Аш спортшыдан чемпион шыға ма?
Аш спортшыдан чемпион шыға ма?
355
оқылды
Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық  мамандан­дырылған олимпиадалық резерв мек­теп-интернат-колледжінің тәр­бие­ленушілері тамаққа жарымай жүр. Үнемі қарындары ашып жүре­тіндіктен, оқуын тастап кеткендер де бар. Оларға кейде нормадан екі есе аз тамақ берілетіні ата-аналардың шағымынан кейін жүргізілген мониторинг барысында анықталды. «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақ­стан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына шағыммен жүгінген Марина Талипованың айтуынша, мектеп-интернатта оқитын ұлы қарны ашып, үнемі тамаққа ақша сұрайды екен. «Демалыс күн­дері баламды үйге алып кетіп, тамақтан­дырамын. Мұндағы балалар – спортшылар. Өздерінің бар күш-қуатын жаттығу­ларға, жарыстарға жұмсайды. Ендеше тиісінше тамақтануы керек. Аш балалар спорттық жүктемеге қалай шыдамақ? Ата-аналардың көбі баласын оқудан шығарып тастамас үшін мәселені ашық айтуға келіспейді», – дейді Марина Викторовна. Партия филиалының қоғамдық қабылдауы мен филиал жанындағы Отбасы, әйелдер  және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары оқу орнының асханасына барып, ,мониторинг жүргізген кезде шағымның негізсіз емес екеніне көз жеткізді. Таңғы, түскі ас пен түстіктің сынамалары талапқа сай емес екен. Атап айтқанда, әр оқушыға шақталған тамақтың салмағы екі есе аз болып шықты. Мәселен, котлет 108 грам­ның орнына  57 грамм ғана. Айран да мөлшерден кем. Мұнда 13-18 жас аралығындағы спортшы балалар оқитынын ескерсек, бұл ас оларға жұқ  та болмайтыны түсінікті. Білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиология­лық талаптар ережесінің 7-қосымшасына сәйкес,  тіпті 6-10 жасар балаларға да 80-150 грамм котлет берілуі тиіс. Ал 11-18 жастағыларға – 180 грамға дейін. Білім мекемесінің директоры Бақыт Арықбаев күніне 390 грамм ет берілуі тиіс деген талапты сақтап отырғандарын, есесіне басқа мезгілде көбірек ет берілгенін айтып түсін­дірді және бұл бірреттік жағдай екеніне назар аударды. Ал кешкі астың сынамасы мүлдем жоқ болып шықты. Талап бойынша ол да бір тәулік бойы сақталуы тиіс. Асхана қызметкерлері  төгіп тастағандарын айтып ақталды. Қоғамдық тамақтану саласында, соның ішінде мектеп асханаларында 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіп­кер, технолог, қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты  Ольга Клишина әр тағамның технологиялық картасы жоқ екеніне назар аударды. Салдарынан аспаздар тағамды өз білгендерінше пісіре береді екен. Мәселен, қоймада қияр бітіп қалғандықтан, оның орнына салатқа басқа көкөніс салыныпты. «Үйде ғана өзімізше тамақ пісіре беруге болады. Ал білім мекемесінде барлығы  бекітілген талапқа сай болуы керек. Техно­логиялық карта жасалып, ол мүлтіксіз сақталуы тиіс. Диетбике әр тағамды өлшеуге міндетті», – деді Ольга Геннадьевна. Асханада әлі күнге дейін пластиктен жасалған стақандар қолданылады. Ол аздай, оны ыдыс жуушылар хлормен тазалайды екен. Бұл – денсаулыққа зиян. Мектеп асханасында тек шыны ыдыс қана қол­да­нылуы керек. Асхананың бас аспазы Арайлым Қонаққызы қоймада шыны ста­қан­дар бар екенін, енді соларды қолда­натынын жеткізді. Мектеп-интернат тәрбиеленушісі тү­сір­ген фотосуреттерден қоқыс кәрзең­кесінде жатқан жап-жасыл банандарды да көруге болады. Ольга Геннадьевна мұндай піспеген көкөністі асхана қабылдамауға немесе басқасына ауыстыруға құқылы еке­нін айтып түсіндірді. Тіпті, бекер рәсуал­ағанша, піскенге дейін күтуді ұсынды. Айта кету керек, бұл білім ошағының тәрбиеленушілерін тамақтандыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді.

