Мүлт кеткен экс-министрлер
Мүлт кеткен экс-министрлер
© коллаж: Әсел Балтақызы
421
оқылды
Өткен аптада экс-Қорғаныс ми­нистрі Мұрат Бектановтың үстінен іс қозғалғаны белгілі болды. Оған қаңтар бүлігі кезінде әрекетсіздік қылғаны жайлы айып тағылды. Бірақ ол істі болған алғашқы экс-министр емес. Тәуелсіздік жыл­да­рында қызметін атқарып жүрген кезінде де, лауазымынан боса­тыл­ғаннан кейін де түрлі себеппен істі болып, айып тағылған, сотталған министрлер мен экс-министрлер аз болған жоқ. Олар кімдер еді? Не үшін тергелді? Осы орайда тәуелсіздік алған­нан бергі аралықта министрдің жайлы кабинетін есігін қара құлып күзеткен камераға алмастырған экс-ми­нистр­лердің «өткеніне» шолу жасап көрген едік. Айыпталған министрлер туралы айта бастағанда апта бұрын басына қара бұлт үйірілген бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов еске түседі. Қаңтар бү­лі­гінен кейін қайта жасақталған Үкіметтің құрамында қалған Бектанов бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде қызметімен қош айтысты. Былтыр тамыз айында ғана министрлік тізгінін Нұрлан Ермекбаевтан алған генерал өз орнын Руслан Жақсы­лықовқа босатып берді. Жаңа министрді ұжымға таныстыру кезінде Президент экс-министрдің әрекетсіздігін сынап, сын сағатында Қарулы Күштердің жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара ал­мағанын айтты. Арада дәл бір ай өткен соң ол Қыл­мыстық кодекстің 452-бабына сай қызмет­тегі әрекетсіздік дерегі бойынша ұсталып, қамауға алынды. Әзірге Бектанов дәл осы баппен айып тағылған алғашқы министр. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ми­нистр қызметінде отырып, қылмысты болғандардың дені қызметтік бабын асыра пайдалану, қазына қаржысына қол салу дерегі бойынша айыпталған екен.

«Энергетиктер» елден қашты

Министрлердің ішінде алғашқылардың бірі болып Мұхтар Әблязов жаза басып, ауыр айып арқалады. 1998 жылдың сәуі­рі­нен 1999 жылдың қазанына дейін Энер­гетика, индустрия және сауда министрі қызметін атқарған М.Әблязовтың былығы ол отставкаға кеткен сәтте әшкере болды. Құқық қорғау органдары экс-министрдің үстінен қаражатты заңсыз иелену, табысын жасыру баптары бойынша іс жүргізді. Осылайша, оның қылмыстық схема құру арқылы мемлекетке 2 миллиард теңгеге жуық залал келтіргені анықталды. 2002 жылдың мамырында сот Әбля­зов­ты 6 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сонымен бірге экс-ми­нистр келтірілген залалдың орнын толты­рып, 2 жыл бойы мемлекеттік басқару қыз­метінен шеттетілді. Дегенмен ол жаза­сын толық өтемеді. 2003 жылдың 8 сәуі­рін­де Президент жанындағы рақымшылық комиссиясына өтініш білдіріп, бостан­дық­қа шыққан. Кейін ол БТА банкінің басшылығында жүріп, жасаған әрекеті үшін қайтадан сотталушы үстеліне жай­ғас­қан. Алайда 2009 жылдан бері Фран­ция­дан саяси баспана алған М.Әблязовқа қатысты сот «ақша жымқырды», «қылмыс­тық топ құрды» деген айыппен сырттай ше­шім шығарып, 20 жылға бас бостан­дығынан айырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әуелі Энергетика және көмір шаруашы­лығы министрлігін, кейіннен Энергетика және табиғи ресурстар министрлігін басқарған Виктор Храпунов та қызметінен кеткен соң істі болды. Ол отставкаға дейін Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарған еді. Экс-шенеуніктің күдікке ілі­гуіне Алматы қаласы әкімі қызметінде жү­ріп, жер телімдерін заңсыз бөлуі себеп болғаны айтылды. Алайда экономикалық сипаттағы 20 қылмыстық іс бойынша айып арқалаған Храпунов та шетелге қашып үлгерді. Алматы қалалық маман­дан­дырылған аудандық соты Виктор Хра­пуновты сырттай 17 жылға бас бостанды­ғынан айырды. Сотта оның Алматы қала­сы әкімі қызметін атқарған кезде орын­басары болған Яков Заяц әкімдік жұ­мысында қателік болғанын мойындады. Жалпы, Храпуновтар отбасына мемле­кетке келген залалдың мөлшері 250 мың долларға тең. Отағасымен бірге күдікке ілінген Лейла Храпунова, Айяр Ильясовтар да мемлекет қаржысын жымқыру, алаяқ­тық, пара алу, ұрланған мүлікті заңдастыру бойынша айыпты деп танылған.

