Форсайт: келешекті болжау және жоспарлау
Форсайт: келешекті болжау және жоспарлау
1,158
оқылды
Оқиғалар жылдам өзгеретін уақытта бізді келешекте күтіп тұрған жайттарды білгіміз келеді. Алайда болашақты болжау оңай емес. Айтып отырғанымыз ішкі және сыртқы саясат, эко­номика, білім мен инновация. Әрине, бұл салада құмалақ ашпайсың. Ғылыми әдістер бар. Соның бірі  – форсайт. Егер аталған әдіс-амалды елде қолдана алсақ, келешекке дайын бола аламыз ба? Дәл бүгін елдегі, әлемдегі жағдаяттарды болжау қиын. Процестер жылдам жүре бастағандай. Бо­лып жатқан оқиғалардың нәтижесін білгісі ке­летіндер көп, бірақ болжау әдістері бар ма? Олар сапалы ма? Сенуге бола ма? Сан сауалдан нақты мы­­салдарға көшейік. Жыл сайын Ақмола об­лы­сындағы Атбасар секілді бірнеше ауданда өзендер тасып, су басады. Былтыр Үкімет су тасқынының салдарын жою үшін 160 млрд теңге бөлді. Биыл да Төтенше жағдай министрлігі су басу қаупі жоғары аймақтарды атады. Ендеше осы шығынды азай­тудың, алдын алудың жолы бар ма? Немесе басқа бір мысалды алайық. Ресей армиясы Украинаға басып кірді. Соғыс ашты. Батыс елдері Ресейге санкция жариялады. Санк­цияның «салқын самалын» Қазақстан да сезді. Рубльдің бағамына тығыз байланған теңге бір күнде құлдырап, құны 1 долларға шаққанда 470 теңгеге дейін жетті. Осы екі жағдайда да процесс одан әрі қалай өрбиді? Нәтижесі не болады? Біз қандай жағдайға дайын болуымыз керек деген сұрақтар туа­тыны хақ. Әрине, долбар айту оңай. Бірақ үкіметке, қоғамға да нақ­ты жауап қажет. Сондықтан мұн­да тексерілген ғылыми әдіске жүгінсек, жемісін беруі мүмкін. Сон­дай әдіс­тің бірі – форсайт. Форсайт (foresight) – бұл болашақтың бейнесі туралы, жағдайдың өрбуі жайлы нақты бағытты анықтай отырып, оның аясындағы әрекеттерді ке­лі­суге мүмкіндік беретін технология және коммуникация форматы. Қа­рапайым тілмен айтқанда, ғалымдар бір саладағы процестер қалай да­митынына сан түрлі болжам жасай­ды. Соның ішіндегі ең тиімдісін таңдап, оны жүзеге асырудың іс-қи­мыл жоспарын түзеді. Жалпы, бұл әдіс 1950-жылдардан бері қолданыла бастады. Оны АҚШ-та RAND корпорациясы ойлап тапты. Кейін Оңтүстік Корея, Жапония және басқа елдерге тарап кетті. Бастапқыда бұл «салмақты» және өте қымбат болжау техноло­гиясы саналды, себебі оның аясын­да көптеген сарапшы айлар бойы жұмыс істеді. Форсайт – бұл тек бол­жау емес, нақтырақ айтсақ, жобалау ұғымына жақын келеді. Бұл әдіс бо­лашақтың құбылмалы екенін және келешек бүгінгі амал-әрекетке тікелей бай­ланысты екенін түсінуге негізделген. Сондықтан форсайт әді­сіне қа­тысушылардың алдында тұр­ған негізгі сұрақты былайша тұ­жы­рым­дауға болады: «болашақтың сіз қалаған нұсқасына жету үшін біз қазір бірге не істеуіміз керек?». Сонымен, аталған болжау әдісі қалай жүзеге асады? Әдетте сарап­шыларды, процесті басқаратын мо­дератор және талқылауды бақы­лайтын және барлық жазбаны жүр­гізетін фасилитатор таңдалады. Қа­тысушылардың саны 7-15 адам аралығында, ал талқылау уақыты бірнеше күннен аспайды. Яғни, форсайт әдісі қолданылуы үшін белгілі тақырып таңдалады. Ол кешенді түрде зерттеледі. Осыдан ке­йін ғана сарапшылар шақыры­лады. Сарапшылар назарына зерт­теу нәтижелері ұсынылады. Оның негізінде бірнеше қорытынды жа­салады. Сол қорытындыларға негіз­деле