Тілектің үлкені – бата!
Тілектің үлкені – бата!
1,170
оқылды
«Ел аман, жұрт тыныш болсын!»... Қолын жайып, тілек тілеген ағайын үшін осылай аяқталатын ізгілікті батаның түйінді мәнін осы уақытқа дейін жете түсіне бермеген болар­мыз. Кешегі қаңтар оқиғасы бізге осы екі ауыз сөздің мағынасын те­рең түсіндіріп кетті. Амандық пен ты­ныштықтың қадірін ұғындық. Ен­деше бейбіт күнді батамен кес­те­леген бұл дәстүрді біз неге ұмытып барамыз? Көңіл аудармайтынымыз сондай, батаны отырыстардағы тілекпен, тойдағы тостпен, тіпті дін­дегі дұғамен шатастыратындар кө­бейді. Бүгінгі Ұлыстың ұлы мере­ке­сінде «Бата беру» дәстүрін бір түген­деп алғанымыз да дұрыс-ау!

Бата – этикалық-моральдық тәрбие құралы

Жазба және халық ауыз әдебиеті дерек­теріне сүйенсек, Наурыз батасының маз­мұны сол дәуірдің, сол қоғамның сипатына сай қалыптасқан. Наурызды төл мерекесі ретінде тойлайтын шығыс халқының қай­сысы болмасын, бұл мерекеде бата-тілек айтуға ерекше мән берген. Бата беру, тілек тілеудің мақсаты – жыл басын ізгі ниетпен, жақсы көңілмен қарсы алып, тыныштық, молшылық тілеу, татулық-бірлік тілеу арқылы адамдардың реніші болса бір-бірін кешіріп, осы арқылы адамдар арасындағы этикалық-моральдық қатынастарды реттеу. Ол – былайша айтқанда, тәрбие құралы. Осы бағытта ұзақ жылдар зерттеу жасап жүрген ғалымдар бұл дәстүр ғасырлар тереңінен жалғасып келе жатқанын айтады. «XI ғасырда жазылған Омар Хаямның (1048 ж. Нишапур – 1112 ж. Мерв) Nowruz na­man атты жазбасында парсы патшала­ры­ның күн мен түннің теңелуінен баста­ла­тын жаңа күн, жаңа жылды сән-салтанатпен қарсы алып, сарай салтанатына сай сауық жасап, халықты құттықтауы туралы дерек­тер жа­зыл­ған. Құттықтау – біздің дәстүрлі та­ным­да бата-тілек. «Бабырнама» жазба­сында 1504 жыл­дан 1506 жылға өтетін Нау­рыз ме­рекесі Бабыр өз әскерімен Гумал өзенінің бойында Дашта жазығындағы Газниге барар жолын­дағы сапарына тура келген. Бабыр осы жерде мерекелік дұға оқып, «газал» (бата-тілек) айт­қандығы жа­зылған. Бұл туралы 1993 жы­лы М.Сальенің жасаған тәржіма нұс­қа­сымен Ташкент қаласында басылып шыққан «Ба­бур-наме. Записки Бабура» кітабынан көруге болады», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ про­фессоры, этнограф Тәттігүл Қартай. Профессордың айтуынша, Міржақып Дулатұлы 1917 жылы 9 наурызда (ескі Юлиан күнтізбесі бойынша Наурыздағы күн мен түннің теңелуі 9 наурызға сәйкес келген) «Қазақ» газетінде жариялаған «Жыл­ға тілек» жазбасында: «Жаңа жылда жаңа тілек тілейік, Ескі жылды ескере де жүрелік, Кеп жүрмесін қайта айналып түнеріп, Көзің жасты, көңілің қаяу Алашым!..   ...Бүгін халықтың қуанышы кең күні, Күн менен түн – таразының тең күні. «Құт-береке болмаса екен кем күні» Деп тілейік, қолың жай-ау Алашым!» – деген өлең жолдары Наурыздағы тілек, бата ретінде жазылған. Ал жалпы, қазақ халқы­ның ауызша жеткен деректерінің қатарында Наурыз батасының түрлері өте көп. Бата мазмұны – батагөй қариялардың сөзуар­лығының, шешендігінің айғағы. «Мағжан Жұмабаев «Наурыз» атты жаз­басында Наурыздағы ғұрыптық ас наурыз­көже ішілген соң жиналған қауымның: «Ауыз ақтан арылмасын, қызылды уақы­тымен көрсетсін, жас құтты болсын!», – деп бата беріп тарқасқанын жазған. «Қызылды уақытымен көрсетсін», – деп бата қылғанда, алдағы жылдағы соғымға жеткізсін деп, ниет қылғаны», – дейді этнограф Тәттігүл Қартай. Жалпы, Наурыз мерекесін тойлаумен қатысты көптеген ғұрыптар қоғамдағы өзгерістерге сай жойылып кеткен. Мәселен, жұртымызда Ұлыстың ұлы күнінде шырақ жағу, оттан секіру, моғал ошақ қазу, төрткөз итті өлтіру, Қайраханды көшіру, шеке асу сын­ды тағы да басқа көптеген ғұрыптар бол­ған. Ал Наурыздағы бата беру – еш жо­йылмай, атадан балаға мирас болып жеткен құндылық. Тек бата шыққан дәуірінің оқи­ғасына сай, мазмұны өзгеріп отырған. Қай­сысын алып талдасақ та, бата-тілекте өсіп өркендеу, бірлік пен татулық жатыр.

Ұлттық саясаттың бір бөлшегіне айналуы тиіс

Қазақта «Бата беру» салты – ықылымнан келе жатқан дәстүрдің ажырамас бір бөл­шегі. Әлемді дүркіреткен Көк түркінің за­манында біздің ата-бабаларымыз атқарған бұл ғұрып – иерархиялық мәнге ие болған. Оған қоғамдық-әлеуметтік, отбасылық-тұрмыстық сипат тән. Қазақ күзге соғым сойса да, көктемде наурыз көже ішсе де батасыз іс қылмаған. Өмірінде қандай игі істер мен қуаныштар болмасын батамен бастап, батамен аяқтаған. Шаңы­рағындағы берекетін, дастарханындағы несібесін тү­ген­дегенде де, перзент сүйіп, оның қуаны­шына шашылғанда да, Ұлыспен бірге ұлы тойда жолыққанда да – батаның орны ерек­ше болған. Сан мыңдаған ғасырлар өтсе де, бұл рәсімнің біздің ұлттық сана­мызда терең орнығып, түбегейлі ұмыт болып кетпей келе жатқаны сондықтан. Өлкетанушы, этнограф ғалымдар соңғы жылдары «Бата беру» салтының тек той-томалақтар мен қоғамдық шараларда ғана ресми сипатқа көшіп бара жатқанына қатты алаңдаулы. бата беру «Осы күндері кейбір жерлерде мәні кете бастағанмен біле-білген адамға батаның орны бөлек. Керек десе бұрынғылар кез келген адамға бата бергізбеген. Бұл өмірден көрген-түйгені көп, халықтың, сол әулеттің басынан кешкен оқиғаларын, тұлғаларын терең білетін, салт-дәстүрімізді құрандай қастерлеп бағалайтын, елге сыйлы