Қос азаматтықпен жүрген қариялар көп
Қос азаматтықпен жүрген қариялар көп
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
281
оқылды
Екі елдің азаматтығын алып, алаяқтыққа бара­тын­дар қос елдің зей­нет­ақысын да қалтаға басудан қымсынбайтын болды. Ал қарттардың қитұрқылығын жауапты қызметкерлер қа­лай байқамаған? Бей­нет­тің зейнетін көрер кез­де «алаяқ» атанған қария­лар заңсыз төлема­қы­ны қай­тара ма? Қолданыстағы заңға сүйенсек, қазақ­стандықтар басқа елдің азаматтығын алмас бұрын біздің есептен шығуы тиіс. Бұл үшін Ішкі істер органдарына басқа мемлекеттің азаматтығын алу туралы бір ай бұрын ха­барлап, жеке куәлігін тапсыру міндеттеледі. Азаматтық туралы заңнаманы бұзғандарға жауапкершілік те қарастырылған. Мәселен, Қазақстан азаматтығынан айырылғандар біздің елдің паспортын және жеке куәлігін пайдаланса, 100 АЕК-де айыппұл салына­ды. Егер шетел азаматтығын алу туралы ха­барламаса, 200 АЕК айыппұл қарасты­ры­лып, әкімшілік жолмен елден шығары­лады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі адамдар, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкім­шілік-шаруашылық функцияларды орын­дайтын адамдар жасаған осы баптың бі­рінші және екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер 300 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Не болмаса, елден шығарылады. Алайда бұл заңнама азаматтық алудың ережесін айналып өтетіндердің әрекетіне тосқауыл жоқ. Олай дейтініміз қазақ­стан­дықтардың өзге елдің азаматтығын алғаны автоматты жүйеде көрсетілмейді. Салда­ры­нан соңғы жылдары қос азаматтық ала­тындардың саны артып келеді. Былтыр он айдың өзінде ғана ШҚО аумағында тәр­тіп сақшылары «қос азаматтықпен» жүрген 60-тан астам адамды анықтады. Мұндай оқи­ға­лар бұған дейін Қостанай мен БҚО-да бел­­гі­лі болды. Мәселен, былтыр 14 жыл бұ­­рын басқа елдің азаматтығын алған қоста­най­лыққа сот үкімі шықты. Ол осы жылдар ішінде Қазақстанның паспорты мен жеке куәлігін пайдаланған ол заңсыз түрде 9,5 млн теңге көлемінде зейнетақы төлемдерін алған.

Қос азаматтықты қолдайтын келісім

2019 жылдан бері Ресей зейнетақы қоры мен Қазақстанның «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірік­кен келісім негізінде зейнеткерлердің элек­трондық базасын екіжақты тексере бастады. Келісімге сәйкес былтыр да «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­ция­сының мамандары Ресейдің зейнетақы қо­рына сұрау жолдаған. Ондағы мақсат – зейнетақы алған қазақстандықтар туралы мәлімет алу. Нәтижесінде, бір ғана Ақтөбе облысының өзінде екі елдің зейнетақысын алып келген 40-тан астам зейнеткер анық­талыпты. Еңбек, әлеуметтік қорғау және кө­ші-қон департаменті бастығының орын­басары Нұрлан Мәжитовтың айтуынша, екі елдің зейнетақысын алып келген 46 зейнет­кердің 11-і өз еркімен заңсыз алған ақша­сын қайтаруға келіскен. «Ресейде зейнетке шығу жасы 60. Ал біз­де ер адамдар үшін 63. Олар алдымен Ре­сейдің зейнетақы қорына өтініш жазған. Олар сол елдің зейнетақы төлемін ресімдеп алған соң 3 жылдан кейін Қазақстан заң­намасы бойынша зейнетке шығады. Алайда кейбір құқық қорғаушылар бұл заңды деп санайды. Олардың айтуынша, ЕАЭО елде­рінің азаматтарын зейнетақымен қамт­а­масыз ету туралы келісімге сәйкес, әрбір аза­мат ол мемлекеттерде 2, 3 зейнетақы ала алады», – дейді Нұрлан Манарбекұлы. Дегенмен көрші елде зейнетақы таға­йын­далғанын жоққа шығарған қариялар­дың ісін құзырлы орындар жіті тексеріп жатыр. Ендігі жерде зейнетақыны заңсыз алғандарға әлеуметтік төлемдерді жасау жұмысы тоқтатылып, ондаған миллион тең­гені қайтару туралы сотқа арыз да жол­да­ныпты. Халықаралық келісім болған күн­­нің өзінде қос азаматтық алу Қазақ­стан­да заңсыз болып есептеледі. Сол се­бепті бізден бұрын Ресейдің зейнетақы тө­лемін иемден­гендер «алаяқтық» жасаған болады.

