Балалықпен бүлікте қоштасты
Балалықпен бүлікте қоштасты
© коллаж: Елдар Қаба
319
оқылды
«Қасіретті қаңтардың» ызғарын балалар да бір кісідей сезінді. Ойнап жүріп, оққа ұшқандар мен жарақат алғандардан бөлек қызық қуып алаңға барғандар жаза басып, істі болды. Әрине, балалығымен бүлікте, алаңда қоштасқандардың әрекетіне құқықтық баға беру құзырлы органдардың еншісінде. Дегенмен темір тордың арғы жағындағы санаулы күндердің өзі ерте есейткен өрендердің мәселесі тұтас қоғамды алаңдатады. Апта аралығында Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзі­мова тәртіпсіздікке қатысы бар деп ұстал­ған­дардың арасында кәме­лет­тік жасқа толмағандардың да бол­ғанын айтты. Омбудсменнің мәлі­метін­ше, Алма­ты қаласы мен об­лысында, Жамбыл облысында ұс­талған­дар­дың ара­сында жасөс­пі­рімдер бол­ған. Олар жаппай тәр­тіпсіздікке, ғимарат­тар­ды басып алу және қару тонауға қа­тысқандары үшін айып­талған екен. Қазір жаза басып, заң бұзған жас­өспірімдердің барлығы ата-ана­лардың кепілхаты арқылы боса­тыл­ған. Тек Тараз қаласында ғана бір бала әлі уақытша ұстау изоля­то­рында отыр. Жамбыл облысында өңір бас­шысының қолдауымен құрылған қоғамдық қабылдау кеңесінің ­мү­­шесі Эльмира Мырза Ғали аза­мат­тық қоғам өкілдерінің атса­лысуы­мен бүгінге дейін 5 ба­ла­ның бостандыққа шыққанын айтады. – Оларға ата-аналарымен бірге біз де кепілхат беріп, бостандыққа шығарып алдық. Жасөспірімдердің барлығы бірауыздан алаңға қызық көру үшін әлдекімдерге еріп бар­ғанын айтады. 5 ақпан күні Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымовамен бірге дәл осы мәселе бойынша 19 ананы қа­был­дап, жанайқайын тыңдадым. Әрине, аналар баламыз «кінәлі емес» деп шырылдайды. Бірақ олар­дың балаларының қару ұста­ға­ны анықталып отыр. Қазір қамауда қалған жалғыз баланың үстінен ұйым­дастырушы ретінде іс қоз­ғалып жатыр, – дейді Эльмира Инаятқызы. Әзірге «Қасіретті қаңтарға» қатысы бар деген айыппен күдікке ілінген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің жалпы саны бел­гісіз. Өз кезегінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да бү­лікке қатысты деген күдікке ілін­ген әр баланың құқығының аяқасты болмауы үшін әрекет етіп жатқанын алға тартады. Ақпан айының ал­ғаш­қы күндерінде Балалар құқық­тары жөнінде омбудсменнің арала­суымен кәмелетке толмаған 9 бала ешқайда кетпеу туралы тілхатпен тергеу изоляторынан босатылыпты. Әйтсе де, олардың әрекетіне құ­қық­тық баға беру үшін тергеу амал­дары тоқтатылмаған. Заңгер Ғалым Саржановтың пікірінше, кәмелеттік жасқа толма­ған жасөспірімдерді заңға қайшы әрекеті үшін жауапкершілікке тар­туға ешқандай кедергі жоқ. – Қылмыстық кодексте аза­мат­тардың жасаған қылмысы үшін қай жастан бастап жауапкершілікке тар­тылатыны нақты жазылған. Мә­селен, ұрлық жасаған 14 жастағы ба­ла өз әрекеті үшін заң алдында жа­уап береді. Әрине, оларға әуелі сот-психологиялық сараптама та­ғайындалады. Сараптама жасөс­пі­рімнің ешқандай психологиялық ауытқушылығын жоқ екенін рас­та­са, олар жауапкершілікке тарты­ла­ды. Әрине, сот шешім шығаруда жас­өспірімнің жасын назарға алуы мүмкін. Соған сай жеңілдеу жаза бе­рілуі де ғажап емес, – дейді заңгер. Қанша жерден жеңіл жаза