Әкімдікке әркімнің бар таласы...
Әкімдікке әркімнің бар таласы...
506
оқылды
Президенттің, Үкіметтің жергілікті жердегі өкілі саналатын ауыл әкімі атанғысы келетіндерге жоғары талаптың қойылуы – заңдылық. Әйтсе де, көпшілік арасында ауыл әкімдерінің сайлауы кезінде кандидаттарға тым жоғары талап қойылғаны айтылып жүр. Басқаны былай қойғанда, алақандай ғана ауылды басқаруға ниет танытқан азаматтардан мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін талап ету ақылға қонбайды. Осыдан барып алтын бесік ауылына адал қызмет еткісі келетін талайдың сағы сынды. Өткен жылдың соңында Пре­зиденттің өзі де ауыл әкімдерін сай­лау институтын жетілдіріп, кандидаттарға қойылар талапты жеңілдету керек екенін айтқан. Расында, шалғайдағы елді ме­кеннен мемлекеттік қызметтің «мек­тебінен» өткен мықты маман табыла бермейді. Ал аудан немесе облыс орталығында жүрген мемле­кеттік қызметшілер ауылдың тізгі­нін ұстауға ниет білдіре қоймайды. Есесіне ауылдағы мектеп, емхана, мәдениет үйі сияқты әлеуметтік ны­сандарда еңбек ететіндердің арасынан қолынан іс келетіндер көп. Сол секілді шаруа қожалық­тары мен ірілі-ұсақты агроқұры­лым­ның жетекшілері де ауыл әкімі атануға бірден-бір лайықты кан­ди­даттың қатарынан. Әйтсе де, ауыл әкімі сайлануына ұсынылатын кан­дидаттарда мемлекеттік қыз­мет­тегі еңбек өтілі 2 жылдан кем болмауы керек. Қолданыстағы заң­намаға сай ауыл әкімі «Б» корпусына жататын мемлекеттік әкімшілік лауазым иесіне жатады. Дегенмен саясаттанушылар ауыл әкіміне кандидаттардың мемлекеттік қыз­меттегі еңбек өтілін талап ету дұрыс емесін алға тартады. Олар мұны қолынан іс келетін өзге сала ма­мандарының құқығын шектеу деп біледі. Алғашында ауыл әкімдерін сай­лауға байланысты бірқатар заңна­малық құжатқа енгізілген өзге­рістерді Парламент депутаттарына таныстырған ведомство өкілдері әкімдерге мемлекеттік қызметтегі өтілі қажет емесін айтқан. Алайда бұл сөз айтылған жерінде қалып кет­кендей. Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясы ауыл әкіміне қойылатын талап «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазым­да­рына үлгілік біліктілік талаптарын бекіту туралы бұйрық негізінде ай­қындалатынын мәлімдеді. Ал бұл талап әкімдіктен таласы бар талай азаматтың жолына кедергі болған.

