Мұнайдың қызығы таусылды ма?
Мұнайдың қызығы таусылды ма?
634
оқылды
Таяуда АҚШ Ресейден мұнай импорттаудан бас тартқанын білеміз. Бұл тыйымнан кейін біз­де­гі мұнай экспортына алаңдаушылар көбейді. Се­бебі жұртты «Ресейге салынған санкция­лар­дың салдарынан әлем Қазақстан мұнайынан бас тартуы мүмкін бе?» деген сауал мазалаған. Бұлай ой­лауға негіз бар, өйткені мұнайымыз өзге ел­дер­ге Ресей арқылы жөнелтіледі. Көр­ші­міздің құбы­рымен өтетін қара алтынның қа­дірі қашуы ғажап емес.

Қорқуға негіз жоқ емес

Ел экономикасы осы күні негізгі тірегі ре­тін­де мұнайға сенеді. Сөзсіз, кей жыртығы­мыз­ды жамап отырған да – сол. Соңғы жылы шығысымыз кірісімізден асып кетті. Шығыс – 15 триллион теңгенің, кіріс – 9 триллионның төңірегінде. Сол азғантай кірістің басым бөлігі мұнайдан екені айтпаса да белгілі. Егер мұ­найымызға қандай да бір шектеулер енгізілетін болса, экономикамыз одан әрі ақсап қалатыны даусыз. Экспорттық әлеуетіміз де мұнайға байланысты. Жалпы ішкі өнім сәл өсіп жатса да – соның арқасы. Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Қазақ­стан жыл сайын 90 миллион тоннаға жуық қара алтын экспорттайды. Біз алаңдап отырған – Ресей шекарасындағы мұнай құбырлары. Атап айтқанда, Каспий мұнай құбыры мен Атырау-Самара желісі. Осы екі құбыр арқылы еліміз жалпы қара алтынның 90 пайыздан астамын жөнелтеді. Әсіресе, Каспий құбырының рөлі зор. Бұл құбырға Қазақстан ғана емес, Ресей де өз мұнайын қоса айдайды. Маңызын ойлай беріңіз. АҚШ-ты бөлек қойғанда, қазір Еуро­паның өзі көршімізден келетін мұнайды шек­теуге мүдделі. Демек, Ресей арқылы өткені үшін бұл құбырларға шектеу қойылса, біз де қиналып қалуымыз мүмкін тәрізді. Оның алғышартын аңғарғандай болдық. Осыдан 1 аптадай уақыт бұрын Ұлыбритания­ның депутаттары Қазақстанға да санкция салу төңірегінде әңгіме айтты. Сол сөзден кейін Үндістан елі бірінші реакция көрсетіп, Қазақ­станнан мұнай алудан бас тартты. Әйткенмен, бұл әрекет біздегілерді қатты алаңдатпаған еді. Себебі Үндістан әрі кетсе, Қазақстан мұна­йы­ның 5 пайызын ғана алады. Ал бұл кезде отан­дық мұнай өндіруші компаниялар алдағы уа­қытта не боларын болжамады ма, әйтеуір жұм­ған аузын ашпады. Белгілі бір дәрежеде олар ресейлік кәсіпорындармен еншілес, ортақ мүд­делері бар. Сондықтан «зиян көреміз» деп қо­рықса керек. Экономист Мақсат Халық бұл мә­селеде үш тараптың мүддесі тұрғанын, сол се­бепті нақты болжам айту қиын екенін жеткізді. – Екі тараптың мәселесі болса, жолын тауып келісім жасау мүмкін еді. Бірақ проблема үшжақты болып тұр. Ресей мұнайын алатын Еуропа елдері де, Ресейдің де, екі ортада отыр­ған біздің де мүддеміз бар. Көршіміз қырсығып «ешкімге жоқ» деп, өзінің де, еліміздің де мұ­найын ұстап, қасарысса таңғалмаймыз. Демек, бұл жерде бәрінен бұрын саяси позиция рөл атқармақ, – дейді маман. Ал әлем елдері Қазақстан мұнайына аса бір мұқтаж емес. Қара алтын өндіретін 20-дан астам елдің ішінде жүргеніміз рас. Алайда біздің мұнайсыз-ақ өзге елдер ісін дөңгелете алады. Мәселен, мұнай өндірудегі алпауыт елдердің бірі Иранның қара алтынына шектеу қойылған. Соған қарамастан әлемде мұнай тапшылығы жоқ. Ресейдің мүмкіндігі шектел­геннен кейін Иранға да жол ашыла қоймас.

