Вагонды паналаған 70 жастағы кейуана
Вагонды паналаған 70 жастағы кейуана
©azattyq-ruhy.kz
355
оқылды

Шымкентте 70 жастағы Қалайзада Рүстемова вагонда тұрғанына он жыл болыпты. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.

Жалғызбасты әжей қыста тамыр-таныстың үйін паналаса, көктемнен қара күзге дейін вагонда күнелтеді. Айтуынша, онда не су, не жарық жоқ. Тіпті тамақ әзірлейтін мүмкіндік жоқ екен. – 2014 жылдан бері баспана кезегінде тұрмын. Тоғыз жылдан бері әлі бұйырар емес. Вагон ішінде электр энергиясы жоқ. Ас әзірлейтін газды қосуға тыйым салынған. 2004 жылы Өзбекстаннан көшіп келдім. Азаматтық алғанымен баспана алуға қаражатым жетпеді. Содан кісі есігін сығалағаннан жақсы ғой деп осы вагонды сатып алдым. Бірақ осынша жыл пана қыламын деп мүлдем ойлаған жоқпын,  – дейді ол. Қалайзада Рүстемова  пана болған темір үйшік Шымкенттің өзінде бір емес бірнеше орын ауыстырып үлгеріпті. Айтуынша, бос тұрған учаскелерге  ақшасын төлеп, баспанасын сүйретіп жеткізеді екен. Алайда жер иелерінің көпшілігі вагонды өз ауласында қалдыруға келісе бермейді. Сол себепті де көшіп-қонуы көбейген. Әжейдің өзі құзырлы орындардың табалдырығын тоздырған. Олар тек құр сөзбен шығарып салады. 2020 жылдың күзінде әкімдіктегілер "пәтер береміз" деп қуантқан көрінеді. Одан бұрын да жатақханадан орын бергенмен бөтен отбасымен қосақтап қойған. Ал тұрғын үй басқармасындағылар кейуанаға бір емес бірнеше баспана ұсынғандарын айтады. «Коммуналдық тұрғын үй қорындағы жатақханаларда бұл кісіні жеке тұрғызатындай бір бөлмелі бос пәтер жоқ. Бірақ сол жатақханадан бізде төрт бөлмелі пәтердің бір бөлмесін босатып, ұсындық. Екі апа бір-бірімен шүйіркелесіп әңгімелесіп отырсын, сол бөлмеге сізді көшірейік дегенбіз. Алайда Қалайзада апамыз келіспеді», - деді Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының бас маманы Гүлима Байсейітова. Ал басыбайлы пәтер кезегі келгенде ғана беріледі. Алдында 1 479 адам бар. Сондықтан тым болмағанда қазір тұрып жатқан темір үйшігін жөндетіп беру жағын ойластырып жатыр.