Егін салуға дайындық жоқ
Егін салуға дайындық жоқ
© коллаж: Елдар Қаба
465
оқылды
Көктемнің алғашқы айы аяқталуға жақын. Алайда «бір күні жылға азық» болатын осынау мезгілде еліміздің түрлі аймақтарында шаруалардың арасында дән себу жұмыстарына даярланып үлгермейтіндердің қарасы қалың. Рас, теріскейдегі қардың көбесі әлі сөгілмеді, сондықтан астықты өңірлерде егін егу науқаны әлі бастала қойған жоқ. Ал күнгей аймақтарда диқандар дала жұмыстарын бастап кетті. Бірақ шаруалардың қолын байлайтын мәселелер де аз емес.

Миллиардтар бөлінген маусымдық жұмыс

Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстары үшін барлық жағ­дай жасалғанын айтады. Оның сө­зінше, биыл егіс алқаптарының құ­рылымы 23,1 млн гектарды құ­рай­­ды. Бұл былтырға қарағанда 125 мың гектарға көп. Жемшөп дақыл­да­­ры­ның алқабы да едәуір ұлғайты­лып, 3,6 млн гектарды құрады. Министрлік тұқым қорлары 100% әзірленіп, сараптамаға 1,5 млн тонна жаздық дақылдар тұқы­мы келіп түс­кенін жеткізді. Оның 90%-ы қажетке жарамды көрінеді. Ал соңғы 5 жылда тұқым өндіру­ші­лерді егіс техника­сы­мен қамтамасыз ету 89,4%, егін жинау 92%, тұқым та­залау 81,4%-ға дейін өс­кен. Егіс науқанын жүргізу үшін 144 мыңнан астам трактор, 4,7 мың бірлік өнім­ділігі жоғары егіс кешен­дері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өң­деу құралдары бар. Сондай-ақ Айдарбек Са­паров егіс жұмыста­рын жүргізуге өңір­лер­дің дизель отынына қажет­тілігі 400 мың тон­наны құрағанын жеткізді. Ми­нералды тыңайтқыш­тар­ды енгізу көлемі – 659 мың тон­на. Барлық өңірлерге минералды тыңайт­қыш­тар жөнелтілген. Қазір 56 мың тон­на, оның ішін­де оңтүстік өңірлерге 16,9 мың тонна тыңайтқыш тиелген. Қойма­ларда импорттық ты­ңайт­қыш­тар да бар. Әкімдіктер та­ра­пы­нан субсидиялау­ға 27 млрд теңге бө­лінсе, пестицид­терді субси­диялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге қа­растырылған. Бұл егіс ала­ңын 100% өңдеуге мүмкіндік беретін көрінеді. Министрліктің берген мәліме­тіне сенсек, миллиардтар бөлінген маусымдық жұмысқа дайындық жоғары деңгейде. Ендеше аймақ­тағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер неге базына айтады?

