«Бизнес Бастау»: аз ақшаға кәсіп ашу
«Бизнес Бастау»: аз ақшаға кәсіп ашу
© коллаж: Елдар Қаба
1,505
оқылды
«Бизнес Бастау» жоба­сының басталғанына бір­неше жыл болды. Бағдар­ламаның игілігін көріп, кә­­сіп ашқандар да баршы­лық. Десе де, бөлінетін қар­жының аздығынан ба, қолдаудың жетіспегенінен бе, ашылған кәсіптің көп­шілігі жыл өтпей тоқырауға ұшы­райды. Биылдан бас­тап жо­баға жаңа толық­тырулар енгізілді. Ендеше «Бизнес Бастау» жобасына бөлі­не­тін 1 мил­лион 225 мың тең­ге кәсіп ашуға жете ме? Жо­ба басталғалы 5 жыл ішін­де қанша адам кә­сіп бастады? «Бизнес бастау» жобасы «Еңбек» бағ­­дарламасы шеңберінде жү­зеге асырылып келеді. Ал «Еңбек» бағдарламасы жұмыссыздық­ты азайту және монополист ком­пания­ларға бәсекелестік тудырып, нарық­тағы бағаларды төмендету мақ­сатында ұйымдастырылған. «Биз­нес Бастау» жобасы нақты жұ­мыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған. 5 жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақ­стандық кәсіпкерлік негі­зін оқып, 53 мың бизнес-жоба жү­зеге асырылды. Яғни, «Бизнес Бас­тау» жобасының әр үшінші түле­гі өз кәсібін бастаған. Жоба тү­лек­тері 70 мыңға жуық жұмыс ор­­нын ашып, 1,5 млрд теңгеден аса салық төледі. – Бүгінде біздің ішетін тама­ғы­­мыз, киетін киіміміз, сатып алып жат­қан әр техникамыздың бәрі – импорт. Біздің ел шикізат кө­­зіне айналып кеткен. Басқа мем­­лекеттер шикізатты бізден са­тып алып, өңдеп, өзімізге қайта са­тып отыр. Одан мемлекетіміздің эко­номикасы өспейді. Біз тек бас­қа мемлекеттердің табысын арт­тырып жатырмыз. «Бизнес Бас­тау» бағдарламасы ішкі нарықты отан­дық өнімдермен толықтыруға ар­налған жоба, – дейді экономист Ғалымжан Керімбек.

Грант беру электронды түрде

Биылдан бастап жаңа бизнес-­идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Жобаға тіркелу наурыз айының со­ңында басталады. Оқу ұзақтығы – 21 күн. Қатысушы оқу барысында жоба дайындап, қорғап шықса, 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Бұған дейін бұл қаржы 584 мың тең­ге болатын. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар грант ала алады. Бизнес тренер Бибігүл Кә­кімжанқызының айтуынша, биыл Business.Enbek деген жаңа портал іске қосылады. Бұл портал арқылы кәсіп ашамын деген азамат өз категориясын анықтай алады. Бұрын үміткерлер жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, одан кейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан оқу басталғанша жолдамаларын күтетін. Жаңа порталдың тиімділігі – осы процестерді жеңілдету. – Қазір халықтың арасында жобаға деген сенім азайған. Олар қағаз жинап әр мекеменің табалдырығын тоздырып, кезекке тұрудан шаршады. Сондықтан ұтқан гранттарды да сайтқа салып отыру керек. Ал өзгерістерге сай 29 жасқа дейінгі жастар, көпбалалы аналардың ішіндегі атаулы көмек алатындар, әлеуметтік осал топтағы АЕС алатындар ғана жобаға қатыса алады. Мұндай өзгерісті шектеу деп қабылдаймын. 30-дан асқан азаматтар­дың да бизнес ашқысы келеді, – дейді Бибігүл Кәкімжанқызы. Бұрын бизнес тренерлер үміткерлерді сүйемелдемейтін. Салдарынан кәсіпті енді бастаған адам­дардың ынтасы тез қайтатын. Жаңа өзгеріске сай бизнес тренер бір жыл көлемінде кәсіпкерге қолдау көрсететін болды. Айта кету керек, жо­ғарыда аталған санаттарға жатпайтын өткен жылдардағы жобаға қатысушылар гранттық қаржыға үміткер бола алмайды. Гауһар ­Жа­нә­діл былтыр мемлекеттік қайтарымсыз грант алмақ болып, «Ең­бек» бағдарламасымен үш айлық тігін курсын оқыған. Алай­да ол жаңа талаптарға сай кел­меген. – Сертификатымызды алып, грантқа өтініш тапсырайық десек, «жылдың соңы, грант бітті. Келесі жы­лы келіңіздер» деп арқамызды қағып шығарып салған. Биыл наурыз, сәуір айынан бастап беріледі де­генді естіп құжат тапсырайын деп бар­сам, бағдарламаға өзгерістер енгізіп тастапты, – дейді Гауһар Жанәділ.

Бөлінген қаржы жете ме?

