Жаңару мен жаңғыру жолы басталды
Жаңару мен жаңғыру жолы басталды
1,120
оқылды
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пар­ламент палаталарының бір­­лескен отыры­сында Қазақстан хал­қына кезекті Жол­дауын жа­рия­лады. Бұл жолғы жиын­да мәлім етіл­ген ресми құжат елі­мізде жаңа даму кезеңі басталғанын  білдіретін тари­хи межелі мәнге ие еді. Онда Мем­­­­лекет басшы­сы таяуда қа­был­дануы тиіс саяси рефор­малар пакетін жария­лап, ел тарихындағы ау­қым­ды өзгерістер мен инс­титу­цио­нал­ды бастамаларды ұсынды. Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам елде түбегейлі өзгерістерді күткені жасырын емес. Сондықтан да 16 наурызда Жолдау жарияланады деген соң, елдің үміті орасан зор болды. Қатардағы азаматтар тек қана жыл сайын болатын әлеуметтік-эко­номикалық бағдарламалардан бөлек, іргелі саяси реформаларды күтті. Үміт ақтал­ғандай. Қос палата депутаттарымен қатар ресми тұлғалар, Үкімет мү­шелері, сондай-ақ Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мүшелері де қатысқан жиыннан жаңа бастама­лар мен тың серпілістің лебі есті. Ендеше, қаңтар оқиғасының бағасы беріліп, түйіні шешілген Жолдаудан түйгеніміз: «Жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолы» басталды деуге болады!

Қаңтар құрбандарының жақындарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы өз Жол­дауын қаң­тар оқиғасына баға беруден бастады. Таяу­да Парламент қабырғасында құқық қорғау ор­гандары тергеу қорытындылары туралы то­лық есеп берген арнайы тың­дауды жо­ғары бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаев мұн­дай кең ауқымды талқылау ешқашан бол­мағанын атап өтті. Бұл қаңтар оқи­ға­сына әділ баға беруге ең алдымен биліктің мүдделі екенін білдіреді. «Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетіс­тік­теріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүм­кін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұ­ған көзіміз анық жетті. Мемлекетіміздің тұтас­ты­ғына және егемендігімізге зор қауіп төн­ді. Осы күндерде жұртымыз тәуелсіз­дік­тің қадір-қасиетін жан-жүрегімен се­зінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мем­лекетімізді қорғап қалдық. Уақытылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге той­тарыс бердік. Өкінішке қарай, бүлік­ші­лердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы меке­меара­лық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Со­нымен бірге Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл алғашқы күндерден жұ­мысқа бел­сене араласты. Құқық қорғау­мен ай­налысатын азаматтар мен Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мүшелері оқ­шаулау орындарына кедергісіз кіріп, қаңтар оқиғасына қатысу­шылардың қа­маудағы жай-күйімен та­нысты, олар­дың шағым­дарын қарады. Омбудсмен және беделді заңгерлер жетек­шілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссия­лар проку­ратура органдарымен тығыз жұмыс іс­теді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстаным­дарын қорғады. Мемлекет бас­шысы ел алдына шыққан мүмкіндікті пай­дала­нып, қоғам белсенділері мен заңгер­лерге аза­маттық ұстанымы және біліктілігі үшін риза­шылығын білдірді. Одан соң қаң­тар оқиғасының ащы шындығын жария­лады. «Соңғы жылдары біз Қазақстан­ды түбе­гейлі жаңғыртуға, транс­фор­ма­­ц­ия­лауға көштік. Түрлі салада ау­қымды өз­ге­рістер басталды. Бұл кей­бір ықпалды адам­дарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әре­кет­терін одан әрі жалғастыра беруді көз­деді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қыл­мыс­керлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың нара­зы­лық шеруін басқа арнаға бұрып, жұрт­ты қасақана арандатты. Лаң­кес­тер мемлекеттік органдарға, стра­те­гиялық нысандар мен бизнес­ке тиесілі ғи­мараттарға шабуыл жа­сады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осы­ның бәрін шетелдегі радикалды күш­тер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңы­на айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-тал­қа­нын шығаруды жоспарлады. Пре­зидентті биліктен кетір­гісі келді. Шын мәнінде, бұл мемлекет­тілі­гімізге төнген аса қауіпті сын-қатер бол­ды. Бірақ қастандық жасау­шы­лардың арам пиғылы іске аспады. Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай бол­са да, ақырына дейін халқыммен бір­ге боламын деп ашық айт­тым», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расында да, бабаларымыз «Іш­тен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаса керек-ті. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында жоғары лауазымға ие елімізге белгілі адамдар да болған. Олар мемлекетке сатқын­дық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құ­рылымдардың заңға сәйкес қимыл­дауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да бай­ланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды. «Осы орайда бір мәселеге жеке тоқ­талғым келеді. Сатқындардың опа­­сыздығы құқық қорғау орган­дарының беделіне нұқсан келтір­меу­ге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлел­деді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлық­пен қорғады. Мен сын сағатта қа­тер­ге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіре­мін. Сондай-ақ азаматтары­мыз ерік­­­ті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атса­лыс­ты. Жауапты сәтте бірлік пен жана­шыр­­лықтың бірегей үлгісін көрсет­кен барша азаматқа алғыс айта­мын. Кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қан­дай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады деп уәде беремін», – деді Президент.

