде.

Солтүстік Қазақстан облысы