Отандастар елге аман орала ма?
Отандастар елге аман орала ма?
© коллаж: Елдар Қаба
581
оқылды
Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашқанына бірнеше күн болды. Украинада жағдай күн өткен сайын қиындап барады. Қазір бұл елді тастап шығуға асыққандардың қарасы көп. Олардың «жасыл дәлізге» жетуі мұңға айналған. Өйткені өзге елге ағылған босқындар бірнеше тәулік бойы кезекте тұр. Украинадан шығып кетуді көздегендер қатарында отандастарымыз да бар. Олар студенттер, жұмысшылар, туристер, кәсіпкерлер. Тіпті, онда диаспора қалыптастыра бастаған қазақтар да бар. Енді оларды елге дін аман қайтару мүмкін бе? Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Киев­тегі елшілігі азаматтарды эвакуа­циялауды барынша қамтамасыз етіп жатыр. Бүгінде Украинадағы Қазақстан азаматтары Киев қала­сындағы елшілікке немесе «жедел желі» телефондары арқылы хабар­ласуына болады. Министрліктің бер­­ген ақпаратына сәйкес, отан­дас­­та­рымыз Харьков, Львов, Одес­са және Днепр қалаларында орна­лас­қан Қазақстанның құрметті кон­­сулдарының кеңселеріне жү­гі­ніп жатыр. Қазір уақытша кон­сул­дық­тың есебінде 493 адам тұр. Олар­дың дені елшілік қызмет­кер­лері мен отбасы мүшелері, студент­тер мен бизнес өкілдері. Ал консул­дықтың тұрақты есебінде 1 110 адам бар. Олар негізінен Украинаның Киев қаласы, Киев, Одесса, Харь­ков және Львов облыстарында тұрады. Соңғы ақпарат бойынша, отан­дастардың елге оралуын же­делдету бойынша жұмысқа Поль­ша, Мол­дова мен Беларусьтегі шет­елдік мекемелеріміз де қо­сылған. Сон­дай-ақ қазақстандықтар үшін репатриациялық рейстерді өтеусіз негізде ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. «Бүгінде эвакуа­циялауға көмек көрсету ту­ралы 528 өтініш келіп түсті. Қа­зақ­стан аза­маттары негізінен Украи­наның келесі өңірлерінде тұрады: Киев қаласы мен облысын­да – 264 адам, Одесса облысында – 30, Харьков облысында – 18, Львов облысын­да – 17, Днепропетровск облысын­да – 13, Полтава облы­сында – 7, Черкасск облысында – 4, Луганск облысында – 2, Ивано-Франковск облысында – 2, Жито­мир облы­сында – 2 адам», – деді СІМ-нің ресми өкілі. Оның ай­туынша, отан­дастарымыз қазақ­стан­дық дип­ломаттармен бірге ав­то­көлікпен Киев және Львов қала­ларынан Польшаның шекарасына қарай жолға шыққан. Варшавадағы Қазақстан елші­лігі жергілікті билікпен бірлесіп, Украи­нада қалған қазақстандық­тар үшін шекарадан Катовице қала­сының әуежайына жету үшін «жа­сыл дәліз» қамтамасыз етті. Ре­патриа­ция­лық рейстің жолау­шылары Украина-Польша шека­расын визасыз өтуіне мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР-тест тапсырудан және вакцинация пас­портын ұсынудан босатылды.

Атыраудан алғашқы рейс ұшып шықты

Министрлік бұдан бұрын ал­ғаш­қы репатриациялық рейс 26 немесе 27 ақпанда таңертең Като­вице қаласының әуежайынан ұшып шығып, Атырауға тоқтап, Алматы қа­ласына ұшып жетуі тиіс екенін айтқан болатын. Алайда әуерейс кейінге шегеріліп, тек кеше қазақ­стандықтарды эвакуациялауға ар­налған алғашқы KS2203 рейсі Аты­раудан Польшаның Катовице қаласына ұшып шықты. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, А321 типті ұшақтың сыйымдылығы 179 орынға арналған. Ал Като­ви­цеден Атырауға ұшу уақыты Като­вице уақытымен 28 ақпанда таңғы сағат 10.30-ға жоспарланған. Киевтегі елшілікке жиналған адамдар арнайы автобустар арқылы Львовқа, одан ары шамамен 37 сағат Польшаға жүреді. Петропавл тұрғыны Руслан есімді жігіт өзінің желідегі парақшасында 21 ақпанда жыл сайын Киевте өтетін конфе­ренцияға барғанын айтады. Аяқас­тынан конференция кейінге шеге­ріліп, кейіннен Киевте соғыс жағ­дайы жарияланыпты. Алғашқы кездері не істерін білмеген ол ахуал тұрақтанғанша Киевте қала тұру керек деп шешіпті. Кейін Львов арқылы кері қайтуға әрекеттенеді. Өйткені Киевтегі Қазақстан елші­лігі Львов арқылы батыс шекарамен Польша жағына өтуге болатыны ту­ралы мәлімет таратқан. Қазақ­стан­ның Польшадағы елшілігі отан­дастардың виза мәселесін жыл­дам реттеп, «жасыл дәліздің» ар­қасында Қазақстаннан конфе­рен­цияға келген 15 адам топ-топ­пен Киев қаласынан шығарылыпты. Қазақстан тарапы жіберген ұшақ келгенше Польшадағы әуежайдың жанындағы қонақүйде қалған.