ақса­қал­дарға бата бергізген. Сол ақсақалдың тілегі мен жарылған жүгерідей аппақ көңілінен шыққан сөздерді ерекше құрметтеген. Кезінде сондай сұңғыла қариялардан бата алғандар өз өмірінде қол жеткен жетіс­тіктерін сол киелі сөздің құдыреті деп есеп­теген. Сондықтан да оны ұмытпай дамыта беру, ұрпақ жадына тоқи бері негізгі пары­зымыз болмақ», – дейді Маңғыстау об­лыстық музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы. Ғалымдардың айтуынша, бата дегеніміз – адам өмірінің бақытын жандыратын алтын шамшырақ сөздігі. «Күн сәулесі түспеген қараңғылыққа, сөз сәулесі түседі» деген бар. Ендеше, бата осы сәуленің көзі, ізгіліктің нұры. Ол тек адамдар тобының немесе отбасылық-тұрмыстық ғана емес, әлеуметтік-қоғамдық ауқымда да үлкен рөлге ие. Осыны дұрыс түсіндіре білер бол­сақ, бүгінгі ұрпаққа оның шынайы мәнін жеткізуге болады. Ол үшін бұл мәселеге мемлекеттің де назарын бұрған жөн. «Ұлттық рухты дәріптеу – батадан бас­талып, батамен аяқталуы керек. Өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану дәуірінде бұрынғы салт-дәстүрімізді ұмытып бара жатқан артымыздан ерген ұрпаққа бата алу дәстүрін насихаттау жағы кемшін. Ендеше, бүгінде еліміз жаңа бір даму белесіне иек артып отыр ғой. Сонда ұсынылып отырған баста­малар мен өзгерістер қатарында ұлттық саясатты да алдыңғы орынға шығармасқа. Бізге ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді мемле­кеттік бағдарлама деңгейінде жүзеге асырған жөн. Ол мемлекеттік атрибуттың бір бөл­шегіне айналуы керек. Мәселен, айталық, Президенттің, депутаттардың немесе өзге де қызметкерлердің «Ант беру» рәсімі секілді, оларға «Бата беру» рәсімін де енгізгеннің артығы жоқ. Неге қызметіне енді кіріскен немесе аяқтаған тұлғаларға елге сыйлы, қоғамға танымал қарияға бата бергізбеске? Бұл әлем алдында да Қазақстан Респуб­ликасын ерекшелеп тұрар еді. Бір сөзбен айтқанда, «Бата беру» рәсімін заманауи ұлттық саясаттың құрамдас бөлігі етіп ор­нық­тыруға тиіспіз», – дейді Қазақ әдет-ғұ­рып, салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф жазушы, Мемлекеттік «Мәдениет үздігі» сыйлығының иегері Болат Бопайұлы. Академиктің айтып отырған сөзінің жаны бар. Жаугершілік замандарда батыр­ларымыз батамен жауға шапқан, хандары­мыз батасыз құрылтай өткізбеген. Өйткені бата дегеніміз, ол – көптің рұқсаты. Сол көп­тің сөзін ортадағы сыйлы бір адам орын­­даушыға, жауапкершілікті мойнына алу­шы­ға жеткізген, жолдаған. Сол сияқты жа­уап­кершілікті өз еркімен мойнына алғы­сы ке­ліп, рұқсат сұрағысы келген адам бата сұ­ра­ған. Мұнда үлкен мән, үлкен тәрбие жатыр.

