Қоржында – Бейжің қоласы
Қоржында – Бейжің қоласы
381
оқылды
Бейжіңдегі қысқы Паралимпиада ойындарында ел қоржынына алғашқы медаль түсті. Төртжылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасының бірінші жүлдесін парабиатлоншы Александр Герлитц алды. Чжанцзякоу қаласының ұлттық биатлон орталығында өткен 10 шақырымдық сайыста 28 жастағы қазақстандық спортшы мәре сызығын үшінші болып кесті. Бұл бәсекеде үздік шыққан канадалық спортшы Марк Арендзге (31:45.2) тең келер қарсылас болмады. Ал күміс украиналық Григорий Вовчинскийге (32:42.2) бұйырды. Александр – Қазақстанның атынан парабиатлоннан түрегеп сырғанауда бақ сынаған жалғыз спортшы. Одан бөлек, парабиатлоннан отырып сырғанауда ел намысын екі отандасымыз қорғады. Алайда қос спортшы жүлдеге іліге алмады. Сергей Усольцев – 14, Ербол Хамитов 16 орын алды. XIII қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан атынан Сергей Усольцев, Александр Герлиц, Ербол Хамитовтан өзге Денис Петренко мен Юрий Березин де қатысып жатыр. Енді қазақстандық спортшылар 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда жарыс жолына шығады. Қытайдағы дүбірлі дода 13 наурызға дейін жалғасады. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда. Қазақстан атынан келген 5 параспортшы спорттың екі түрінен сынға түседі. Герлицтің қола жүлдесінен соң құрамамыз медаль еншіліген елдер қатарына еніп, турнирлік кестеде 18-орынға көтерілді. Медальдық есепте Қытай көш басына жайғасқан. Олардың еншісінде – 10 алтын, 9 күміс және 13 қола. Екінші орында 7 алтын, 2 күміс және 7 қола медальмен Канада келеді. Үздік үштікті 6 алтын, 8 күміс және 5 қоламен Украина түйіндеп тұр. Бейжің Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Бүгінге дейін ел қоржынында 1 алтын, 1 күміс медаль болған. 1994 жылы Лиллехаммерде 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева күміс жүлдегер атанса, 2018 жылы Пхенчханда шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион болған еді. Бейжіңдегі қола жүлдеден кейін қысқы Паралимпиада тарихында еліміз үшінші медаліне қол жеткізді. Осы жеңісі үшін қазақстандық спортшы Александр Герлиц мемлекеттік бюджеттен 75 мың доллар немесе 37 миллион 700 мың теңгеге жуық сыйақы алады. Айта кетейік, Олимпиада және Паралимпиада ойындарында алтын медальға ие болған спортшыларға – 250 мың доллар, күміс медаль үшін 150 мың доллар беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында Бейжіңде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында 10 шақырымдық жарыста қола жүлдегер атанған қазақстандық биатлоншы Александр Герлицті құттықтады. «Бұл – Қазақстанның ал­ғашқы медалі. Александрды шын жүректен құттықтаймын және спортта бұдан әрі қарай да табысты болуына тілектеспін!», – деп жазды Мемлекет басшысы. Александр Герлитц Спорт журналисі Аслан Қаженов те Паралимпиадада ел мерейін асқақтатқан спортшының өне­рін жоғары бағалады. – «Сау спортшылар алмаған жүлдені алды» деген жаман есті­леді екен. Әттең, осыны жете тү­сі­ніп, сүйектерінен өткізетін спорт­шылар, не шенеуніктер болса ғой. Бейжіңдегі сәтсіздік ұмытылды. Жауаптылар жауап бермеді. Ақшаның да есебі берілмеді. Ал Герлиц үшін, әрине қуаныштымыз. Алда тағы мүмкіндіктері бар. Қоржындағы медаль санын арттырады деген үміттеміз,– дейді спорт журналисі Аслан Қаженов. Біз де өз кезегімізде отандасымызды және Қазақстан халқын осы бір үлкен жетістікпен құттықтаймыз. Александр жоғары спорттық шеберлік пен табандылық танытып, халықаралық жарыста Қазақстанның намысын абыроймен қорғай білді. Бұл тамаша жетістік жаңа жеңістердің бастамасы екеніне сенеміз. Лайым солай болғай! Александрға және ұлттық құраманың басқа да өкілдеріне алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!