Жұмысшыны ығыстырған аутсорсинг
Жұмысшыны ығыстырған аутсорсинг
534
оқылды
ІІ Дүниежүзілік соғыстан қатты зардап шеккен Жапония жаңа «Күн­шығыс елін» құруға ден қойғанда «өмір бойға жұмысқа алу» («сюсин коё») жүйесін енгізді. Бұл тәжірибе қоғамға тұрақтылық әкелді, қара­пайым жапондықтарда болашаққа сенім пайда болды. Қазақстанда, керісінше жұмыс берушілер жаппай штат қысқартып, персоналын аутсорсингке көшіріп жатыр. Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт митингке шыққандар аутсорсинг мәселесін де көтерген еді. Оның себебі енді белгілі болды.

Игілік бұрмаланса, қиындыққа айналады

Аутсорсинг дамыған елдердің ізгі тәжірибесі. Артықшылығы же­терлік: бизнес иесі, компания бас­шылығы соның арқасында өнді­ріс­тік процестердің бір бөлігінің ауырт­палығын өз мойнынан алып, оны кәсіби деңгейде орындай ала­тын өзге компанияға тапсырады. Мысалы, кәсіпорын өз тауарларын тасымалдау үшін тұтас автопаркті ұстап тұру орнына тасымалмен кәсіби айналысатын логистикалық компаниямен келісім бекітіп, соған жүктей алады. Осының арқасында компания бар күш-ресурсын негізгі бизнесіне шоғырландырады, опе­ра­циялық шығындарын оңтайлан­дырады, автопарктен ғана емес, қоймалап, тарату орталықтарынан арылады. Бизнестің тиімділігі, ұш­қырлығы артады. Капитал босайды, жұмыскерлерге, мүлікке, аморти­зацияға, арендаға және басқасына төленетін ақылар, жарналар, са­лық­тар азаяды. Алайда Қазақстанда бұл үрдіс бұрмаланған, өңі өзгерген сипатқа ие болды: жұмыс берушілер да­мы­ған әлемдегідей қосалқы, көмекші функцияларды орындайтын жұ­мыс­шыларды ғана емес, негізгі пер­соналды да аутсорсер-мер­ді­герге табыстайтынды шығарды. Мы­салы, мұнай өндіретін жеке­мен­шік және ұлттық компания­лардың өндірістік, техникалық жұмысшыларының көбі осы негізде жұмысқа қабыл­данған. Салдарынан еңбек құқығы аяқасты болады, жалақысы штат­тағылардан аз белгіленеді, оларды тіпті кәсіподақ та қорғамайды. 2 наурызда өткен Еңбекминінің кеңейтілген алқа отырысында ми­нистр Серік Шәпкенов кейбір компанияның бұл істе одан ары барғанын ашық айтты: компания жұмыссыз ретінде тіркелген адамды жұмысқа алса, оның жалақысын мемлекет белгілі бір уақыт бойы бюджеттен төлейді. Сол мерзім аяқталған соң жалақыны ары қарай компания төлеуі тиіс. 2021 жылы 180 мыңнан астам адам осы субси­дияланатын жұмыс орындарына жіберді. Кейбір компания өз шт­а­тын жауып, тек жалақысын мем­ле­кет субсидиялайтын жұмыскерлерді жұмысқа жегумен әуестеніп кетіпті: мемлекет айлық төлеуді тоқтатса, шығарып жіберіп, жаңа жұмыс­сыз­дарды қабылдайды. Айталық, біраз аудан-қалада қоқыс шығарушы компаниялар осы схемамен жұ­мысқа жаман үйреніп алды. «Бұл құрал халықты жұмыспен қамтуда қажет. Алайда оның тәсіл­дерін қайта қарастыру қажет. Өйт­кені уақытша жұмыс аяқталғаннан кейін барлық қатысушы тұрақты жұмысқа орналаса бермейді. 2021 жылы жастар практикасынан кейін 62 пайызы, ал қоғамдық жұмыс­тардан кейін тек 32 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте бұл көрсеткіш өте төмен. Тағы бір мәселе: жеке­леген жұмыс берушілер өз штатын құрмайды, субсидияланатын жұ­мыс орындарын пайдаланады. Әріп­тес­тер, субсидияланатын жұ­мыс орын­дарына жолдама беру жұмыссыздық мәселесін шешпейді! Жұмыс беру­шілермен жұмыс жүр­гізу қажет. Әлеу­меттік жұмыс орын­дары кейін­нен жұмыссыздар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға трамплин ғана болуы тиіс», – деді С.Шәпкенов.

АҚС мамандары неге кемсітілді?

