Биыл тек қаңтар айында Қазақстаннан 2,6 трлн теңге шетелге аударылған. Үкіметке шетелге шығарылған заңсыз ақшаны қайтару тетігін екі айда ұсыну жөнінде тапсырма берілген. Көпшілік «популистік бастама» көрген машақаты көп мәселе қалай жүзеге асады? Қазақстанның миллиардтаған доллар қаржысын «оффшор» асырып, еліміздің қаржы жүйесіне жазылмас жара салғандар жазалана ма?
ЖАУАПТЫЛАР ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР?
Күдікті және шекті операциялар туралы деректерге сәйкес, биылғы қаңтар айында шетелге аударымдар көлемі 2,6 трлн теңге болып отыр. Операциялардың 92 пайызы 9 елге тиесілі: АҚШ-1,1 трлн теңге; Ресей – 814 млрд теңге; Ұлыбритания – 176 млрд теңге; Қытай – 80 млрд теңге; Германия – 79,7 млрд теңге; Лихтенштейн – 44,5 млрд теңге; Швейцария – 43,8 млрд теңге; Гонконг 30 млрд теңге және БАӘ – 29,4 млрд теңге. Бұл туралы жақында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлімдеген еді.
Бірден аражігін ажыратып алайық, «оффшордағының» бәрі бірдей ұрланған ақша емес. Бірі елден заңды түрде шығарылған (оларды қайтару моральдық мәселе). Екіншісі, заңды жолмен табылған, бірақ рәсімдерге сәйкес емес заңсыз алынған ақша. Үшіншісі, заңсыз жолмен алаяқтық арқылы Қазақстаннан кеткен қаражат. Ескеретін жайт, оффшорға ақша шығару Қазақстан заңдарына қайшы келмейді. Сыртқы экономикалық қызмет аясында елден тыс жерлерге ақша аударудың көптеген заңды негіздері бар, мысалы резидент емес құрылтайшыларға дивидендтер төлейді. Бірқатар кәсіпорындар өз қызметінің сипатына қарай шетелдік банктерге ақша орналастырады.
Елден шығарылған қаржының бәрі бірдей заңсыз емес десек те, басым бөлігінің заңсыз жолмен салықтан жалтару мақсатында «оффшорлық» шотқа жасырылуы да мүмкін. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, аумағы жағынан Қазақстаннан 66 есе кішкентай Нидерландтың осы уақытқа дейін елімізге ең көп инвестиция салғаны күмәнді. Нидерланд оффшорлық хаб десек, мұнайдан түскен қаражаттың бір бөлігі сонда қалады. Кейін өзге компания атауымен кеткен ақша қайтып өзімізге инвестиция болып келеді. Елден капиталдың шығуы осындай екі есе тонау арқылы жасалған болуы мүмкін. Осыдан келіп қыруар қаржының көзден бұлбұл ұшуына құзырлы органдардың қызметіне салғырт қарауы мен заңның әлсіздігі себепкер деген ой туады.
Себебі бұған дейін елімізде үш рет ақша мен мүлікті заңдастыру науқаны жүргізіліп еді. Ол кезде Үкімет сыртқа шығарған қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңдер деп ескерткен. Тіпті, ақшасын заңдастырғысы келгендер банктер арқылы салған жағдайда 10 пайыздық алымнан да босатылған. Сырттан қаржының қайтпауына заңның орындалмауы себеп. Қаржылық мониторинг агенттігі бақылау, қадағалау жасауы керек болатын. Бірақ ол жұмыс толық істелген жоқ. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң 2009 жылы қабылданған. Осы заңның орындалуы өз дәрежесінде емес.
Негізсіз баюға қатысты, заң жобасы қабылданған кезде күдікті адам қаражаттың қайдан келгенін түсіндіре алмаса заңға сілтеме жасап, активтерді қайтару мүмкіндігі болады деп отыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.
