Ауыл халқына жер жетпейді
Ауыл халқына жер жетпейді
607
оқылды
Көктем келді, жайылым мәселесі бас көтерді. Халық әр өңірде әл­де­бір ауылдардың өріссіз қалғанына дабыл қағып жатыр. Себебі біраз жайы­­лым егістікке берілген, енді егін егу науқаны басталып, мил­лион­даған гектар жер жыртылып жатыр. Қыстан азып шыққан төрт түлікке тұяқ басар өріс табылмай тұрған жайы бар. Ал жазда жайы­лым­ға жарымай, бүйірі шыға тоймаған мал қылышын сүйреп келетін келесі қаһарлы қыстан аман шыға ма? Ұлы далада жайылымдар жаппай деградацияға ұшырап жатқаны да анықталды.

Түйткіл жыл сайын тек шиеленісіп келеді

Мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғанын билік те жасырмайды. «Қазақстанда жемшөппен және жайылыммен қамтамасыз ету проблемалары жыл сайын шиеленіске түскен. Елді мекендердің айналасында бос жер жоқ. Бөлінген жайылымдық жерлер негізінен оларды қалпына келтіру және жақсарту жөніндегі мақсатты жұмыстардың жоқтығынан тозған», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстан фермерлерімен онлайн кездесуінде. Өз өңірінің ауыл-ауданын аралап жүрген әкімдер де осы мәселе аса кө­кей­кесті деседі. «Жергілікті халықтың көп­шілігі мал шаруашылығымен айналыса­тындықтан, мәселелердің басым бөлігі осы саланы дамытуға қатысты болды. Жайылымдық жерлерге қол жеткізу, құ­дықтар қазу, ауызсу, спорт залын салу мәсе­лелері өте өзекті», – деді таяуда Бей­неу ауданын аралаған Маңғыстау облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев. Қазалы ауданына сапарлаған Қызыл­орда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқа­лықова да шөбі шүйгін мал өрісінің жет­пей­тініне көз жеткізіп қайтыпты. Сон­дықтан жауапты тұлғаларға шалғайдағы жайылымдарды суландыру үшін аудан аумағында жаңадан ұңғы-скважиналар қаздыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттарды жасатуға қажетті қаржы кө­лемін пысықтауды тапсырды. Дәл осы 2 өңір 2 жылдан бері қатты қуаңшылықтан зардап шекті. Бұл Қазақ­станның жаңа тарихында болмаған құбы­лысқа – төрт түлік малдың миграциясына соқтырды. Маңғыстау облысы әкімдігінің дерегінше, өңірде болған қуаңшылыққа байланысты 2021 жылы Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен келіссөз жүргізілді. Нәти­жесінде, Маңғыстау облысынан 82 шаруа қожалығы мен 74 жеке фермер 14 946 бас малымен бірге басқа облыстарға көшкен. Ғалымдар қуаңшылық биыл жалғасуы мүмкін деп болжайды. Демек, ауылдық­тардың көбі жазда да малын қорада ұстауы ықтимал. Оларды мал азығымен қамту мәселесі туындайды. Былтыр «Қазақстан темір жолы» АҚ өзге өңірлерден Маң­ғыс­тау облысына теміржол арқылы жеткізі­летін жем, шөп үшін жол шығынын 75%-ға төмендетті. Сөйтіп, былтырдан бері өңір­ге келген 1 907 вагон жемшөпке 855 млн теңге жеңілдік жасалыпты. Үкімет бас­шысының тапсырмасымен 2022 жылғы 24 қаңтардан 1 сәуірге дейінгі аралықта ҚТЖ осындай жеңілдікті тағы көрсететін болады. Бұл шара жем мен шөптің бағасын төмендетуге бағытталған. Ал өзге өңір­лер­дегі мал өсірушілер әзірге мемлекеттік қолдаудан қағажу қалып тұрғаны жасырын емес.

Жайылым мәселесін шешудің жаңа амалдары

Жүргізілген талдау нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жолында тұрған басты кедергі жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы екенін анықтады. Одан кейінгі орындарда жем­шөптің қымбаттығы, өндірілген өнімді – ет, сүт және сүт өнімдерін әділ бағамен өткізе алмай, материалдық-техникалық ресурстармен қамтылмау секілді әлі күнге шешімін таппаған маңызды мәселелер тұрған көрінеді. Министрліктің дерегінше, ауыл ша­руашылығы жануарларының жартысына жуығы – жеке қосалқы шаруашылықта (ЖҚШ), қарапайым ауылдықтар қолында шоғырланған. Елімізде шамамен 1,6 миллион ЖҚШ бар. 2020 жылы олар ауыл шаруашылығының барлық өнімінің жартысына жуығын – 41,5%-ын (2,6 трлн теңгенің өнімін) өндірген. «Осынша зор биологиялық актив ешқандай технологиялық процестермен қамтылмаған. Бұл жерде өндірістің тиім­ділігін арттырудың және ауыл тұрғы­н­дарының өмір сүру деңгейін көтеретін қосымша табыс табудың үлкен әлеуеті бар. «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заңды қабылдау дәл осы міндеттерді берік заңнамалық негіз құру арқылы шешуге мүмкіндік берер еді. Олар кооперациялану арқылы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізеді және осының негізде ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі жоға­рылайды», – деген пікірде АШМ.