ТАЛАПТАР САҚТАЛМАҒАН

Асханаға қойылатын талаптардың тағы бірі – тиісті журналдарды уақытылы толтыру. Әсіресе, тез бүлінетін тағамдардың журналына баса назар аудару керек екен. Бұл асханада мұндай журнал мүлдем жоқ болып шықты. Мұның себебін қызмет­керлер қойма меңгерушісі жуырда қайтыс болғанымен, орнына жаңа адам қабыл­данбағанымен түсіндірмек болды. Азық-түлікті тоңазытқышта сақтаудың да өз талаптары бар. Бас аспаз бұл талаптар да сақталмағанын бірден мойындады. Аптасына бір рет балаларға балық берілуі тиіс болғанымен, мұнда балық бітіп қалып, жаңасы әлі сатып алынбапты. Еттің жүк­құжаттары мен ветеринарлық сертификаттары бір-біріне сәйкес келмейтін болып шықты. Асханада рециркулятор болуы тиіс. Мұнда ол да жоқ. Аспаздардың тыр­нағы өскен, боялған, бас киімдері жоқ. Бұл да болса кемшілік. Ас мәзірінде әр тағам­ның салмағы жазылмағаны да талапқа қайшы. Атын атағысы келмеген петропавлдық әйел баласының үнемі қарны аш болған себепті бұл оқу орнынан алып кетуге мәжбүр болғанын айтады. «Демалыс күндері баламды үйге алып, тойдыра алмай әлек болатынмын. Жаттығудан соң қарны ашып келгенде беретіндері – жарты стақан сүтке қосылған бір қасық какао», – деді ол. Ата-аналар асханаға бейнекамера орнатып, өздері бақылағысы келетінін айтады. Бірақ бұл заңға қайшы. Асханада орнатылған жеті камера директордың кабинетіне қосылған. Облыстық Спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Сергей Мелехин мұндай күмәнға негіз жоқ екенін, кемшіліктер болса, бірлесіп түзетуге дайын екенін, кінәлі адамдар жазаланатынын жеткізді. Ал таяқтың екінші ұшы асхана қызметкерлерінің еңбекақысы­ның аздығына келіп тіреледі. Олар айына 50-60 мың теңге алатындықтан, бұл орынға құл­шынып отырған жоқ, кез келген уақыт­та жұмыстан босату туралы өтініш жазып, кете береді. Ал олардың орнына азғантай жалақыға адам табу қиын. Мұнда өткізілетін жаттығуларға байланысты балаларды тамақтандыру кестесі де өзгеше.  Таңғы астары сағат 7.30-дан 10.00-ге дейін созылады. Ал кешкі ас сағат 20.00-ден 21.15-ке дейін. Бұл тым кеш. Сондық­тан бәлкім жаттығулардың уақытын өзгеру қажет шығар? Бұл да шешуге болатын мәселе екенін Сергей Мелехин мойындады.

ҚҰНАРЛЫ ТАМАҚ ҚАЖЕТ

Жалпы, бұл мектеп-интернат спортшыларды тәрбиелейтініне қарамастан, жалпы білім беретін мектептерге арналған санитарлық нормалар бойынша жұмыс істейді екен. Мұнда бір баланың тамағына күніне 1 507 теңге бөлінеді. Спортшы балаларға бәлкім көбірек әрі құнарлы тамақ қажет шығар? Бұл мәселе заңнама тұрғысында дұрыс реттелмеген. Министр­дің бұйрығына сәйкес бұл мектеп-интернат тәрбиеленушілері шахмат, акробатика, көркем гимнастикамен айналысатын балалармен қатар, күніне 4 900 килокалорияға дейін тамақтануы тиіс. Мекеме директоры­ның айтуынша, мұндағы спортшылар, күрес, бокс сияқты спорттың ауыр түрімен айналысатындық­тан, күніне 7 000 кило­калорияға дейін тамақтанатын мекемелер­дің қатарына жатқызылғаны дұрыс. Тәрбиеленушілердің ата-аналары мен директоры Бақыт Арық­баев осы мәселені көтеріп,  Парламент Мәжілісінің депутаты  Дмитрий Колодаға жүгінді. Ата-аналардың айтуынша, бұрын балалар аптасына бір рет моншада жуынатын болса, енді моншаға бармағалы бір айдан асыпты. Содан кейін түрлі қотырға шалдығады екен. Мәселен, биыл да Марина Викторовна ұлы Қостанайда өткен аймақтық жарыстың қарсаңында тері ауруына шалдығып, оны жолынан қалдырмау үшін тез арада өзі емдеп алғанын айтады. Оқу ошағының директоры Бақыт Алтай­ұлының айтуынша, балаларды моншаға апару міндет емес, бар болғаны қосымша қызмет. Оған жарияланған конкурсты биыл Алматыда орналасқан монша ұтып алғандықтан, бұл ретте қиындық туындаған көрінеді. Қоғамдық бақылау мүшелері спорт интернатына кемшіліктерді түзету үшін бір апта уақыт берді. Бұл кемшіліктерді түзету үшін бақылауды қатайтып, қызметкерлер­дің жауапкершілігін және еңбекақысын арттырғаннан басқа амал жоқ-ау. Әйтпеген күнде аш балалардан қандай чемпион шығуы мүмкін?

Солтүстік Қазақстан облысы