Жастар жұмыс істеуге дайын
Жастар жұмыс істеуге дайын
415
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы жастардың алдында тұрған басты екі мәселе – тұрғын үй мен лайықты еңбекақы. Ең маңызды деген осы екі түйткіл шешілсе, кейінгі толқын өкілдері тас қопаруға дайын. Атап айтқанда, Жаңа Қазақстанды құруда өз еңбектерін аяп қалмақ емес. Бұл туралы олар «Jas Otan» Жастар қанаты Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Президент Жолдауын талқылауға арналған  кездесу барысында айтты. Сөз алған жас буын өкілдерінің барлығы да бір ауыздан Петропавлда баспана бағасы тым қымбат екенін, тіпті ел ордасы – Нұр-Сұлтан қаласының бағаларымен бірдей екенін ауызға алды. Ал алатын жалақылары – 60-70 мың теңге. 100-150мың теңге ипотека төлеу мүмкін емес. Сондықтан  қазір  «Алматы жастары» және «Нұр-Сұлтан жастары» бағдарламалары сияқты жастарға жеңілдетілген несиемен пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін «Қызылжар жастары» жобасы жасалып жатыр. Сонымен қатар жастарды қолдауға арналған «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Дипломмен - ауылға»  деген жобалар бар екені  және Бизнестің Жол картасы бағдарламасы аясында өз кәсібін ашып, 1 300 000 теңге көлемінде грант алуға болатыны туралы Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Асқар Баймұқанов баяндады. «Кез-келген мемлекет өзі тырысатын адамдарға көмектеседі. Белгілі бір жетістікке қол жеткізуге тырыспайтын адамның соңынан ешкім де жүгіріп жүрмейді. Біздің елде де солай. Шын мәнісінде, біздің мемлекет жастарды қолдау бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Тек соны жастарға жеткізе білу керек», - деді Асқар Баймұқанов. «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель партия ұйымы студенттермен және жалпы жастармен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кездесуге келген жастар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Оларды Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Аризона жоғары оқу орнына сенімгерлік басқаруға берілгені, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, қоқысты сұрыптап жинау, әлеуметтік мемлекеттік тапсырыстарды орындау мәселелері толғандырады екен. Әсіресе, әлеуметтік мемлекеттік тапсырыстарды орындауға қатысты көп сын айтылды. Бұрынғыдай семинар, «дөңгелек үстел» өткізіп, суретке түсіп, есеп бере салу сияқты тәсілден арылып, шын мәнісінде мәселе шеше алатын нәтижелі форматқа көшу туралы ұсыныс айтылды.