Ауылдағы дарынды балаларға арналған «Мың бала» олимпиадасына тіркеу 20 наурызда аяқталады
Ауылдағы дарынды балаларға арналған «Мың бала» олимпиадасына тіркеу 20 наурызда аяқталады
860
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы білім саласын дамыту бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. Президент әрдайым білім саласының дамуы мен ғылымның өркендеуіне, адами капитал сапасын арттыруға ерекше назар қойып келеді.

«Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналды. Жолдау барысында оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу және ең маңызды бағыттың бірі ретінде ауыл балаларын қолдау, дарынды балалардың қабілетін ашуға қатысты тапсырмалар берілді. Білім және ғылым министрілігінің қолдауымен Елбасы Академиясы ауыл балаларына ғана арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасын биыл үшінші рет ұйымдастырды. Биылғы «Мың бала» олимпиадасына тіркелу 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында 19 ақпан мен 20 наурыз аралығында өтеді. «Мың бала» олимпиадасы – ауылдық жерлердегі дарынды балаларды іріктеу және қолдау бағытындағы ең маңызды жобалардың бірі. Олимпиадаға  Қазақстан Республикасының ауыл  мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5, 6-сынып оқушылары тегін қатыса алады. 6-сынып оқушыларының ішінен жоба жеңімпаздарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген квотаға сәйкес дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге,  «Білім-Инновация» лицейіне, Республикалық физика-математика мектебіне және «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқу мүмкіндігі беріледі. 5-сынып оқушылары арасынан шыққан финалистер үшін Елбасы Академиясының «Бірге оқу» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан ақысыз негізде өту қарастырылған.  Екі жыл ішінде 450 мыңнан астам ауыл баласы осы білім бәйгесінде өз бақтарын сынады, 2000 астам бала жеңімпаз атанып, 638 оқушы республиканың мамандандырылған мықты мектептеріне конкурсыз негізде қабылданды. Олимпиада тек академиялық білімге ғана емес, сыни және логикалық ойлау қабілеттерін анықтауға бағытталған. Олимпиаданың ең басты ерекшелігі – ол тек ауыл балаларына арналған, мақсаты ауылдан шыққан дарынды балаларды анықтап, республиканың мықты мектебінде оқытып, білім көкжиегін кеңейтіп, оларға жарқын болашаққа жол ашу. Елбасы Академиясы дарынды оқушылар мен жастарды қолдау мақсатында жүйелі түрде түрлі деңгейдегі жобалар мен байқаулар өткізеді. Академия еліміздегі ең ауқымды жоба «El Úmiti» бастамасын жүзеге асыру бойынша негізгі оператор болып табылады. Яғни, болашақ көшбасшыларды қолдау мақсатында «Еl Úmiti» бастамасындағы жобаларды бірыңғай жүйеге біріктіріп, жүзеге асырады. Міндеті – еліміздің дамуына өз үлесін қосуға дайын жастарға қолдау көрсету, адамның әлеуетін дамыту саласындағы үздік сарапшылар мен мамандарды тарту, қоғам мен мемлекеттің қажеттілігін тұрақты зерттеу, жеке тұлғаның қабілеттерін дамытумен айналысатын әлемдік, мемлекеттік деңгейдегі серіктестермен ынтымақтастық орнату. Академияда «Мың бала» Ұлттық олимпиадасымен қатар «Birge Oqý» онлайн мектебі бар. Онлайн білім алуға қажеттілік туындаған пандемия кезінде оқушылар осы онлайн мектеп арқылы республикамыздың үздік ұстаздарынан білім алды. Олар жаһандық желінің мүмкіндіктерін қолдана отырып, математика, ағылшын, жаратылыстану, орыс тілі немесе қазақ тілі пәнін тегін негізде оқиды. Жаңа оқу жылында цифрлық технологияларды тиімді пайдаланудың әдісін білетін  білікті  ұстаздар саны 42-ден 150-ге артты.
Жаңа форматтағы онлайн мектепте Назарбаев Зияткерлік мектептері, Республикалық физика-математика мектебі және Нұр-Сұлтан қаласы лицейлерінің жоғары санатты мұғалімдері ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және цифрлық білім беру құралдарын пайдалана отырып сабақ өтеді.