«Бүгінде Бас прокуратура тарапынан топ құрылды. Олар заңға сәйкес тәсілді қолданады. Қаржылық тергеу болады. Оның мерзімі жоқ, яғни тергеу ақша табылғанша жүре береді. Оған құқықтық көмек беру үшін тапсырма береміз. Екі елмен (Қазақстан және қаржы кеткен ел) келісім болуы керек. Агенттік санкциялап, сұраныс жібереді. Екінші елдің құқық қорғау органдары мүліктің бар-жоғын тексереді. Егер болса, Қазақстан тарапынан санкциялап, шектеу қойылуы керек. Артынша сотталған кезде қаржы заңсыз жолмен алынғаны дәлелденгеннен кейін екінші елдің барлық мүлік немесе қаржыны қайтаруға мүмкіндігі болады», – дейді ол.
КАРИМОВА ҚАРЖЫСЫ ШЕ?
Өзбекстан Гүлнара Каримованың қылмыстық жолмен жинаған қаржысын 4 жыл дегенде қайтарды. Биыл 10 миллион доллар Франциядан, 2020 жылы мамыр айында 10 миллион доллар қайтарылған.
Өзбектер қалай қайтарды? Өзбекстан мен Швейцария арасындағы келіссөзден кейін екі тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының көпжақты траст қорын құруға уағдаласты. Қордың жұмысы Гүлнара Каримоваға байланысты қылмыстық іс бойынша тәркіленген активтерді қайтаруға бағытталады. Тек Каримова емес, өзге де тәркіленген активтермен жұмыс істейді. Қазір 131 миллион доллар ақша Өзбекстанға қайтарылуға дайын тұр деп мәлімдеме жасады Өзбекстан Әділет министрлігі. Қорды басқару механизмі Швейцария, Өзбекстан және Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдерінен құралады. Осылайша, Швейцария мен Өзбекстан автивтерді қайтаруға кіріседі. Гүлнара Каримова жөніндегі өзбек соттарының үкімдерін Мәскеу қалалық соты мойындаған, сол себепті Ресей де Каримованың тәркіленген активтерін сатуды ұйымдастырып жатыр.
Егер «оффшордағы» қыруар қаржының иесі қылмыскер деп танылса, әрине мүлкі тәркіленеді. Ал біздің жағдайда ел Президентінің нақты кімді және оның қандай сомада жымқырғанын меңзегені әзірге белгісіз.
2001 жыл. Есіңізде болса, бір айға созылған рақымшылық шарасында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерді ұлттық экономикаға үлес қосуға шақырған. Нәтижесінде, Қазақстанға 480 млн доллар қайтып келген еді. Қаржыға қатысты рақымшылықтың екінші кезеңі 2006-2007 жылдар аралығын қамтыды. Осы уақытта Отанға 7 миллиард доллар оралды. 2014-2015 жылдары жүргізілген қаржы рақымшылығы да Қазақстанға шетелде сақталған ақшаны қайтартуды көздеді. Осы шара шеңберінде елімізден тыс жерлердегі мүлікті жария ету бастамасы да көтерілді. Алайда отандық олигархтар асықпады. Себебі олар оффшорлық аймақтардағы ақша мен мүлікке қатысты мәлімет құпия сақталатынын жақсы білді.
АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР
Қазақстанға тиесілі қаржыны қалай қайтарамыз? Бұл активтер қай шарттармен және қандай кепілдікпен қайтарылатынына қатысты күрделі күрес пен келіссөздер болатыны белгілі. Себебі 30 жыл бойы заңсыз байыған капитал иелерінің ешқайсы өз еркімен, тек Президенттің шақыруымен активтерін Қазақстанға қайтара қоймас. Осы ойымызды қуаттаған Республикалық заң консультанттары алқасы төрағасының орынбасары Сағидолла Баймұрат бұл мәселені кіші саяси сауда деп отыр.