Елге кетуге үлгермесем...

Украинадағы қазіргі жағдайға байланысты отандастармен тілдесу қиын. Дегенмен екі күн бұрын жур­налист Нұрбек Әмиша қақтығыс болып жатқан қалалардағы таныс­тарымен тікелей эфирде сөйлескен. Соңғы он жылдан бері Украинада тұрып жатқан журналист Аида Хаметжанова тікелей эфир бары­сында Испаниядан Украинаға үш тәулік жүріп, әрең келгенін айтқан болатын. Қақтығыс болып жатқан жерге келуінің себебін түсіндірген ол «Өйткені Украинаның Киев қаласында жеті жастағы қызым мен жолдасым қоршауда қалып қойды. Қазір олар көппен бірге жертөлені паналап жатыр. Украиналықтар ұрыс басталған алғашқы екі күнде Польша, Венгрия шекаралары арқылы көлікпен жетуге мүмкін­дік­тері болды. Сол кездің өзінде шек­арадан өтуге тұрғандардың ке­зегі 15-20 шақырымға жеткен. Ал қазір кезектің соңы көрінбейді. Өйткені бастапқы кезде көлігі бар адамдар ғана шығып кеткен болса, қазір автобуспен де, жаяулатып та шыққан босқындар көп. Бала-шағасымен бас сауғалап қашып жатқандар көбейіп жатыр», – деді. Оның сөзінше, Киевтің негізгі кө­шелері толығымен басқыншы­лар­дың қолында болғандықтан, қала­дан шығудың өзі қауіпті. Дегенмен Польшамен бірге Германия да босқындарды қабылдау үшін шека­расын ашу туралы шешім қабыл­даған. «Отбасыммен бірге шека­ра­дан өтуге тырысып жатырмыз. Бі­рақ соңғы жағдайларға байланысты бұл елден 60-қа дейінгі ер азамат­тарды шығару қиындады. Егер Қа­зақстан тарапынан жіберілген ұшаққа үлгере алмасам, Еуропаның басқа жеріне өтіп кетеміз деп отыр­мыз», – дейді Аида Хаметжанова. Ал тілшімен тілдескен Украинадағы қазақтар диаспорасының төрағасы Данияр Егембердиев қазір Киевтің өзінде 5-6 мыңға жуық қазақ тұратынын айтады. Осы жағдайдан кейін ашылған ортақ чатта көпшілік Польшаға қарай эвакуацияланып жатқанын жазыпты. Бірақ шека­ра­дағы жағдай күннен-күнге қиындап барады. Польшаға өткісі келген бос­қындар 20 шақырымға дейін созылған кезекте тұр.

Қауіпсіздікке кепілдік жоқ

Кезекте тұрғандар қазақ­стан­дықтар үшін репатриациялық рейс­тер тағы ұйымдастырылады. Ол үшін елшілікке немесе «жедел же­ліге» хабарласпағандар мүмкіндік болған жағдайда, Польша шека­ра­сына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен бару ұсынылды. Алайда жол-көлік жағдайының күрделілігі мен Украинадағы әскери қақты­ғыс­тардың қарқын алуы қазақстан­дықтардың қайтуына күн сайын қиындық тудырып жатыр. Мәсе­лен, Харьковтегі Әскери авиация институтында оқитын қазақстан­дық студенттер бомбадан қорғану орындарында қалып қойғанын желі арқылы жеткізіп жатыр. Олардың айтуынша, елшіліктің эвакуациялау жоспары жүзеге асқанша, құрбан болып кетпесіне кепілдік жоқ. Өйт­кені дәл қазір ұрыс жаңа қарқын алды. Сондықтан соғыс жүріп жат­қан аумақты түгел басып, Поль­ша­дағы «жасыл дәлізге» жету мүмкін емес. Бұған дейін елшіліктегілер Харьковтен Львов қаласына дейін өз күштерімен жетуді сұраған. Ал бұл аралық – 1 200 шақырым. Ұрыс кезінде осыншама шақырым жер­дегі Польшаның шекарасына жет­кенше Қазақстан азаматта­рының қауіпсіздігін кім қадағалайды? Сон­дықтан кейбір қазақ­стан­дықтар қаңғыған оқ тиіп, тұтқынға түскен­ше бомбадан қорғану ор­нында қа­луға шешім қабылдаған. Оның үс­тіне, шекараға жіберілген алғашқы автобустар Львовқа әлі оралмаған. Себебі олар да қайтар жолда кеп­телісте тұр. Кейбір жүр­гізушілер бас амандығы үшін кеп­телісте бірнеше күн тұрып қалғысы келмегендіктен, жол жүруден бас тартуда. Әйтсе де, кеше Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кә­летаев Президентке қазақ­стан­дық­тарды эвакуациялауға қатысты есеп беріп, екі елдегі елшіліктер мен құр­метті консулдар түрлі қиын­дық­тарға қарамай, отандастардың аман-есен елге қайтуын жан-жақты қарастырып жатқанын жеткізді.