Пәнге деген қызығушылықты арттыратын көптеген дидактикалық және үлестірмелі материалдар, әртүрлі деңгейдегі тест тапсырмалары мен тәлімдік, тағылымдық ресурстар қолданылады. Кейбір сабақтар ойын түрінде геймификация тәсілімен түсіндіріледі. Академияның жастарды дамытуға бағытталған тағы бір үздік жобасы - «Елбасы медалі». Бұл жастарға қиындықтарды еңсерудің жолын көрсетіп, жоспар қойып, мотивация беру арқылы оларды дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз жоба. Елбасы медалінен үміткерлер 14 пен 29 жас аралығында болуы шарт. Мектеп бітіруші медалистерге білім беру грантын алуда артықшылықтар беріледі. Елбасы медалінің 605 иегерлеріне 2021 жылы мемлекеттік білім гранттары тапсырылды, олардың 30 пайызы ауыл мектептерінің түлектері. Жобаға қатысушылардың саны қазір 20 мыңнан асты. Жобаны 359 тәлімгер, 17 аймақтық үйлестіруші және 17 сарапшы жүзеге асыруда. Қатысушылардың 83 пайызы мектеп оқушылары, 11 пайызы студенттер, 6 пайызы жұмыс істейтін жастар, 0,4 пайызы NEET жастары. Қатысушылардың 24% ауыл тұрғындары. Қатысушылар жалындаған жастық шақта бойындағы күш-қуатын жинап, игілікті іске жұмыла кіріскен. Олар  жобаның үш деңгейінің бірін таңдап, 7 негізгі бағыт бойынша дамиды. «Qabilet» қызметі жобасы – оқушылардың қабілеті мен кәсіби бағдарын диагностикалауға арналған. Жобаның мақсаты – әрбір отбасыға балалардың қабілет деңгейін ерте бастан мектеп жасынан анықтауға көмектесу және оны дамыту бойынша бағыттар көрсету. Яғни, тек оқу үлгерімі жағынан ғана емес, танымдық және коммуникативті қабілеттері жағынан да дарынды балаларды анықтау мақсатында құрылған жоба. Балалардың қабілеттерін диагностикалауға арналған бірегей тесттерді психологтар әзірлеген. Тесттерді онлайн тапсыруға болады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен де жұмыс жүргізіліп келеді. Академияның қызметкерлері 13 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалалардағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 32 мектеп-интернатта болды. 5-11 жас аралығындағы оқушылардың қабілеттерінің диагностикасы жүргізілді. Жүргізілген диагностика қорытындысы бойынша жеке қабілеттері жоғары деңгейде дамыған 43 бала анықталды. Бұл қабілеттеріне назар аудара отырып, өз әлеуетін дамытса айтарлықтай жетістікке жете алатын балалар тобы. Мәселен, Қызылорда облысында әкімдікпен бірлесе отырып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған төрт бала «Зерде» жекеменшік мектептеріне толықтай тегін оқуға түсті. Бір бала қазір Зердеде білім алып жүр, тағы үш оқушы қыркүйекте оқуға кіріседі. 2021 жылдан бастап 10-11 жас аралығындағы балалар XXI ғасырдың негізгі құзыреттіліктері - "4К": креативтілік, сыни ойлау, коллаборация, коммуникативтілік бойынша қабілеттерін диагностикалаудан өтті. Бүгінгі таңда 10-11 жастағы 142 мың оқушы платформада тіркеліп, 104 мыңнан астам оқушы диагностикадан өтті және өз құзыреттерінің әлсіз және күшті жақтары бойынша ұсынымдар алды. Өткен жылы "Qabilet" өңірлік қызметінің 100 қызметкері оқушыларды диагностикалаудың, нәтижелерді түсіндірудің авторлық әдістемелерімен жұмыс бойынша оқытудан өтіп, сертификаттар алды. 2022 жылы 7-9 жас аралығындағы балалардың эмоциялық интеллектін, когнитивтік және коммуникативтік қабілеттерін диагностикалаудың авторлық әдістемелерін жасау, сондай-ақ қолданыстағы жалпы қабылданған әдістемелерді түрлендіру және бейімдеу бойынша жұмыс басталды. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептердегі 10-11 жас аралығындағы оқушылардың "4К" қабілеттерін дамытудың авторлық бағдарламасын, "Qabilet "қызметінің қызметкерлері мен мектеп психологтарына арналған оқу-әдістемелік құралды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Балалар жылы деп жарияланған 2022 жылы Елбасы Академиясынан білімді балаларға базарлық көп. Озық идеяларымен бөлісіп, еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосып жүрген жастарды қолдау да жалғасады. «Ел Үміті» бастамасы аясында Елбасы Академиясының жобалары соңғы екі жыл ішінде 1,5 млн адамды қамтыды. Республика бойынша өздерін дамытуға ниетті білімді, интеллектуал жастардың тұтас шоғыры қалыптасып келеді. Елде өскелең ұрпақтың әрдайым заман сұранысына сай бейімделуіне, әлемдік деңгейде дамуына, заманауи ІТ-технологияны меңгеруіне, жалпы жаңашылдыққа бейім болуына баса назар аударылуда. Жастарға жол ашар жобалардың барлығы жастар бұқарасының жетістікке жету жолындағы алғышарты.

Президенттің, мемлекеттің  жастарға қолдау көрсетуі Академияның жоспарлы жұмыстары мен межелі міндеттерін сәтті іске асыруға негіз болмақ. Себебі жалынды жастар - қашан да қоғамның қозғаушы күші. Тәуелсіз елдің ертеңі, кемел келешегі балалар мен жастардың тәрбиесіне, біліміне тікелей байланысты.

Маржан ИМАНҒАЛИЕВА, «Елбасы Академиясы» КҚ ресми өкілі