«Сот шешімі шықса, түскен ақшаның көзі заңсыз деп танылса, мемлекеттер ақшаны қайтарудан өздері де пайда табуы мүмкін. Халықаралық заң фирмаларына, активтерді іздеу бойынша кеңесшілерге хабарласу керек, шетелдік соттар мен құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіну керек. Банк операциялары, ол ақшаны гранттармен қайтаруы мүмкін. Ол ақшаның нақты қылмыстық жолмен келетінін дәлелдемейді, бірақ оның қайдан келгенін растай да алмайды. Растай алмаса, ол ақша шыққан жеріне қайтарылу керек. Әлеуметтік жобалар, мектеп, аурухана салу арқылы қайтаруы мүмкін. Оны бақылайтын ұйымдар керек. Халықаралық банктер болуы мүмкін. Қайтару жолы бар», – дейді С.Баймұрат.
Оффшорлық зонаның салыну себебі – сол елдің экономикалық әлеуетін арттыру.
«Барлық оффшорлық аймақ бір юридикцияға бағынады. Өздерін-өздері жасап алған жоқ. Сәйкесінше 100 млрд доллар болса, оның 60 млрд долларын қайтаруы мүмкін. Қалғанын өздеріне заңдастырады. 10 млрд доллар қаржы Қазақстанға қайтатын болса, осы қызмет үшін біз қаржы о баста құйылған мемлекетке басқа бір нәрсе беруіміз керек. Оны бізге ешкім айтпайды. Біз қайтарамыз, бірақ оның орнына әлденені бересіңдер деп талап қоюуы мүмкін. Бізде алтын көп, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар», – дейді ол.
Егер 10 млрд долларды қайтару үшін 1 млрд доллар жұмсалса, неге қайтармасқа? Егер 10 миллиардты қайтарамыз деп, 15 млрд жұмсайтын болсақ, мұның соңына түсу пайда әкелмейді. Енді Үкіметтегілер кеткен дүниені қайтаруға қанша қаражат жұмсайды, кім жүргізеді, қалай іске асады деген сұрақтар туындауы орынды, сондықтан бұл процесте ашықтық ауадай қажет екені көрініп тұр.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қаржыны қайтарудың екі жолы бар. Бірі – дипломатиялық жолмен шешу, екіншісі – сот арқылы. Қазақстан қай жолды таңдауы мүмкін, қайсысы ұтымды? Бұл сұрақты экономист Арман Байғановқа қойдық.
«Дипломатиялық жолмен шешуді таңдаса, іс көпке созылмайды. Ел Президенті – тәуелсіз ел тарихында екі мәрте Сыртқы істер министрі болған дипломат. Ал сот арқылы шешуді ұйғарса, қымбатқа түседі, 5-10 жылға созылады. Менің ойымша, біз екі амалды да қолданамыз. Бас прокуратура, прокуратура және ҰҚК және Сыртқы Істер министрлігінің қатысуымен дипломатиялық келісімге келеді. Бұл қымбатқа түспейтін еді. Еуропа бұл ақшаларды қабылдағанда қандай жолмен келгенін де білді. Сондықтан олар оны оңайлықпен бермейді. Түбінде соттасуға тура келеді», – дейді ол.
ҰРЛАНҒАНДЫ «ҰРЛАЙДЫ»
Заңсыз қаржыны қабылдаған ел оңайлықпен қайтармайды. 2017 жылы Моңғолияның экс-президенті Халтмаагийн Баттулга мемлекеттік қызметкерлер мен саясаткерлерді, сондай-ақ оффшорлық шоттары бар олармен байланысты тұлғаларды 49 күн ішінде Отанына қайтаруға шақырды. Алайда осы мерзім өткеннен кейін елге ақша түскен жоқ. Елде бұл мәселенің жариялы түрде айтылып келе жатқанына он бес жылдай болды. Бірнеше рет шетелдегі капиталға кешірім жасалды. Бірақ оның нәтижесі аз болды. Даулағандар діттегініне жете алмай жүр. Мәселен, ақпан айының басында Нигерия билігі Ұлыбританияның қылмысқа қарсы ұлттық агенттігін сотқа беріп, Африка елінің бұрынғы диктаторы генерал Сани Абачаға тиесілі шамамен бұғатталған 180 миллион еуроны босатуды талап етті. Бұл қаражат бұрын АҚШ билігінің өтініші бойынша «Нигерия халқына ақшаны қайтаруға уәде беріп» бұғатталған еді.