Адасқанның айыбы жоқ па?

Министрлік қызметте жүріп, істі бол­ған­дардың арасында жазасын өтеген соң билікке қайта келгендері де бар. Мәселен, күні кешеге дейін «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметінде болған Абылай Мырзахметов Көлік және коммуникация министрі бо­лып тұрған шағында құқық қорғау орган­дары­ның назарына ілікті. Нақтырақ айт­қанда, Абылай Исабекұлы 1997 жылдан 2001 жыл­ға дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бас директордың орын­ба­сары, бас директоры қызметін атқарып жү­ріп, 1 миллиардтан астам тең­гені жым­қыр­ған екен. Министрдің ұлттық компа­ния­ға басшылық етіп тұрған тұстағы былы­ғын мекеменің шаруашылық қыз­метіне тексеру жүргізген Бас прокуратура әшке­релеген. Осылайша, 2002 жылдың нау­рызында министр қызметінен шетте­тілген Абылай Мырзахметовті сот 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот кезінде экс-министр өзіне та­ғылған айыптың ешбірін мойын­дамады. Жоғарғы Сот судьясы 120 томдық істі қарап, Абылай Мырзахметовке тағыл­ған «қылмыстық ұйым құрды» деген айып­тың негізсіз екенін растады. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған экс-ми­нистр «Қазақстан темір жолына» 1 мил­лиард 151 миллион 145 мың теңге көле­мін­де мате­риалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Атышулы сот процесінен кейін журна­листерге берген сұхбатында Абылай Мыр­захметов «Бастысы, мен бостандықтамын» деп жауап қатты. Расында, экс-шенеунік шартты түрде жазасын өтеп бостандықта жүріп, Dala Group жабық акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі, сауда-өнеркәсіп паласының президенті, президиум төрағасы қызметтерін атқарды. Ал 2013 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төр­а­ғасы қызметін атқарды.

Темір торда текке отырмады

2006-2009 жылдар аралығында Қорша­ған ортаны қорғау министрі болған Нұр­лан Ысқақов та 1 миллиард 100 миллион теңгені қолды еткені үшін жазаланған. Ол бұл іске өзінің орынбасарлары Әлжан Біра­лиев пен Зейнолла Сәрсенбаевты тартқан көрінеді. Сондықтан да болса ке­рек, алғашында экс-министрге ұйымдас­қан қылмыстық топ құрды деген де айып тағылған. Ысқақов бұл айыптауларға соң­ғы сәтке дейін қарсылық көрсетіп бақты. Бұл орайда ол Балқаштағы конденсаторды кәдеге жарату мәселесі өзінің министрлік қызметке келгенге дейін шешілгенін ай­тып ақталды. Нәтижесінде, сот ұйым­дас­қан қылмыстық топ құру бойынша тағыл­ған айыпты негізсіз деп таныды. Сәй­ке­сінше, қазына қаржысына қол салған Ыс­қақов 4 жылға бас бостандығынан айы­рылды. Ал оның орынбасарларына шартты жаза кесілді. Ең қызығы, сот үкім еткен 4 жылдың орнына 2 жылдан кейін бостандыққа шық­қан экс-министр темір тордың арғы жағында құр отырмай «Тұрақты даму стра­тегиясы: озық идеялар мен технологиялар» деп аталатын кітап жазып шығыпты.