Аталған заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр

Негізі, бұл құжаттың бастапқы нұсқасында АШМ ауылдықтардың өз қорасында ұстайтын малын шектемек болды. Ол шектеуден тек малын ортаға салып, кооператив құрған ауылдықтар ғана құтылады. Осы арқылы бір жағынан, жайылымның жетіспеушілігі мәселесін шешу, екінші жағынан ауылда коопера­цияны дамыту жоспарланған. Алайда әлемді жайлаған азық-түлік тапшылығы және күйзеліс заманында мұндай қадам еш қисынға жатпайды әрі қоғамның теріс реакциясын туғызды. [caption id="attachment_189351" align="alignleft" width="1200"]жер © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] «Заң жобасының қоғамдық резонанс тудырған ережелерінің бірі – елді мекен шекарасындағы жеке қосалқы шаруа­шылықтарда мал ұстау нормативтерін енгізу болды. Қоғам «АШМ адамдардың қолындағы малын шектеп, оларға тек 2 сиыр қалдырғысы келеді» деп сынады. Сондай-ақ көрші елдердің тәжірибесі зерттелді. Ақыры жұмыс тобы ауылда ұс­тауға болатын малдың шекті санын бел­г­і­леу нормасын алып тастау туралы шешім қабылдады. Оның орнына ЖҚШ-ларды экономикалық әдістермен коопера­ция­лануға ынталандыратын және олардың кірістерін арттыратын нормалар күшей­тіледі», – дейді Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің кеңесшісі Төлеухан Нұрқиянов. ЖҚШ мен кооперативтердің жайы­лым­ға деген артып келе жатқан мұқтаж­дығын өтеу үшін заң жобасында басқа тә­сіл ұсынылды: ауыл әкімдерінің қарама­ғындағы және ортақ қоғамдық пайдала­нуға, яғни ауылдықтардың малын жаюына, шөп шабуына арналған жерлердің алаң­дары кеңейтіледі. Бұл үшін ауыл ша­руа­шылығы өндірушілеріне берілген кейбір жерлер кері алынады. Аудан әкімдерінің резервтік қорынан және босалқы жерлер­ден ЖҚШ кооперативтеріне жер бөлінбек. Кейбір ауылдықтарға жұмыс істеп тұрған және өрісі-жері бар кооперативтердің құрамына кіру ұсынылады.

Ұлан-байтақ жерде сапа қалмай барады

Сенаттың Аграрлық мәселелер, та­биғатты пайдалану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсембиновтің айтуынша, жайы­лым­дармен қамту қазір ең өзекті мәселеге айналды. «Мал басының түгелі дерлік елді мекеннің маңайында жайылады. Соның кесірінен ауылдардың басым көпшілігінің айналасы 5-10 шақырымдық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақырланып қалады. Мұндай жағдай жылдан-жылға қайтала­натындықтан, жайылымдар деградацияға ұшырап отыр. Осы орайда «Кейбір заңна­малық актілерге жайылымдарды пайда­лану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жо­басы әзірленді. Оның басты мақсаты – жайылымдарды тиімді пайдалану, олар­ды басқарудың институционалдық және экономикалық негіздерін жетілдіру. Жа­йы­лымдарды басқарудың жекелеген функ­цияларын орталықтан ауылдық округ әкім­­деріне беру ұсынылады», – деді сенатор. Қазір елдегі жайылымдардың жалпы көлемі – 184,3 миллион гектар. Бұл Кувейт, Черногория сияқты шағындау 103 мемлекет тегіс сыйып кететін аумақ. Де­мек, жер бәріне жетуі тиістей. Соның ішінде 76 миллион гектар жайылым шаруа қожалықтарына, ЖШС және өндірістік кооперативтер иелігіне беріліп қойыпты. Тағы 72 миллион гектар босалқы жер­лер («земзапас») құрамында. Бұдан бөлек, біраз жайылым – 15,3 млн гектары орман қоры, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мен өнеркәсіп жерлерінде қалды. Нәтижесінде, қаптаған ауылдықтардың қолындағы малын жаюға небәрі 21 мил­лион гектар жер ғана қалған. Шынында, халықтың малына 50 миллион гектар жа­йылым қажет! Сенатордың мәліметінше, қолда­ныс­тағы жайылымдардың үлкен бөлігі са­пасын жоғалтты: 27 миллион гектардан ас­тамы – тапталған жайылымдар. Соны­мен қатар мал жаюға жарамсыз «ақ селеу» мен «бұталар» өсіп кеткен, тастақ жайы­лым­дардың көлемі 31,4 миллион гектарға жеткен. Оның ішінде буаз қой-ешкіге аса қауіпті шөп түрлері жайлаған жайылым­дардың ауданы – 7,7 млн гектар, тастақ жерлер – 4,7 млн, арамшөп пен бұта бас­қаны – 19 млн гектар. Осы деректерден-ақ елдегі жайылымдардың сапасы қандай екенін аңғаруға болады. «2017 жылы қабылданған «Жайы­лым­дар туралы» заң жайылымдық жерлерді басқарудың негіздерін қалағанымен, жайылымдарға қатысты мәселелерді шеше алмады. Ұсынылып отырған жаңа заң жо­басын дайындау барысында жұмыс тобы іргедегі бауырлас елдердің жайылым мә­селелері бойынша заңнамаларын зерде­леді. Былтырғы қарашада Қырғыз Респуб­ликасына сапарлап қайттық. Сонда куә болғанымыздай, қырғыздар мал ұстайтын ауылдықтарды жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін толық дерлік шешіпті! Жергілікті органдарда жайылымдарды басқару институттары толыққанды құрыл­ған», – деді С.Дүйсембинов. Заң жобасын әзірлеуде қырғыздың оң тәжірибесі ескерілді. АШМ мәліметінше, бізде жайылымдар тапшылығы – 29 млн гектар.

