Ауызсуды сатып ішіп отыр
Ауызсуды сатып ішіп отыр
373
оқылды
Шығыс Қазақстанда ауызсуға жарымай отырған ауылдар аз емес. Алайда облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген деректеріне сенсек, өңір тұрғындарының 96,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген (қала тұрғындары – 99,1%, ауыл тұрғындары – 91,8%). «Өткен жылдың соңындағы деректер бойынша, облыстың 49 мыңнан астам тұрғыны ауызсумен қамтылмаған. Оның 41 мыңы – ауыл тұрғындары. Ауыз­сумен толық қамтылмаған өңірлерге Ұлан, Үржар, Бородулиха, Тарбағатай, Аягөз, Күршім, Бесқарағай, Глубокое, Алтай, Жарма, Зайсан, Көкпекті, Катонқарағай аудандары, Семей мен Риддер қалаларының маңдарындағы ауылдар жатады. 2022 жылы құны 34,5 миллиард теңге болатын 45 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 9,9 миллиард теңге қаражат бөлінді» делінген басқарма ұсынған мәліметте.

Шәйнек ауыстырамыз

Байқағандарыңыздай, негізінен ауызсуға зар болып отырған – ауылдағы ағайын. Десек те, шал­­­ғайдағы ауылдарды айтпа­ған­да, қала іргесінде тұрып ауыз­суға жарымай жүрген тұр­ғын­дар да бар. Облыс орталығы Өскеменге өте жақын орын теп­кен сондай елді мекендердің бірі – Глубокое ауданындағы Пра­пор­щи­ково ауылы. Екі мың­нан ас­там халқы бар ауылға орталық­тандырылған ауызсу 2003 жылы келгенімен, тіршілік нәрі тұр­ғын­дардың барлығына бірдей жетпеген. Мәселен, Сүлейменов көшесінің тұрғындары ауызсуды сатып алып отыр. Жетіскеннен емес, әрине. Тұрғындардың айтуынша, алпысқа жуық аулада құдық бар болғанымен, суы тұз­ды көрінеді. «Ішкеніңіз былай тұрсын, тіпті кір жууға да жарамайды. Қаладан шелектеп су тасуға әр­кім­нің жағдайы келмесі белгілі. Ал дүкендегі 5 литр судың бағасы – 270 теңге. Тұрғындар жыл сайын тұзды судың кесірінен 10-15 шәйнек ауыстыруға мәж­бүрміз. Материалдық шы­­ғын былай тұрсын, темір шәу­гімнің түбін ойып түсіретін тұз­ды судың адам ағзасына келтіріп жат­қан зиянын ешкім ойлап жатқан жоқ. Мұнда көшіп келгенімізге тоғыз жыл болды. Тоғыз жыл бойы әкімнің есігін қағумен келеміз. Арызымызды жазбаша да, ауызша да жолдадық. Бірақ бізді ешкім елеп-ес­кермейді. Қаладан бір шақырым жерде ғана тұрамыз, өркениеттен жұрдаймыз», – дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Зұлқаршын. Құдықтағы су тұз татығандықтан бұл көшенің тұрғындары ауызсуды сатып алуға, кейбірі, тіпті Өскеменге қарайтын Прох­ладный шағынауданынан тасуға мәжбүр. Олар қақаған қыста 30-40 бөтелкеге су толтырып, оны жеткізу қиямет-қайым шаруа екенін айтады. «Бұрынғы әкімге қанша рет бардық. Бос уәде. Мәселе шешілген жоқ. «Таза ауыз­су» бағдарламасы неге бізге жет­пей қалды, түсінбеймін. Шә­кәрім көшесіне дейін тартылды. Таяқ тастам жердегі біз ұмыт қал­­дық», – дейді Сүлейменов кө­ше­сінің тұрғыны Самиға Ахметова. Сүлейменов көшесінің тұр­ғын­дары тұзды суға шағымданып отырса, Моторная көшесінің тұрғындары су қысымының төмендігіне наразы. «Мен тұратын Моторная көшесіне жуықта ауызсу тартылған. Бірақ судың қысымы өте төмен. Киім жуғанда мүлдем қиналамыз. Су тартылды деген аты ғана, сыздықтап тұрады краннан», – дейді осы көше тұрғыны Бибігүл Оразалина. Прапорщиково Ертіс ауылдық округіне қарайды. Ауылдық округ әкімі Ерлан Жұмағұлов Сүлейменов көшесі тұрғындарының мәселесінен хабардар екенін жеткізді. «2003 жылдан бастап Прапорщиково ауылында орталықтандырылған су жүйесі бар. Ал жаңадан салынып жатқан әуежайдың маңайындағы жер үйлерге су жетпей қал­ды. Халық арыздарымен жыл­да келіп жатады. Облыс әкімі­нің орынбасарына дейін барған. Мәселе көтеріліп, осы жылы шешіледі деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Желге ұшқан миллиардтар

Мәселе демекші, осы Глубокое ауданының ең үлкен ауылдарының бірі Белоусовкаға бірнеше жыл бұрын ауызсу тар­тыл­ған болатын. Алайда «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бө­лініп, орнатылған су құбырлары тұрғындардың көңілінен шық­пай отыр. Себебі келіп тұрған су өздігінен тоқтап, кейде екі-үш күн су болмай қалатын көрінеді. «Сондай кездерде амал жоқ көршілерімнен тасуға тура келеді. Жас та емеспіз. Қыстың көзі қырауда кәрі адам­ға су тасу да оңай емес. Қаншама миллиард теңге қаржы бөлінген, сапалы етіп жасауға болады ғой», – дейді осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Ирина Калачева. Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, мердігер су құбырын о­рнатқанда өз жұмыстарына салғырт қараған. Кейбір құрыл­ғы­ларды орнатпаған. Соның кесірінен су қысымы төмендеген. Ал мердігердің өзі қазір бан­к­ротқа ұшыраған екен. Жалпы, Шығыс Қазақстанда ауызсу мәселесі төңірегінде шешілмеген түйткілдер аз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Аягөз ауданының бірнеше ауы­лына таза ауызсу тартуға бюджеттен 2 милиард, 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 8 жоба қолға алынып, ақыр соңын­да соның біреуі ғана жүзеге асып, ал мердігерлер бас­та­ған жұмысын аяқтамай, қазына қаржысы талан-таражға тү­сіп, желге ұшқан болатын. Ең сорақысы, жергілікті әкімшіліктің мамандары: «Мердігерлер міндетін мінсіз орындап, барлығына су тартып берді» деп жалған есеп беріп, жұмысты қа­былдап алған. Осы жағдайға байланысты бірнеше әкім жұмыстан кеткенімен, мәселе «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр.

Шығыс Қазақстан облысы