Алаяқтық схемасы артқан

Қариялардың қитұрқылығын құзырлы орындар қайсы тұстан бастау керек? Был­тыр депутаттар «қос зейнетақы» мәселесін біржола шешу керектігін айтқанда осы мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне төтесінен қойған. Мә­жіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік бюд­жет­тен зейнетақы төлеу бөлігінде мемле­кет­тің әлеуметтік міндеттемелерін орын­дау­ға шамамен екі триллион теңге бөлінеді. Бірақ бөлінген қаржы әлеуметтік қамсыз­дандыру саласындағы алаяқтық схемалар­дың артуына алып келген. Елден тыс жерде өмір сүріп, басқа елдің қамқорлығына алы­на тұра Қазақстанның да қолдауын заң­сыз пайдалануда. Қос зейнетақы алатын­дар­ға қатысты талап арыздардың саны да артып, өндіріп алудың орташа мөлшері 6 миллион теңгеге дейін жеткен. Оның себе­бін депутат елдегі зейнетақымен қамсыз­дан­дыру туралы заңның осалдығынан іздейді. «Бізде зейнетақы алуға ел аумағында тұрақты тұратын азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқығы бар. Ал қоныс аударған кезде бұрынғы тұр­ғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу де тоқтатылады. Алайда адамдар зей­нетақы төлемдерін басқа мемлекеттің аумағында тұрып немесе өзге елдің азаматтығын қа­был­дап алуды жалғастыруда. Өйткені зейнетақы төлеу бойынша қызметті банктер клиенттердің карт-шоттарына проактивті түрде жүзеге асырады. Сол себепті төлем алушылар зейнетақы заңнамасының сақта­луын бақылау жөніндегі уәкілетті органға, азаматтығының ауысуы туралы көші-қон қызметіне де хабарламайды», – дейді де­путат. Сондықтан Екатерина Смышляева көші-қон және шекара қызметтері елдегі зейнетақы төлемдерінің әкімшісі арасында жүйелі ведомствоаралық өзара іс-қимыл қажет екенін айтқан. Қажет болған жағ­дай­да технологияның мүмкіндігін қарастырып, Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп халықаралық келісімнің нормаларын қайта қарау қажеттігін де алға тартты. Айтуынша, «қос азаматтық» алатын қарияларға тоқтам болмаса, бейнеттің зейнетін адал жолмен алатындарға қатысты әлеуметтік әділеттілік қағидаттары бұзылады.

Басты мәселе базада ма?

Бірақ техникалық мүмкіндік «алаяқ­тарға» тосқауыл бола алмайды. «База жасап, өзге елдермен интеграция жасау сонша­лықты қиын шаруа емес. Ең алдымен көшу кезіндегі зейнетақы туралы нақты қадамдар болу керек. Себебі әрбір мемлекет өз аза­мат­тарының жеке басына қатысты ақпарат­тық мәліметтерді құпия ұстайды», – дейді ІT маманы Теңел Тоқмырзаев. Оның пікі­рінше, осы елде еңбек етіп, зейнетақы қо­рына ақша жинаған азаматтарымызға зей­нетақы бере беру керек. Ал өзге елден тағы зейнетақы алып жатса, одан біздің бюд­жетке келетін зиян жоқ. Егер Ресейдің азаматы келіп біздің азаматтықты алып, зейнетақыны Қазақ­стан­нан алғысы келсе Ресейде жинаған зейнетақы қорындағы ақшаларын аударып алып, сол бойынша зейнетақы мөлшерін ішкі талап­тарға сейкестендіру керек. Бірақ Теңел Тоқ­мыр­заев «әлемдегі барлық мемлекетпен ақпарат алмасып, интеграция жасау тиімді шешім емес» деп санайтынын жеткізді. ІT маманы Мейіржан Әуелханұлы да екі мемлекеттің базасы екі түрлі болғандықтан техникалық мүмкіндіктен қарағанда «қос азаматтықпен» жүргендерге салатын айып­пұл мөлшерін арттырып, жауапкершілікті қатайту оңтайлы болатынын айтады. Өйт­кені ешбір елде ондай ортақ база жұмыс істемейді. Екі елден зейнетақы алатындардың артуына «қос азаматтық» алуға рұқсат ете­тін көрші елдің заңы да себеп. Екіншіден, ақпараттық база алаяқтардың әрекетіне баға бере алмайды. Демек, көрші елдің қамқорлығын сезініп жүргендерге ескірген әдістерді қарастыру да қажет секілді. Бұл үшін жәрдемақы мен зейнетақы тағайындар кезде еңбек кітапшасында «зейнетақы тағайындалды» деген мөр міндеттелу керек.