Жаңа заңның жаңалықтары қандай?

Дауға тамыздық болып жүрген бір мә­се­ле: бұрынғы совхоздар мен колхоздар негізінде ұйымдастырылған шаруа қожа­лықтары, ЖШС және ӨК-тер тиісті ме­морандумдардың болғанына қарамастан, өздеріне берілген жерлерге ауылдықтардың мал жаюына рұқсат етпейді екен. Сал­дарынан сонау феодализм дәуіріндегідей, жер үшін талас, төбелес болып тұрады. Бі­раз жер кезінде сатылып кеткен, енді олар­ды халық үшін кері сатып алу айтар­лықтай бюджет шығынын талап етеді. Мұның сыртында шалғайдағы жайы­лымдар пайдаланылмайтыны анықталды. Құдықтар, ұңғымалар, суаттар, өзен-көл­дер болмағандықтан, ол жаққа ешкім малын жаймайды. Осыған байланысты заң жобасында біраз жаңалық ұсынылған. Біріншіден, Жер кодексіндегі «пайдала­ныл­майтын жайылымдар» критерийі қай­та қаралмақ: егер малдардың жайылым­дар­мен нормативтік қамтылуы 2 еселік көр­с­еткіштен асса (қолданыстағы норма – 5 есе), онда артық алаң алып қоюға жа­тады. Осылайша, артық жерді өзі де пай­даланбайтын, өзгеге де бермейтін шаруа­лар саны азаяды. Екіншіден, жайылымдарды фермердің, латифундистің тек шөп шабу мақсатында ғана пайдалану және ол жерге мал жайма­уы – бұдан былай «жайылымдарды мақ­сатсыз пайдалану» ретінде бағаланады. Үшіншіден, әкімқараларға әлдекімнің мүд­десін ілгерілетіп, қоғамдық жайы­лым­дарды ауылшаруашылық алқаптарының басқа түрлеріне – егістікке, тыңайған жерлерге және басқасына ауыстыруына тыйым салу ұсынылады. Төртіншіден, жерді «пайдаланыл­май­ды» деп алып қоюға қазіргідей тек Жерді қашықтықтан зондтау деректері, яғни жер­серігінің түсірілімдері ғана емес, сон­дай-ақ тіркелген мал саны да негіз бола алады. Бесіншіден, орман мекемелері жергілікті әкімдіктерге орман ішіндегі жайылым учаскелері туралы ақпарат ұсы­нуға міндеттеледі. Орман ішінде де мал жаюға рұқсат етіледі деп күтілуде. Заң жобасының тағы бір жаңалығы: елде «Жайылым пайдаланушылар бірлес­тіктері» (ЖПБ) мен олардың атқарушы органы болатын «Жайылым комитеттерін» құру және бұл бірлестіктерді мемлекеттік қолдау қарастырылған. Қорасында мал ұс­тайтын ауылдықтар өз еріктерімен ЖПБ құруға құқылы, ал осы бірлестік өз кезе­гінде «Жайылым комитетін» құра алады. Жобада ЖК құрамы мен өкілеттері анық­талады. Құжатта тез тоза бастаған жайылым­дарды қорғау, молықтыру және қалпына келтіру мәселелері пысықталыпты. Жайы­лымдардың ресурстық әлеуетін, өнімді­лігін сақтауға бағытталған құқықтық, ұйым­дастырушылық, экономикалық, бас­қа іс-шаралар жүйесі туралы жаңа бап­тар енгізілген.
P.S. Елде жайылымдарды басқару, қалпына келтіру және мал өсіретін ауыл­дық­тарды өріспен қамтамасыз ету түйткіл­дері ары қарай шиеленісе бермей, шешілгені жөн. Әйтпесе, Ұлы далаға иелік еткен Қа­зақстан кішкене ғана қырғыз еліне тең бол­майтын дәрежеге дейін құлдырап барады. Оның үстіне жайылым да қарқынды түрде деградациялануда. Үкімет те, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі де, Парламент те арқаны кеңге сала бермей, асыққаны абзал. Олай болмаса, қазақ ата-баба алдында ұятқа қалып, ет пен сүтті шетелден тасуға көшуі кәдік.