Бата – дұға емес

Расында да, көңіл аудармайтынымыз сондай, батаны отырыстардағы тілекпен, тойдағы тостпен немесе тіпті діндегі дұға­мен шатастыратындар көбейді. Бата беру дәстүрі нашарлап кетті. Мәселен, мейрам­ханалардағы той үстінде ас үлкені – ет желініп болған соң, сол жердегі ішімдік ішіп отырған үлкендердің бірі бата беріп жатады. Мұндай әрекет бұл рәсімнің қаді­рін қашырып, мағынасын жоғалтып жібер­ді. Батаның соған дейінгі тілектерден айыр­машылығы болмай қалды. «Расында да «Бата беру» рәсімін кез келген жерге тықпалай берген дұрыс емес. Сосын, тойда мүмкіндігінше ішіп отырған адамнан бата сұрамаған дұрыс. Шынды­ғында, ондай үлкен жиындарда үйдегі дастарқан басында берілетін ас батасын бермесе де болады. Оның үстіне, ол ішкен адамның шала-пұла, сасқаннан айта салатын батасы болса. Біз қызмет көрсетуші болғандықтан той иелері нұсқаған адамнан бата сұраймыз. Бірақ дұрысы, тойларда ба­таны асқа емес, тек қана той иелеріне, жас­тарға, сүндеттелген балаға және тағы бас­қаларына берген дұрыс. Онда да сол үшін бір адамды алдын ала таңдап, ертерек хабарлап тойға шақыру қажет. Ол той ие­сіне мүлдем қатысты болмаса да, сол өңір­дегі халыққа танымал адам болуы мүмкін. Яки, «арнайы қонақ» деген жаңашылдықты енгізу қажет. Садақаға арнайы молда ша­қырған секілді, ұлттық дәстүрімізді мақсат­ты түрде насихаттау үшін ештеңеден аянбай, «арнайы қонаққа» төрімізден орын бергеннің несі сөкет? Ондай кісі, әрине ішпейтін, жұртқа үлгі бола алатын, «пікір лидері» сияқты адам болуы керек», – дейді асаба Таңат Досымбек. тілек бата Бата туралы сөз еткенде кезігетін тағы бір мәселе – оның діни рәсімдерде жаса­латын дұғамен шатастырылуы. Шынды­ғында да, «бата» сөзі – арабтың «фатиха» деген сөзінен шыққан. Оны қазақшалап «ба­тиха» деп те және бата сөзін кіші сино­нимі етіп те қолданып жүрміз. Бірақ сөздік тұлғасы ұқсас болғанымен, мәндік тұлға­сын­да мүлдем ұқсастық жоқ. Өйткені дұға жасау – Жаратқанға жалбарыну, иланым, сенім деңгейіндегі жеке бастың шаруасы. Дұғаны бір адам өзі үшін де, мүдделес жан­дар топ болып бірге бір мезгілде ортақ мүд­де үшін де жасай береді. Ал батаны тек қана бір адам береді. Оның дінмен ешқандай шатасы жоқ. Ол бата беруші адамның көп­шілікке немесе белгілі бір адамдарға беретін батихасы, ризашығы, тілектестігі. «Расында да қазақ жеріне ислам дінімен бірге жеткен оның канондары жергілікті дәстүрмен, ғұрыппен біте қайнасып кетті. Сонда да болса, олар оның орнын алмас­тыра алмады. Керісінше, толықтырып тұр. Осы ретте, дінді де, дәстүрді де шала түсіне­тіндер, көп ретте дұға мен батаның арасын шатас­тырып жатады. Батаға ұқсас рәсім арабтарда да, тек арабтарда ғана емес, басқа ұлттарда да бар. Бірақ ол әр елдің өзіне тән мента­ли­тетіне сай сәл өзгешерек орында­ла­ды. Мә­селен, шығыс халқында ол, жауға ша­бар ал­дындағы сәтті мысалға алсақ, дұға­ға, яки бір-бірімізді тастамаймыз, ақы­рына дейін барамыз деген Алла алдындағы анттасуға, бір-біріне серт беруге көбірек ұқсайды. Ал бізде тілекке, рух беруге сәйкес келеді. Еке­уінде де бір сипат – рухтану. Олар оны тіке­лей Құдайға бағыштап жаса­са, бізде Ұлыс­тың үлкені жаратушы мен жаралғандардың арасында дәнекер болады. Бұл қазақтың бір-біріне деген бауырмалдық қасиетінен туған дүние», – дейді теолог Сағадат Дүйсекеев. Иә, Ұлыстың ұлы күні келе жатыр. Бұл – тоба танытқан қазақтың тілек тілейтін уақыты. Ал тілектің үлкені – бата. Дегенмен бата беру дәстүрінің өзгеріп, батаның мәнін білмейтіндер қарасы аз емес екені өкінтеді. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні қарсаңында    азаматтардың  батаға мұқият болғанын біз де тіледік.