Халықаралық әйелдер күні: тарих һәм дерек
Халықаралық әйелдер күні: тарих һәм дерек
©Р.Фахрутдинов
723
оқылды
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Халықаралық әйелдер күні Америкада 1909 жылы, Америка Социалистік партиясы мүшелері ұйымдастырған қарсылық акциясынан бастау алған. 1975 жылы БҰҰ-ның шешімімен ресми түрде халықаралық мереке мәртебесі берілді. Қазіргі таңда аталған мерекені әлемнің бірнеше мемлекетінде ресми түрде атап өтеді. Осыған орай біз де халықаралық әйелдер күні мерекесінің тарихына қысқаша шолу жасап, қызықты фактілерді жинақтадық.   1908 жылы әйелдер арасында зорлық-зомбылық пен теңсіздікке қарсы үлкен толқулар болды. Сол жылы 15 000 әйел жұмыс уақытын қысқарту, жалақыны көтеру және дауыс беру құқығын беруді талап етіп, Нью-Йорк қаласында шеруге шықты. 1909 жылы АҚШ-та Америка Социалистік партиясының мәлімдемесіне сәйкес, американдық Тереза ​​Малкилдің ұсынысы бойынша тұңғыш рет Ұлттық әйелдер күнін атап өтті. 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің екінші халықаралық конференциясы өтіп, онда Германияның социал-демократиялық партиясы «Әйелдер кеңсесінің» басшысы Клара Цеткин Халықаралық әйелдер күнін атап өту идеясын ұсынды. Конференцияға 17 мемлекеттен келген 100-ден астам әйел Цеткиннің ұсынысын бірауыздан мақұлдады. 1911 жылы Халықаралық әйелдер күні алғаш рет Австрия, Дания, Германия және Швейцарияда тойланды. Миллионнан астам әйелдер мен ерлер әйел құқығын қорғау мақсатында митингтер ұйымдастырған. 1975 жылы БҰҰ Халықаралық әйелдер күніне ресми мәртебе беріп, алғаш рет атап өтті. 1996 жылы БҰҰ тұңғыш рет Халықаралық әйелдер күнінің жыл сайынғы тақырыбын жариялады: «Өткенді тойлау, болашақты жоспарлау». 2011 жылы Халықаралық әйелдер күніне 100 жыл толды (1911 жылы Австрия, Дания, Германия және Швейцарияда өткен іс-шаралардан бастап есептеледі). 2022 жылғы 8 наурыздағы Халықаралық әйелдер күнінің тақырыбы, «Ертеңгі тұрақты өмір үшін бүгінгі гендерлік теңдік».  Негізгі мақсаты тұрақты болашақты құру үшін климаттың өзгеруіне бейімделу, оның әсерін азайту және ондағы өзгерістердің көшбасшысы ретінде әлемдегі әйелдер мен қыздардың қосқан үлесін көпшілікке жария ету.