Ұрланған көлікпен жол апатына түсті: бір адам қаза тапты (видео)
Ұрланған көлікпен жол апатына түсті: бір адам қаза тапты (видео)
462
оқылды
Оқиға көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алматыдағы Хмельницкий мен Гете көшелерінің қиылысында Toyota Prado және Jeep Grand Cherokee көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан бір адам қаза тауып екінші адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады. Соның алдында ғана полицияға Toyota Prado көлігінің ұрланғаны туралы ақпарат келіп түскен. Көлік иесі машинасының Сейфуллин даңғылының бойында тұрған жерінен ұрланғанын айтқан. Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол 20 жастағы А. есімді азамат болып шықты. «Жол бойындағы бейнекамералардан ұрланған көліктің қатты жылдамдықпен жүргені анық көрінеді. Апат салдарынан соғылған Grand Cherokee көлігінің 19 жастағы жолаушысы ауруханада көз жұмды. Ал жүргізуші болса ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Көлік ұрлап, жол апатын жасаған жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Артынан жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түсті. Анықталғандай, ол мас күйде болған», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов. Аталған іс бірден ҚК-тің үш бірдей 345, 347, және 200-ші баптары бойынша тергелуде.   https://youtu.be/wb4jWzbFNMA   Көлік ұрлаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұған дейін де екі рет сотты болғаны белгілі болып отыр.