Қазақстанда аутсорсингтің тағы бір бұрмаланған түрі бар: ол –аза­маттық-құқықтық сипаттағы келі­сімшарттар (Договор ГПХ). Бұл тәсілді тіпті мемлекеттік мекемелер де жиі қолданады. Қаржы сарапшысы Сейітжан Әзізов біраздан осы мәселені кө­теріп келеді. Оның айтуынша, Ең­бек кодексінде жұмыскерге – «жұ­мыс берушімен еңбек қатынас­та­рында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орын­дайтын жеке тұлға» деген анықтама берілген. Азаматтық-құқықтық си­пат­тағы (АҚС) шартпен істейтін­дер де осы анықтамаға сәйкес ке­леді: олар да компания алдында мүліктік, материалдық жауапкер­шілік ар­қалайды. Соған қарамастан заңнама бұл адамдардың мәртебесін жұмыс­керге емес, «кәсіпкерге» теңейді. «Неге Қазақстанда АҚС шар­тын­дағылар компанияның төл жұ­мыскері саналмайды? Осы кере­ғар­лық кесірінен егер жұмыскер аут­сорсингке ауыстырылса, оны­мен АҚС шарты бекітілсе, онда тіпті оның функционалдық міндетте­мелері мүлдем өзгермесе де, ол енді жұмыскер болып есептелмейді. Неге? Әлемдегі трендке жүгінсек, қазір еңбекпен қамтудың батыстық моделі үстем болған. АҚШ-та аза­маттардың көбі жеке контрактімен жұмыс істейді. Компаниялар қо­салқы, негізгі емес функцияла­ры­ның бәрін аутсорсингке шығарды. Бірақ осы жұмыскерлер компанияға жұмыс істеген кезінде олардың әл-ауқатына, жалақысына компания жауап береді, өз қызметкеріндей қарайды», – дейді С.Әзізов. Америкада, мысалы Amazon аутсорсерлер арқылы 125 мыңдай қызметкерді қосымша жалдауға кі­рісті. Осылайша, жалдаған қыз­мет­керлерінің саны миллионға жуық­тады. Оларға сағатына орта есеп­пен 17 доллардан ақы төлейді, әлеу­меттік қолдау пакеттері бе­рі­леді, тіпті былтыр осы қызметкер­лердің университеттегі оқуын то­лық өтеуге шешім қабылдады. Се­бебі компания өз беделін басты орынға қояды: жалдамалы қызмет­кер бірдеңені бүлдірсе, жаман аты аутсорсер-мердігерге емес, Ама­зонға тиеді. АҚШ еңбек қатынастарының 90%-ын аутсорсингке шығарды. Бұл еңбек дауларын ушықтырған жоқ: еңбеккерлерді қорғау лайықты жолға қойылған. Сарапшы Үкімет­ке «АҚС шартымен жұмыс істей­тін­дерді жұмыскер мәртебесіне те­ңес­тіру» туралы ұсыныс жолдады. Бірақ бұл ұсынысты Еңбекмині құптамай отыр. «Субъектілік құрамы, мазмұны, шартты бекітудің, өзгертудің және тоқтатудың негіздері мен тәртібі, сондай-ақ келісімді орындау рәсімі бойынша АҚС шарттарының заң­дық табиғаты еңбек шарттарынан ерекшеленеді. Атап айтқанда, АҚС шартын бекіткен адам тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша қандай да бір қызметті орындауға міндеттеме алады. Ал тапсырыс беруші оның осы қызметінің ақы­сын төлейді. Мұндай құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасының нормалары таралмайды. Еңбек кодексінің 21-бабына сәйкес, жұмыскер мен жұмыс беруші еңбек келісімшартын бекітсе ғана еңбек қатынастары туындайды. Тек осы жағдайда ғана жұмыскер еңбек саласындағы құқықтар мен кепіл­діктерге ие болады», – деп түсіндірді министр Серік Шәпкенов. Оның айтуынша, АҚС шарты бойынша қызмет көрсететін тұлға «жұ­мысшы болып таныла алмайды». [caption id="attachment_186654" align="alignleft" width="1200"]келісімшарт © коллаж: Елдар Қаба[/caption] HR-маманы Вадим Айсин бү­гінде АҚС-тегілер мен штаттағылар еңбегінің ерекшелігі жойыла баста­ғанын айтады. «Мысалы, Еңбек кодексінің 27-бабында «еңбек шартының» АҚС секілді шарттардың өзге түр­лерінен ерекшелігі жазылған. Ең­бек шартының ерекше белгілері келесідей: біріншіден, жұмыскер белгілі бір біліктілік, мамандық, кә­сіп немесе лауазым бойынша жұ­мысты орындайды, екіншіден, мін­деттемелерді еңбек тәртіпте­ме­сіне бағына отырып, тікелей өзі орындайды, үшіншіден, еңбегі үшін жалақы алады. Бүгінде барлық АҚС шартында соны бекіткен маман өзіне тапсырылған жұмысты тікелей өзі орындауға міндеттеледі, оны «субподряд» секілді өзгеге жүктей салуына рұқсат етілмейді. Әрі жұмысты білікті орындауы шарт. Яғни, қазір аутсорсинг қыз­меткерлеріне қойылатын талаптар штаттағылармен теңесіп қалды», – дейді сарапшы. Жауапты шенеуніктер ескі қа­ғи­даларға кенедей жабысып, ең­бек­кер­лер құқығын қорғауда икем­ділік таныта алмай отырғаны байқалады.