Суперпрезиденттік үлгіден парламенттік республикаға

Расында да, Президент жария етіп отырған саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қа­лып­тастыруды көздейді. Өйткені бұған дейін елімізде суперпрезидент­тік басқару үлгісі қалыптасты. Даму­дың бастапқы кезеңінде, әрине мем­­лекеті­мізге мұндай үлгі қажет бол­ды. Бі­рақ біз бір орында тұрған жоқпыз. Қазір бізде барлығы Пре­зидентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қа­жет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкін­дік­­теріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ болуы тиіс. «Мен бүгін еліміздің саяси жүйе­сін кешенді жаңғырту бағдарлама­сын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. Осы­ған дейін қолға алынған өзгеріс­тер­дің заңды жалғасы іспетті бұл баста­малар екі өзекті міндетті шешеді. Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін ти­гізеді. Екіншіден, мемлекеттің ор­нықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Жолдау Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әр­қилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмай­ды. Сондықтан біз Қазақстан­ды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек. Мен бұл жерде, ең алдымен басқарудың су­перпрезиденттік үлгісінен мықты Пар­ламенті бар президенттік рес­пуб­ликаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік инс­титуттарының тепе-теңдігі оң­тай­лы болуын қамтамасыз етіп, елі­мізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын табысты жүзеге асы­ру­ға жол ашады. Біз болашақта қан­­дай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азамат­тық қоғамы қалыптасқан тиімді мем­­лекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» қа­­ғидатын басшылыққа ала­мыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік бері­летініне Мемлекет басшысы мыз­ғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұн­дай норманы Конституцияға ен­гізсек те артық болмайды.

Сайлау жүйесі реформа қарсаңында тұр

Президент Жолдауындағы ре­фор­малық тағы бір өзгеріс – Сайлау жүйесіне қатысты. Осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын про­пор­ционалды тәсілмен сайлауға көш­кенімізді мысалға келтірген Мем­лекет басшысы 2018 жылдан бас­тап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлауға көшкенімізді атап өтті. Бұл қадамдар еліміздегі пар­­тия­лық жүйені дамытуға тың сер­пін бергенімен, оның жағым­сыз тұстары да байқалды. Өйткені партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді орган­дар­ға да сайлана алмайтын болды. Со­ның салдарынан халықтың сай­лау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Олар өздерінің дауысы маңыз­ды екеніне, ел өмірін жақ­сар­туға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. «Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтың құқығы толық ескеріледі. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушы­лар­дың мүддесі ұлттық және өңірлік дең­гейде толық көрініс табады. Мә­жілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі пала­тасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтың Мәжіліске ке­луіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңы­зы бар қалалардағы мәслихат­тар сайлауына да енгізіледі. Сондай-ақ аудандар мен қалалардағы сай­лауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орында­маған депутатты кері қайтаруға бо­лады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Про­пор­­цио­налды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партия­лардың рөлі сақталады. Олар еліміз­дегі азаматтық қоғамның бас­ты институттарының бірі ретінде қа­ла береді. Сонымен бірге бұл жүйе сай­лауды әділ өткізуге және мем­лекетті тиімді басқаруға мүм­кін­дік береді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сондай-ақ Президент пар­тия­лық жүйені дамыту мүмкіндіктеріне де тоқталып кетті. Енді партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тір­кеу шегі 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азаймақ. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төменде­тіледі. Партия құру үшін азаматтар­дың бастамашыл тобының ең тө­менгі саны үштен бірге, яғни 1 000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ құрылтай съезін өткізуге және фи­лиал­дарды құруға берілетін уақыт кө­бейеді. Бұл мәселелерді либерал­дандыру еліміздегі саяси кеңістікті да­­мыту үдерісін едәуір жандан­дыра­ды. Өз сайлаушыларының қордалан­ған проблемаларын сауат­ты жет­кізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады. Бұл сайлау үдерісін жаңғыртуды да талап етпек. «Көптеген ел дауыс берудің ба­ламалы түрлерін пайдаланып жа­тыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұ­рын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн. Байланыс технологиялары қар­қынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеу­меттік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ әлеуметтік желі­дегі үгіт-насихат қолданыстағы заң­нама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрі­бір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеумет­тік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын. Сондай-ақ байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Ал ау­мақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналы­суы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез кел­ген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкін­дігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қоры­на салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек», – деді Прези­дент.

Жаңа облыстар – орталықсыздандырумен егіз бастама

Реформалық мәнге ие жаңа бас­тамалар барысында сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын да ескеру қажет. Осы тұрғыда еліміздегі соңғы уақыттары жасалып жатқан өзгерістердің сабақтастығы ретінде атап өткен Президент халыққа ау­мақтық өзгерістер туралы қабылдап отыр­ған қуанышты шешімін жеткіз­ді. Ол Семей аймағында Абай облы­сын, бұрынғы Жезқазған облысы­ның аумағында Ұлытау облысын, Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысының құрылуы. Президенттің осы аумақтық мәселені дамыта отыра айтқан тағы бір ұсынысы жер­гілікті өзін-өзі басқаруды орталық­сыздандыру туралы болды. «Саяси жаңғыру аясында мәсли­хаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бү­гінде олар жергілікті мемлекеттік бас­қару әрі жергілікті өзін-өзі бас­қару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет. Өңірлерді қаржыландыру жүйе­сін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоға­ры тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қол­дауға ие болуда. Әкімдер сайланаты­нын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қар­жыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді. Сондай-ақ олардың мен­шік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай бол­маған жағдайда бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе бо­лып шығады», – деді Президент.