отырып, сарапшылар жағдай­ды­ң одан әрі келешекте даму, өр­буінің бірнеше сценарийін анық­тайды. Мұнда форсайт зерттеуге кім тапсырыс бергені де маңызды. Егер үкімет болса, онда үкіметке аталған сценарийлердің ең ұтымдысы таң­далып, кейін оған қол жеткізудің нақты жұмыс жоспары жасақталады. Осылайша, болашақтың бейнесін қалауымызша өзгертуге болады. Жалпы, қандай да бір салада бел­гілі бір тақырыпта форсайт әді­сін қолданар алдында ол сала жіті зерт­­теледі. Ол зерттеу жұмыста­ры­ның негізінде гипотезалар құрыла­ды, содан кейін ғана сарапшылар тал­қылауды ұйымдастырады. Мә­се­лен, қазір Маңғыстау өңірінде жа­лақы­сын ­көбейтуді талап етіп, Прези­дентке үндеу жасап жатқан ұжым өкілдері көп. Мұндай фак­ті­лер был­тырдан бері жиі қайталанып келеді. Егер бұл жағдай жалғаса бер­се, облыстағы ахуал не болмақ? Атал­ған сұраққа форсайт арқылы жа­уап беруге мүмкіндік бар. Деген­мен алдымен Маңғыстау өңіріндегі жұмысшыларды, еңбек дауларын, кәсіподақтар жұмысын, халықтың әлеуметтік жағдайын, олардың ой-пікірлерін, аймақтың жалпы даму деңгейін толық зерттеу қажет. Осы зерттеулердің нәтижесінде бірнеше тұжырымдама түзіледі. Тек содан кейін ғана сарапшылар шақыры­лады. Алайда келешекті дәл болжау үшін сарапшылар қатарына Маң­ғыстаумен етене таныс, бұрын осы тақырыпта, өңірде зерттеу жасаған, еңбек дауларынан хабары мол сая­саттанушы, әлеуметтанушы немесе экономистерді шақырған абзал. Сонда ғана болжам сапасы артады. Әрине, сарапшылар саны көп әрі құрамы әртүрлі болса, сан алуан пікір де туады. Осылайша, сапаны көтеруге тағы бір мүмкіндік бар. Мә­селен, Ресейде «Жаңа маман­дық­тар атласы 2.0» жобасына әлем бойынша 4 мың сарапшы қатысқан екен. Форсайт әдістердің нәтижесі сапалы шығу үшін түрлі ғылыми әдіс қолданылады. Олар­ды­ң қата­рында сарапшылар оты­рысы, Дель­фи әдісі (екі кезеңді са­рап­шылар сауалнамасы), SWOT талдау, са­раптау, сценарий құру, тех­ноло­гия­лық жол карталары, «өзектілік ағаш­тары» және тағы басқасы бар. Сондықтан форсайт болжаудың кешенді әдісі саналады. Ал енді аталған әдіс пайдаланып жасалған болжамдардың қанша па­йызы дәл келіп, орындалды? Мұнда дөп басып ату қиын. Алайда мүлт кететіні сирек. Мысалы, 2015 жылы Global Education Foresight атты Калифорниядағы білім саласындағы алғашқы форсайт басқосуда айтыл­ған болжамдардың біразы орындал­ған. Біз қазір көріп отырған трендтің көбі дәл сол кезде болжанған: білім беруді цифрландыру жалғасады, білім берудің жаңа форматтары пай­да болады және тағысын тағылар. Жалпы, форсайт әдісі иннова­ция, білім, ғылым саласында кең қол­данылады. Себебі инвесторлар өз капиталын белгілі бір салаға құю үшін келешек туралы нақты түсі­нік­ке ие болғысы келеді. Әрине, он­дай­да фантасттардың қиялы емес, нақ­ты зерттеулерге негізделген бол­жам­дар көмектесуі мүмкін. Сон­да ғана құ­­йылған инвестициялардың өзін-өзі ақтау мүмкіндігі жоғарылай түседі. Ал дәл қазір Қазақстан үшін Ресей мен Украина арасындағы соғыстың соңы аса маңызды екені мәлім. Оның нәтижесін де аталған форсайт әдісі бойынша болжауға және оның ықтималдығы жоғары сценарийіне дайындықты бастауға болар еді. Әрине, ол үшін Ресей мен Украинаны терең зерттеген білікті отандық халықаралық қатынас мамандары, саясаттанушылар, эко­номистер қажет.