Қосшысын сайлайды, басшысын тағайындайды

Атап айтқанда, былтырғы ауыл әкімдерін сайлау кезінде 700-ден ас­там ауылдың екі тізгін, бір шыл­быр ұстауға 2 582 кандидат өз кан­дидатурасын ұсыныпты. Оның 2 297-сі тіркеуден өткен. Тіркеуден өтпей қалғандардың дені мемле­кеттік қызметтегі өтілі болмай сүрінуі де ғажап емес. Құқықтық саясатты зерттеу ор­талығы жариялаған «Қазақ­стандағы сайлау заңнамасы мен сайлау ре­фор­масының талдаулары» атты еңбекте ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты бірқатар статистикалық дерек келтірілген. Мәселен, канди­дат ретінде тіркелген 1 934 канди­даттың 936-сы мемлекеттік қыз­меткер болса, қалған 385-і бюд­жет­тік мекемеде еңбек етеді. Орталық мамандары ауыл әкім­дігіне мемлекеттік қызметте өтілі барларды тарту жергілікті жердегі жұмысты жетілдіруді мақсат етеді деген пікірмен де келіспейді. Олар жаңадан сайланған, тәжірибесі жоқ ауыл әкімдерінің біліктілігін арт­тыру үшін арнайы курстар ұйымдас­тыруға болатынын мысал еткен. Бір сөзбен айтқанда, сайлау арқылы әкімдік қызметтің жауапкершілігін арқалайтын азаматтың сайланбалы лауазым иесі екенін ұмытуға бол­майды. Сәйкесінше, оған тағайын­далатын мемлекеттік қызметшіге қойылатын талапты қою да заңға қайшы келетіні анық. [caption id="attachment_187632" align="alignleft" width="1200"]әкім © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Саясаттанушы Димаш Әлжа­новтың пікірінше, ауыл әкімдерінің сайлау институтын жетілдіруде әуе­лі сайланатын және тағайын­далатын лауазым иесі ұғымының аражігін ажыратып алған жөн. – Ауыл әкімдерін сайлау жүйе­сіне шын мәнінде кешенді реформа қажет. Мәселен, бізде сайланатын әкімдерге мемлекеттік қызметкерге арналған талап қойылады. Осыдан-ақ сайланған ауыл әкімдерін жергі­лікті жерде тәуелсіз лауазым иесі ретінде мойындамайтынын байқау­ға болады. Ең қызығы, сайланған ауыл әкімі облыс әкімі тағайындаған аудан әкіміне бағынады. Демек, ауыл әкімдерін халық сайлағаны­мен, олар өзінен жоғары тұрған институтқа саяси тұрғыдан тәуелді. Ал өз бетінше әрекет етіп, халық мүд­десі үшін қызмет еткісі келетін­дерді мандатынан айырып, қызмет­тен аластатады. Ауыл әкімі қызме­тіне өзін-өзі ұсынғысы келетіндер көп. Бірақ мемлекеттік қызметте өті­лі болмағандықтан, кандидат ре­тінде тіркеле алмайды, – дейді Димаш Әлжанов. Шы­нында, ауыл әкімін сайлау­дағы әуелгі мақсат басшылыққа халық арасында беделге, қолынан іс келетін азаматтарды тарту болған еді. Халыққа да сайлауалды бағдар­ламасы көңілінен шығатын канди­датқа дауыс беріп, өз ойында жүр­ген әкімді сайлап алуға мүмкіндік берілген. Дегенмен сайланған әкім өзінен жоғары тұрған, тағайындалған аудан әкімге бағынады. Сондықтан олар әкімдік қызметіне кіріскен сә­тінен халыққа берген уәдесінің үдесінен шығудан бұрын аудан әкі­мінің көңілін аулауға тырысып ба­ғады. Демек, оның ауылдастарының көңілінен шыққан сайлауалды бағ­дарламасын іске асыру мәселесі кейінге қалады.

Бәріне бірдей мүмкіндік берілуі керек

Қоғамда талас тудырған бұл талаптың орындылығына мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов те күмән келтіреді. Оның айтуынша, аталған талап ауыл әкімі қызметіне халық алдында беделді тұлғаларды тартуға кедергі. – Қолданыстағы заңнамаға сай мемлекеттік қызметте өтілі жоқ адам Президент сайлауына кан­дидат ретінде тіркеле алады. Ал дәл сол санаттағы адам неге ауыл әкім­дігіне кандидат бола алмайды? Ауыл­дарда бұл қызметке халық се­нетін, қолына іс келетін азамат­тарды көптеп тартқан жөн. Олар­дың мемлекеттік қызметтегі тәжі­рибесінің болу-болмауы маңызды болмауы керек, – дейді Ә.Бәйменов. Ең қызығы, елді мекендердің көбінде тек ауылдық округ аппа­ратында ғана мемлекеттік қызмет­шілер қызмет етеді. Оның өзінде ауыл әкімі мен бас маман ғана осы санатқа жатады. Яғни, әкім атануға ниеті бар азаматтар ауылда жүріп мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін жинай алмайды. – Есесіне ауылда жоғары білімі бар, шаруашылықта шыңдалған халықпен жұмыс жүргізетін аза­мат­тар жетіп жатыр. Оларды «Мемле­кеттік қызметте тәжірибең жоқ» деп әкімдіктен шектеу дұрыс емес. Керісінше, кеңседе ертелі-кеш ка­бинет аралап, қағаз тасып жүр­ген­дерден гөрі ауылда еңбекпен шың­далған азаматтарды әкімдікке кан­дидат ретінде ұсынса, халық соларды қолдар еді. Әрі олар ауыл үшін көп жұмыс істей алады, – дей­ді Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев. Қорыта айтқанда, Президент тапсырмасына сай ауыл әкіміне кандидаттарға қойылар талапты жетілдіруде мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі жоқ азаматтарға да мүм­кіндік берудің тетіктері қарасты­рылғаны жөн. Неге десеңіз, 2025 жылға дейін ел аумағындағы 2 345 ауылдың әкімі сайланбақ. Ал олардың барлығын жо­ғары білімді, мемлекеттік қыз­метте тәжірибесі бар азаматтармен алмастыра алмасы анық. Сон­дық­тан заң аясында халыққа сөзі өтетін, жергілікті іскер азаматтарды әкімдік қызметке тартудың жолын қарастырудан ұтарымыз көп болмақ.