Бас дәрігерлер не бүлдірді?

2008-2010 жылдары Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев те пара алғаны үшін темір торға жабылды. 2010 жылдың қыркүйегінде құзырлы орган қызметкерлері экс-министрдің қолына кісен салды. Оған Қазақ мемлекеттік ме­дициналық академиясының қызметкер­ле­ріне арналған көпқабатты тұрғын үйді қабылдап алу үшін 6 пәтерді «сыйлық» ре­тінде алды деген айып тағылды. Заңсыз жол­мен алынған пәтерлер ректордың туыс­тарының атына жазылып, кейін са­тыл­ған екен. Іс барысында денсаулығы сыр берген Досқалиевті сот 2011 жылы 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Алайда 2012 жылдың ақпанында Президент оған кешірім жасап, жазасын өтеу мерзімін 2 жылға дейін кемітіп берді. 2012 жылдың наурызында бос­тандыққа шыққан Досқалиев 2013 жыл­дан бастап республикалық транс­план­тация орталығын басқарады. Денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың мау­сымына дейін басқарған Елжан Біртановқа да алғашында аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ысырап етті, лауазымдық өкі­леттіктерін теріс пайдаланды деген айып тағылды. Пандемиямен күрестің алдыңғы шебінен табылған ведомствоны басқарған Біртанов 2020 жылдың маусымында ми­нистр қызметімен қоштасты. 2020 жыл­дың қазанында құзырлы орган қызмет­керлері құрықтаған экс-министр қазір үйқамақта отыр. Тергеу кезінде сот шешімімен экс-министрді қамауда ұстау мерзімі 8 рет ұзартылған. Елордалық сот 141 томнан тұратын Біртанов ісі бойынша әзірге ешқандай шешім шығарған жоқ.

Жастықтың оты жалындап...

Небәрі 27 жасында Индустрия және сауда министрінің орынбасары, ал 36 жасында Ұлттық экономика министріне дейін көтерілген Қуандық Бишімбаев та мемлекеттік қызметтегі мансабын абырой­сыз аяқтады. 2017 жылдың 17 қаңтарында ұсталған Қуандық Бишімбаевқа бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бір­неше рет пара алды деген айып тағыл­ған. Кейін бұл мәліметті Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы ұлттық бюро да растады. 2018 жылдың қаңтарындағы сот отыры­сының бірінде Бишімбаев Елбасы мен Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Ал 2018 жылдың наурызында Астана қалалық қылмыстық істер бойынша мамандан­ды­рылған ауданаралық сотының шешімімен экс-министр Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды. Дегенмен ол арада 1,5 жыл өтпей мерзімінен бұрын босатылды. Министр – Мемлекет басшысы сенім білдірген лауазым иесі. Жоғарыда келтірген мысалдар шенеуніктердің кейбірі сол сенімнің үдесінен шығуға барын салудан бұрын қара басының қамын күйттеп ке­тетінін көрсетеді. Өкініштісі сол, әрекетінен соң тұтас жүйенің жұмысына сенімсіздік пайда болады. Бұл орайда бұрынғылардың бұрыс тірлігі бүгінгілерге ащы сабақ болар деп үміт­те­неміз. Әрі Президенттің өзі жаңа саяси ұста­нымдармен «Жаңа Қазақстанды» құ­руға ден қойғанда сол істе ерен жауапкершілік жүктелген Үкімет мүшелерінің әр қадамын аңдап басқаны керек.