Заңнамада аутсорсинг ұғымы да жоқ

Өткен жылы Қазақстанның түр­лі өңірінде еңбек даулары, ере­уілдер өршіді. Солардың барысында жұмыскерлер аутсорсинг жала­қы­сын штаттағы қызметкерлер жала­қысына теңестіруді талап етті. Осыған орай пікір білдірген кейбір сарапшысымақтар Еңбек кодексіне өзгеріс енгізілгенін, бұлардың жалақысы онсыз да теңестірілгенін алға тартты. Шынында олай емес: 2020 жылдың желтоқсанында кү­шіне енген әлгі түзетулерге сәйкес, «Жіберуші тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшері ұқ­сас лауазымы, тиісті біліктілігі, ма­мандығы немесе кәсібі, орын­да­латын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасы, сондай-ақ өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бойынша қабылдаушы тарап жұмыскер­ле­рінің негізгі жалақысының мөлше­рі­нен кем болмауға тиіс». Жаңаөзен тұрғыны Нұрлан И. 2021 жылы аутсорсинг компаниясы арқылы жұмыс істепті. Содан тап­сырыс беруші мен аутсорсинг ком­паниясы арасындағы шарт мерзімі аяқталған соң олардың бәрімен еңбек келісімшарты бұзылған. Егер әлдебір зауыт штатын мыңдаған адамға қысқартса, бұл туралы ақпа­рат құралдары жарыса жазады, еңбек инспекторлары араласады, тіпті Үкімет деңгейінде қаралуы мүм­кін. Ал аутсорсингпен жалдан­ған­дарға ешкім назар аудармайды. «2020 жыл соңында Еңбек ко­дексінің 103-бабы күшіне еніп, жа­лақылар енді теңесетіні айтылды. Жаңаөзенде қала құраушы «Өзен­Мұ­найГаз» кәсіпорны бар, ол аут­стафф келісімдерімен қабылдан­ғандар­дың жалақысын штатта­ғы­лар­мен теңес­тірді, ал аутсорсингпен келген­дердікін теңестірмеді. Өз ке­зе­гінде «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС аутстаффингті де, аутсор­синг­т­і де теңестірді. Неге бұлардың әр­қай­сысы заңды өзінше түсініп, ала қой­ды бөле қырқуда?» – дейді Нұрлан. Сөйтсе, аутсорсингтегілер жағ­дайы аутстаффтан нашар болып шықты. «Еңбек кодексінде аутсорсинг және аутстаффинг деген ұғымдар мүлдем жоқ. Кодексте тек «персо­нал беру» деген ғана бар. Ол бір ком­панияның, айталық, кадрлық агенттіктің басқа компанияға – қабылдаушы тараптың мүддесінде, басқаруымен және бақылауымен еңбек функцияларын орындайтын персоналды беруін қарастырады. Бірақ бағыттаушы тарап сол жұ­мыскерлердің жұмыс берушісі бо­лып қала береді. Бұл – аутстаффинг деген сөз. Бағытталған жұмыс­кер­лердің жалақысы қабылдаушы та­рап жұмыскерлерінің жалақысымен бірдей болуы тиіс. Ал аутсорсинг де­геніміз – персонал ұсыну емес, ол әлдебір компанияның қандай да бір қызмет түрін не функциясын басқа бір компанияның орындай­ты­нын білдіреді. Демек, аутсорсинг қызметтері Еңбек кодексінің 103-бабына жатпайды», – деген түсініктеме берді Еңбекмині. Қорыта айтқанда, болашақта да еңбек дауларының көбі аутсор­синг­ке қатысты туындайтынға ұқсайды. Өйткені оларды тіпті Еңбек кодексі де қорғамайды. Әлгінде министрлік айтқандай, ұлттық еңбек заңнама­сында аутсорсинг деген ұғым да жоқ: өмірде бар, оны заң елемейді. Заңнамада болмаған соң Еңбек­мині де қорғамайды. Жапонияда бүгінде бүкіл жұ­мысшылардың жартысы ғана «өмір бойға жұмысқа алу» қағидатымен еңбек етеді екен. Дегенмен сарап­шы­лар жаһандық созылмалы дағ­дарыстар, пандемия, елдегі эконо­ми­калық құлдырау «сюсин коё» жүйе­сін жастар үшін қайтадан тар­тымды ете бастағанын айтуда. Sauap.org порталының дерегінше, «Күншығыс елінде» 33 мың компа­ния 100 жылдан көп уақыттан бері жұмыс істейді. Ал кеше ашылған компания бүгін жабылып қалып жатқан Қазақстанда бұл жүйе жер­сіне алмасы мәлім. Ендеше ең құ­ры­ғанда, аутсорсингпен алынатын жұмыскерлерді қорғауды күшейту – күн тәртібінде тұрған өзекті мә­селе болса керек.