Абача билікте отырған бес жылда екі миллиардтан төрт миллиард долларға дейін шетелге шығарған. Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Лихтенштейн, Люксембург, АҚШ, Швейцария қаржы институттарына кеткен. Өзі 54 жасында 1998 жасында кенеттен қайтыс болды, бірақ оның миллиардтарын іздеу және тексеру ширек ғасырдан бері жалғасты. 2010 жылы Швейцария соты диктатордың кіші ұлы Абу Аббасқа әкесінің ақшасын жымқырды деген айыппен 24 айға бас бостандығынан айырып, айтарлықтай сома тәркіленді. Бірақ бұрынғы диктатордың ақшасы табылған басқа елдер, олардың заңсыз шығарылғанын мойындағаннан кейін де, қайтаруға асықпайды. Мысалы, АҚШ 2014 жылы Абачқа тиесілі 300 миллионнан астам долларды тәркілеген, бірақ бұл ақша Нигерия үкіметінің шоттарына тек 2020 жылы түскен. 2011 жылы Муаммар Каддафи тақтан құлатылғаннан кейін АҚШ билігі оның 36 миллиард долларлық активтерін, Ұлыбританияда 12 миллиард долларлық активтерін тәркіледі. Бұл ақшаны да Ливия халқына қайтаруға ешкім асықпайды.
2018 жылы ағылшындар «Шығу тегі белгісіз байлық ордері» деген құжат қабылдады. Ол соттың санкциясымен еуропалық емес саяси тұлғаларға және кез келген адамға, оның ішінде ауыр қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған еуропалықтарға қарсы қолданылады. Бұл құжаттың ерекшелігі шығу тегі белгісіз байлыққа қатысты негіздемені сот емес, актив иесі әзірлеуге тиіс. Егер ол кірістің заңдылығын дәлелдей алмаса, сот процесінің келесі кезеңінде бар байлығынан айырылады. Оның активі Британия бюджетінің бүйірін толтырады. Сот актив иелеріне ешқандай шағым жасамайды. Өйткені олардың кінәлі немесе кінәсіз екені даудың негізі болып саналмайды. Сот қылмыстық емес, азаматтық істі қараған болады. Қарсы тараптың ақшасы мен мүлкі тартып алынады. Сот актив иесінен көрсетілген қаражатты қылмыстық емес, адал жолмен тапқанын дәлелдеуді талап етті. «Қазына қаржысына қол салды» деген айып тағылған Молдованың бұрынғы үкімет басшысы ұрланған ақшасынан осылай айырылды.
«Оффшорлық» аймақ құру сол елге қыруар қаржы түсіреді. Ертеңгі күні оның заңсыз екені анықталып, қайтару керек болған күнде қаржы құйылған ел пайдадан құр алақан қалмайды. Жоқ жерден ақша жасайды. Кайман, Сейшель аралдары – оффшор шоттар үшін өте тиімді аймақтар. Онда салық сұрамайды, кез келген қаржыны сақтау тиімді. Аралдарға оффшор шоттар не үшін керек? Онда ақшасын сақтаған компания офисін ашуға міндеттеледі және сол жердегі азаматтарды жұмысқа алуы керек. Соның өзінен пайда табады. Есесіне, онда америкалық салық реттегіші жұмыс істейді. Сол үшін оларда оффшор шоттар мұқият қорғалады, иесін құпия сақтайды. Панама құжаттарында оффшорлар туралы ақпарат тарап кетті. Бұрақ мұндай жағдай сирек кездеседі.
Қорытындысында, қайтарымы қиын болатын қаржыны дауласа жатармыз. Дегенмен елден заңсыз шығарылмауын да қатаңдату керек екені анық. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты мәліметтер ашық болмайынша, қатаң талап болмайынша бәрі қазіргі күйінше қалуы мүмкін. Қазақстаннан қаржыны шығаруға кедергі келтіретін шараларды жүзеге асырып, маңызды экономикалық активтердің меншік құрылымының ашықтығын арттыру жөніндегі шаралар анағұрлым орынды әрі тиімді болар еді. Ал Президент пәрменінің қалай орындалатынын уақыт көрсетеді.