Қарағанды облысы Саран қаласында Sunpaper серіктестігі қағаз өнімдерін шығарады. Отандық өнім сұранысқа ие. Мұнда күнделікті пайдалынатын заттардың бірнеше түрі шығарылады.
Мысалы, «Нәзік сұлулық», «Шампанның шашырауы» атаулармен зауытта мерекелік және түрлі-түсті майлықтар шығарылады. Жалпы алғанда, кәсіпорынның ассортименті мол – дәретхана қағазы мен майлық, қағаз сүлгілерден бастап дәретхана жабындарына дейін шығады.
Sunpaper – жас компания. Кәсіпорын бірнеше жыл бұрын өзінің өндірістік алаңын Алматыдан Қарағанды облысының моноқаласына көшірді. Бұрынғы автобаза орнында заманауи жабдықтары бар цехтар салынды.
– Мұнда бұрын автобаза болды, ол құлдырау жылдарында жабылып қалған еді. Аумақ қолдан-қолға өтті: пластикалық терезе жасалды, содан кейін әртүрлі құрылыс компаниясы жалға алды. Осылайша, алаң құлдырап қалды. 2014 жылы біздің компания сатып алды. Қалпына келтіру жұмыстарын, ғимараттарды қайта жаңартуды, цех, қоймаларды жөндеп, дайындау жұмыстарын жүргіздік. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін құрылғыларды Алматыдан Саранға тасымалдау және өндірісті біртіндеп іске қосу басталды. 2017 жылдың аяғынан бастап өндіріс толығымен осында көшірілді. Қазір Алматы мен Нұр-Сұлтанда филиалымыз бар, – деді Sunpaper ЖШС өндіріс жөніндегі менеджері Игорь Пехтерев.
HoReCa секторы қонақүй және мейрамхана бизнесі үшін кәсіби өнімнен басталған екен. Мұнда қоғамдық орындарда пайдалану үшін қағаз өнімдерін шығара бастады: майлықтар, қағаз сүлгілер, «джумбо» дәретхана қағазы. Бұрын Қазақстанда мұнымен ешкім айналыспаған болатын, сондықтан нарықта ол өз орнын алды. Сапасы да импорттық тауарлардан кем түспейді.
Уақыт өте келе станоктар жаңартылды, ассортимент өсті, тұтынушылар саны артты. Бүгінде майлық, қағаз сүлгілерді үйде пайдалану үшін сатып алуға болады. Тауар ірі супермаркеттерде сатылады.
– Осында жұмысқа орналасқанымда бір үлкен қағаз орамын алып, оны кішкене орамдарға ораудың не қиындығы бар деп ойлаған едім. Шын мәнінде, көптеген техникалық құпия бар, оның ішінде жұмсақтық беру үшін қағаз қабаттарының бедерленуі мен лами-
нациялануын қамтамасыз ету керек. Біз тек 100 пайыз целлюлозадан өнім шығарамыз. Бұл оның сапасына әсер етеді, – дейді менеджер Игорь Пехтерев.
Бұл зауытта 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Ұжым негізінен жас мамандардан құралған. Олардың басым бөлігі – әйелдер, олар конвейерде тұрады, орауыш-төсегіштермен жұмыс істейді.
– Әйелдердің саны ерлермен салыстырғанда 60/40 пайызды құрайды. Өзім Орталық Қазақстан академиясының түлегі болып жұмысқа тұрдым. Сала соншалықты кең емес, Қарағанды облысында біз осындай жалғыз өндіріспіз. Біз мамандарды өзіміз үшін дайындаймыз және қызметкерлер үшін ең қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Тегін тамақ, жұмыс автобусы кәсіпорынға және ауысымнан кейін үйге жеткізеді, – деді Игорь Пехтерев.
Мұнда тек Саран қаласының ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың да тұрғындары жұмыс істейді.
– Мен білімім бойынша техник-құрылысшымын. Осы мамандық бойынша білім алған соң кішкентайлы болдым, декретте отырдым. Жаңа өндіріс ашылып жатқанын естіп, жұмысқа келдім. Мұнда цех негізі қаланғаннан бері жұмыс істеймін. Өз мамандығымды өзгерткеніме өкінбеймін. Жаңа жабдықты игердім, – дейді ораушы Ольга Могильникова.
Павел Заночи Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде слесарь-механик мамандығы бойынша білім алған. Ол оқуын бітіре сала бірден Sunpaper-ге жұмысқа орналасқан.
– Басында қарапайым оператор болдым. Қазір 4-санаттағы қағаздан бұйым шығаратын машина машинисі, қағаз өнімдерін шығаратын үлкен желінің конвертерінде жұмыс істеймін. Жоғары техникалық білім алғанмын. Көп нәрсе өзімнің біліктілігіме байланысты ғой. Белгілі бір стандартқа сай болу үшін өнімнің сапасын бақылауым керек, – дейді маман.
Кәсіпорын Моноқалаларды дамыту, «Бизнестің Жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы. Алдағы уақытта зауыттың қуатын жылына 21,4 мың тоннаға дейін арттыру жоспарда бар.