Инфляция деңгейі мен азық-түлік бағасы, ғимаратты жалдау ақы­сы сағат санап өскен тұста биз­нес бастауға миллион теңге жете ме? Кәсіп ашқысы келген жастардың идеясы көп, бірақ қолдары қысқа. Сондықтан да бизнес бас­тау­ға ұсынылатын жобалардың басым бөлігі кондитерлік кәсіп пен тігін шеберханасынан ары аспайды. Айтпақшы, қайтарымсыз гранттан алған қаржыңызға ғимараттың жалдау ақысын төлеуге болмайды, тек құрал-жабдықтарды ғана төлей аласыз. Еңбекақы да бұл тізімге енбейді. Сонда қалтаңызда соқыр тиыныңыз жоқ болса, құр грантпен кәсіп ашамын деу жұмсартып айтсақ, көзсіз, тіпті ақталмайтын тәуекел. «Бизнес Бастау»-ды оқыған Назираның айтуынша, жобада «бармақ басты, көз қысты» көп. Бірі көкесіне сеніп, екіншісі алған ақшасының «жартысын беремін» деп келісіп, тегін ақшадан құр қалғысы келмейді екен. – Алған қайтарымсыз грантыма инкубатор ғана сатып алдым. Ал қалған шығынның барлығын өзіміз қалтамыздан шығардық. Сондық­тан кәсіп ашуға 500 мың теңге жет­пейді. Қазір бөлінетін қаржыны мил­лионға өсті деп жатыр. Бірақ мен алған инкубатордың бағасы да екі есе өскен. Ала­тын қарапайым жем­­нің өзі күн са­нап қымбаттап ке­леді, – дейді Назира Қасанғалиева. Фотосалон ашқысы келетін жастар көп. Бірақ студияны жалдау кемі айына 150 мың теңге, ал сапалы фотоаппараттар 500 мың теңгеден басталады, түсіретін жарық пен ондағы қосымша интерьерға да бір­неше жүз мың кетері анық. Ендеше бұл жоба жұмыссыздарға екі қолға бір күрек тауып бергенімен, кәсіптің өркен жайып, отандық на­рықты қамтамасыз етуіне жетпейді. – Осы күнге дейін біз санға жұ­мыс істеп келдік. «Бизнес Бастау» жобасы аясында жыл сайын 30-40 мың адамға 500 мыңнан берілді. Бірақ жүзеге асқан жобалар санаулы. Ашылған бизнестің көбі жыл өтпей жабылып қалады. Яғни, сапа жоқ. Ал егер осы 10 мың адамға бе­ретін қаржыны мың адамға бергенімізде, сәйкесінше қаржы да кө­бірек тиер еді. Нәтиженің де бо­лары сөзсіз, – дейді экономист Ға­лымжан Керімбек.

Гранттың да сұрауы бар

Бес жыл ішінде «Бизнес Бастау» нағыз халықтың жобасына айналды, әсіресе елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары. Осы уақытқа дейін іске асырылған жобалардың 80 пайызы – ауыл шаруашылығы саласында. Қалған бөлігі қызмет көрсету, сауда, тігіншілік, тамақ өнеркәсібі және басқа бағыттарды қамтиды. Ауылда ашылған жобалардың көпшілігі, шамамен 80 пайызы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына тиесілі. Дегенмен өз сиырын өзі сатып алып, тегін ақшадан құр қалмайын дейтіндер де бар. Жоба ұйымдастырушылары құжатты қанша қиындатса да, қайтарымсыз грантты алып, тиімсіз пайдаланғандар да жоқ емес. Мұндай жағдайда жоба ұйымдастырушылары кәсіпкердің үстінен сотқа шағымданып, грантты өндіріп алуға құқылы. Жақында Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Борисевичке асфальт сыпырып, қар тазалауға арналған агрегат ойлап тапқаны үшін мемлекеттен грант берілген. Ал облыстық Кәсіпкерлік басқармасы ақшаны тиісті мақсатқа игермегені үшін сотқа берді. Бес жылдан бері кедейліктің төмен шегіндегі мұқтаж жандар­ға, соның ішінде жұмыссыз қыз-келіншектерге жақ­сы қолдау болды. Бірақ осы жыл­дар ішінде бағдарламаның кемшіліктері де байқалды. Ең негізгі кем­шілік – грант қаржысына қадағалаушы мекемелер тарапынан дұрыс бақылау болмады. Кейбір жандар есепшотына түскен соманы бірден қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа мақсаттарға жұмсаған. Мә­селен, грант қаржысы бұрынғы қарыздарын жабуға кетті, той өткізіп, смартфон сатып алғандар да бар. Бұл бір жа­ғынан көп адамда қар­жылық сауат жоқтығын білдірсе, екінші жа­ғы­нан – мемлекеттің қаржысын те­гін үлестіріп жатқандай көрген ма­сылдық психология­ның көрінісі. Иә, «Бизнес Бастау» жобасы – екі қолға бір күрек таба алмай жүр­гендер үшін күнкөрістің қамы. Бірақ үлкен нарыққа шығудың кілті емес.