АҚШ жауығып отырмаған тәрізді

Жақында ғана АҚШ Қазақстан мұнайын шектеуге мүдделі емес екенін жария етті. Ізін ала Каспий мұнай құбырын санкциялардан босатты. «2022 жылы 8 наурызда қабылдаған Ресей мұнайының импортына тыйым салу қазақстандық мұнай саудасына әсер етпейді» деп хабарлады АҚШ-тың Қаржы министрлігі. Яғни, Ресейде шықпаған тауарлар мен өнімдер Ресей аумағы арқылы өтсе тыйым салынбайды. Бұдан соң Қазақстанда көптеген оңтайлы мүмкіндік пайда болатын тәрізді. Өйткені қара алтын экспорты шектелмесе, оның үстіне бағасы қымбаттаса, қазынамыз ортаймауға әсер етеді. Құн демекші, осы күні мұнайдың бір баррелінің бағасы 130 долларға жетті. Рекордтық көрсеткіш деңгейінде. «Қазмұ­най­газ» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы­ның кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев те құн өскенінің бізге тиімді тұстары барын айтып отыр. Ең алдымен Ұлттық қорға, бюджетке түсе­тін қаражат көбейеді. – Ол – бір жағы. Мұнай қымбаттаған кезде мұнай өнімдері де қоса қымбаттайтынын ұмытпаған абзал. Дүниежүзіндегі материалдың бағасы түгел қымбаттайды. Азық-түліктің де бағасы өседі. Өйткені мұнай – энергияның не­гізгі көзі. Энергия қымбаттаса, басқа өнді­ріс­тердің құнына ықпал етеді, – деді маман. Ал бізде жағдай сәл өзгеше. Елімізде мұнай өнімдерінің бағасы Президент тапсырмасы бойынша жарты жылда қымбаттай қоймай­тынын білеміз. Ал көп елдер Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды енгізгеннен кейін, сол елден шығатын өнімдерді сатып алу қысқарады. Ішкі нарығы құбылады. Ресей тым көп мөлшерде мұнай өнімдерін экспортқа шығарып келген еді. Енді бұрынғыдай шетелге шығара алмаған соң Ресейдегі мұнай өңдейтін зауыт­тардың қоры толып қалады. Сосын оны қайда жіберерін білмей әлек болары сөзсіз. Сондық­тан көршіміз тезірек мұнай сату үшін бағасын арзандатып отыр. Осы кез олардың мұнайы нарықтағы бағадан 28,5 доллар арзан. Егер олар мұнай өнімдерін арзандатса, біраз бөлігі арзан бағамен Қа­зақстанға келуі мүмкін. Ондай жағдайда біздегі мұнай өңдейтін зауыттар қиналады. Себебі өз өнімін сата алмай қалса, таңғалмаймыз. Рас, мұндайда ішкі нарықта мұнай өнімдерінің бағасы өсе қоймайды, бәсекелестік қызады. Мұнай өнімдерінің бағасы тұрақты болса, өндіріске оң әсер.

Бәрібір шығынымыз көп

Иә, санкциялар Қазақстан мұнайының экспортына зиянын тигізбес. Дегенмен соңғы уақытта сарапшылар Ресейге экспортталатын басқа тауарлардың саудасы тоқтауы мүмкін екенін айтып жүр. Экономикамыз Ресеймен өте тығыз байланысады. Экспорттық сыртқы саудамыздың жартысына жуығы – осы Ресей үлесінде. Сыртқа шығатын тауар айналымының 50 пайызға жуығы көршімізге тиесілі. Санкция салдарынан Ресейдің рублі екі есеге жуық құнсызданды. Теңгеге тигізетін әсері зор. Украинадағы жағдай басталғанға дейін доллар бағамы 420 теңгенің маңайында болған, қазір 500-ден асып кеткенін көріп отырмыз. Бұл қарқынмен теңгеге қысым күшейе бермек. Оның бәрін Ұлттық банк қаражат сатып ұстай алмайды. Жақында тағы 190 миллион долларға интервенция жасады. Түк те болмады. Сон­дықтан теңге құнсызданса, бағаның өсуіне, инфляцияға апарады. Жалпы, Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, валютаның тұрақсыз болуы көп адамды алаң­датады. Инвестициялық жобалардың бәрі тоқ­тап қалады. Салдарынан көп дүние қымбат­тайды. Құрылыстың бағасы артады. Өйткені біздің экономикаға шетелден келетін мате­риалдың үлесі көп. Мұнай бағасының қымбат­тауынан түсетін қосымша табысты дәл қазір экономиканы дамытуға салу мүмкін болмай жатыр. Өйткені табыстың бәрі қалып­тасқан жағдайдың зиянын бәсеңдетуден аспай тұр. «Мұнай бағасы қымбаттады екен деп әлеуметтік міндеттемелерді кеңейту, инфрақұрылымдық жобаларға қаржы салу қиын. Өйткені доллар осылай қымбаттап кете берсе, ең бірінші инвестициялық жобалардың іске асуы қиындап кетеді. Ал ол жұмыссыздыққа да алып келуі мүм­кін. Қазір мұнайдан түсіп жатқан табыстың бәрін теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жұмсап жатыр. Күнде жүздеген миллион доллар ақша сатып жатыр. Жағдай күрделі», – деді ол.

ТҮЙІН:

Сонымен, мұнайдың қымбаттауының жақсы жағы да, жаман жағы да бар екенін аңғардық. Сондықтан алдын ала болжам айтудың өзі қиын. Сол себепті көп нәрсеге даурықпай, басқа қыры­нан қарауға тура келетін секілді.