та­ғайындалуы мүмкін деп жылы жап­қанымызбен, сот шешімімен істі бол­ғандарға қатысты біздегі көз­қарас белгілі. Осыдан-ақ бірер жы­лын темір тордың арғы жағында өт­кізген жасөспірімнің кейінгі тағ­дыры қалай боларын шамалай беріңіз. Оның жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін жазалануы жағ­дай­ды тіптен қиындата түсетіні анық. Демек, баласын қорғау қо­лын­да жан дәрмені қалмай шырыл­дап жүрген ата-аналарды түсінуге болады. Алайда қылмыстың өтеуі жаза еке­нін ұмытпайық! Ал оның қылмысқа қатысы бар-жоғын дә­лелдеу не жоқ­қа шығаруда құқық қорғау орган­дарының кәсібилігі сыналмақ. Айтпақшы, жасөспірімдердің «Қасіретті қаңтардағы» белсенділігі турасындағы әңгімені 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен байланыс­тырып жатқандар да бар. Расында, көпшілік негізінен студенттер мен жұмысшылар қатысты деп білетін Желтоқсан оқиғасында 16-17 жас­тағы жасөспірімдердің бой көрсет­кені тарихи негізі бар дерек. 17 жа­сында сол қасіретті күндерді көз­бен көрген желтоқсаншы Думан Ораз­баевтың көрген құқайы аз болмаған. – Желтоқсан оқиғасына қатыс­ты деген айып тағылып, істі бол­ған­дардың ең жасы мен болдым-ау шамасы. Сот шешімімен 3 жыл бас бос­тандығымнан айырылдым. Оның алғашқы 1,5 жылын Өске­мен­дегі кәмелетке толмағандарға ар­налған колонияда өткіздім. Ко­ло­ниядан кейін жазаны өтеу мерзімі қысқарып, бостандыққа да 1,5 жыл­­да шықтым, – дейді Думан Оразбаев. Алматыдағы жастарды қолдап Қа­рағандының орталық алаңына шық­қанда елордалық Гүлден Муси­наның да жасы небәрі 17 жаста болған екен. – Атышулы 60-баппен айыпта­лып, кесімді мерзімді Көкшетау қа­ласындағы қатаң режимдегі түр­меде өтейтін болғам. Сот бір күннен соң басқаша шешім шығарып, сол кездегі Целиноград қаласына шарт­ты түрде еңбекпен түзеуге жіберді. Кесімді мерзім аяқталған соң Қа­рағанды медицина университетіне бардым, олар мені танып, 5 жылға дейін бұл оқу орнына түсе ал­майтынымды ескертті, – дейді Гүлден Мусина. Әрине, арада 35 жыл уақыт өтсе де, Желтоқсан жаңғырығы жұр жадында. Дегенмен аты жаппай тәртіпсіздік болғанымен «Қасіретті қаңтар» бір мезгілде бірнеше өңірді қамтуымен және сыртқы күштердің ықпалының басым болуымен, құр­бан­дарының санымен ерекшеленді. Ең өкініштісі, «Қаңтар бүлі­гіндегі» кей эпизодтарда жасөспі­рімдердің шектен тыс белсенділігі байқалады. Тіпті, Таразда әкесімен бірге алаңға шыққан жасөспірімнің бүлікшілерге жанғыш сұйықтық таратқаны дәлелденді. Қалай десек те, «Қаңтар бүлігі» балалардың қамсыз балалығына өшпес із қалдырып кетті. Жаппай тәртіпсіздікке біліп, білмей қатыс­қаны үшін жауапкершілікке тар­тылып жатқандар өз алдына. Бү­лікшілер лаң салған маңында қам-қарекетсіз жүрген бейкүнә балалар да оққа ұшты. Кейбірі ауыр жа­ра­қаттанып, төсекке таңылды. Ден­саулық сақтау министрлігі Меди­циналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин бүлік кезінде 2 баланың қайтыс болғанын, тағы 7 баланың оқ тиіп ауруханаға түс­кенін мәлімдеді. Демек, осыншама бала бүлік салдарынан балалығымен мерзімінен бұрын қоштасты. Бұлардың сыртында жаппай тәр­тіпсіздік кезінде әкесінен, ана­сынан, бірге туған бауырынан айы­рылған бейкүнә балалардың қасі­реті жатқанын да ұмытпауымыз керек.