Көктемгі дала жұмысына кедергі көп

Жақында өңірлерге барған Мә­жіліс депутаттарына шаруалар көк­темгі дала жұмыстарына мемле­кет­тік қолдау шараларының жоқтығын айтып шағымданған еді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Айтуларынша, аймақтағы ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілердің мұңынан ми­нистрлік мүлде бейхабар. Фер­мерлердің сөзіне сенсек, жеңіл­де­тілген жанар-жағармай жетіспейді. Бағасы да қымбат. Минералды ты­ңайтқыштардың және қосалқы жаб­дықтардың бағасы былтырмен салыстырғанда 2-3 есеге көтерілген. Егіс тұқымының жоқтығы да қол­бай­лау болса, әлгі айтқан «Кең да­ла» бағдарламасы бойынша көк­тем­гі дала жұмыстарының қаржы­лан­дыруы әлі күнге дейін басталмаған. Ағын су тапшылығы жылдар бойы айтылып келе жатыр. Соңғысы ми­нистрліктің субсидия бағдарла­ма­ла­ры бойынша тұрақты ұстанымы жоқ. Қазақстан фермерлері қауым­дастығының атқарушы директоры Әкбар Мәуленов министрлік ма­ман­дары айтып отырған 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны шаруаларға жеткенше мың құбыла­тынын айтады. Литрі шама­мен 200 теңгемен сатылатын жанар-жағар­май на­рықтағы бағадан 15-20 па­йыз арзан. Дегенмен тасымалдау кезінде ша­руалар да нарықтағымен бірдей бағада алады. «Же­ңіл­де­тілген дизель отынын бө­летін опе­раторларды әкімдіктер өз­дері ай­қындайды. Бұл әдіс ша­руа­лар үшін тиімсіз. Себебі операторлар фер­мерлерді көрсе, кірпідей жиыры­лады. Сол үшін фер­мер өзіне қажет­ті көлемдегі ди­зель отынын қалаған жанар-жағар­май бекетінен алуы керек. Ары қа­рай алынған отын­ның белгілі бір көлемін суб­сидиялау жа­ғын қарас­тыру қажет. Бұл фер­мер­лерге қо­мақ­ты көмек болатын еді», – дейді Әкбар Мәу­ленов. Сон­дай-ақ ол тұ­қымның сапасын тек­серу де ақсап тұрғанын жеткізді. Оның үстіне, субсидия­ланатын ты­ңайтқыш мә­селесі де шешімін тап­паған. Бөлін­ген қа­ражат был­тыр­мен, арғы жыл­ғы бағамен қалыпты. Тыңайтқыш бағасы екі есе қымбат­тады. «Техни­каның өзін жылына кем дегенде 10-15 пайыз жаңалау ке­рек. Өкі­ніш­ке қарай, қазір жаңа­лану дең­гейі 6-7 пайыз ғана», – деп отыр қауым­дастықтың атқарушы дирек­торы. Қауымдастықтың Атырау об­лыс­тық филиалының төрағасы Мұ­рат Сарманов егіншілер өз ты­ңайт­қыштары мен дәндерін алып, дала жұмысына кірісіп кеткенін айтады. Әйтсе де, техниканы бұған дейін көршілес облыс пен Ресейден алып келген атыраулық фермер­лер­дің биыл басы қатып отыр. Өйткені көрші елден техника алу жағы қиындауы мүмкін, ал өздерінің ма­териалдық базасы тозған. Қара­пайым электр энергиясы, газбен жабдықтау техникаларына қатысты мәселелер шешіл­меген. «Өнім сақ­тайтын қоймалары жоқ. Оларды салуға қаржылық жағдайлары кел­мейді. Өйткені несиелік қарыз­дар қолжетімсіз. Пайызы көп», – дейді Мұрат Сарманов. Былтыр өңір­дегі шаруалар су тапшылығын әбден тартқан. Суға кеткен шығын­ды субсидиялау келесі жылға дейін қалғаны ғана көңілге медет. Маңғыстау облысындағы «Ме­ру-Ману» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Сағындықов өңір халқы шығыны көп әрі өнім жоқ­тық­тан егінмен айналысқысы кел­мей­тінін жеткізді. Жерді жалға ала­тын қырғыздар жабайы егінші­лікпен ай­налысады екен. Олар ұңғыдан су­ды айдап суарады. Ал топырақты жұмсарту үшін сепкен селитра күлі халыққа зиян. Қыс бойы егіннен қал­ған шаң ауылды көмеді. Мал ша­руашылығымен ай­налысатын шаруалар өз күнін өзі көріп жатыр. Үкіметтен бір тиын алмай халық болып жинаған 100 мың долларға жаңбыр жауғызатын құрылғы алынған. Соның арқасын­да биыл облыста жаңбыр жауып тұр. Оның өзі сәуір мен мамырға ғана. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мен әкімдік «құ­рылғының қажет­тілігін көрген соң қарасатындарын» айтыпты. Был­тырғы қуаңшылықтан 70 пайыз ма­лынан айырылған маң­ғыстау­лық­тар мал басына берілетін субси­дияның барын, ол үшін қан­дай құ­жат жинау керегін де білмейді екен. Себебі субсидия туралы ақпа­рат халыққа толық жетпеген.

Каналға қашан қан жүгіреді?

Жері құнарсыз Маңғыстау об­лы­сы ғана емес, Алматы облысының шаруалары да жергілікті әкімдіктің жылда беретін уәдесіне сеніп келеді. «Еңбек» КХ басшысы Бейбіт Ғаб­дуллин субсидиядан бұрын талай жылдан бері айтыла-айтыла жауыр болған Үлкен Алматы каналын су­мен толтыру мәселесі шешімін тап­пай келе жатқанына қынжылыс білдірді. «Дайын тұрған каналға су жібере алмай отырғанда, субси­дия­ны айтудың өзі біртүрлі. Былтыр 40 см жерге төледім, алғаным 10 см. Биіктігі 30 см болатын жерді суара алған жоқпын. Су жетпеген соң ой­дағыдай өнім ала алмадым», – дейді Бейбіт Ғабдуллин. Жердің жәннаты есептелінетін Жетісу жерінде ағын су тапшылығы шаруалардың мұңына айналған. Өңірдегі ортақ мәселені бірнеше қожалық иесі тиісті мекемелер мен Мәжіліс депутаттарына да айтқан­ды. Бірақ нәтижесі шамалы. Өйт­кені суғару каналдардың дайын­дығы тасбақаның жүрісіне салынып келеді. «Қайта жөндеу жұмысы жүр­­­гізіледі» деп бұзып тастаған суғару каналдың жұмысын жа­уап­тылар соңына дейін жеткізбепті. Әсіресе, Талдықорған қаласының ішіндегі ауыл шаруашылығына арналған каналдардың жағдайы на­шар. Айталық, Балықты өзенінің су сақтау деңгейі жоғары бола тұра қой­ма салу мәселесі әлі кешеуілдеп жатыр. Салдарынан өзеннің суы Балқашқа ағып, шаруалар жаз бойы сусыз отыруға мәжбүр.

Тыңайтқыш тапшы, техника тозған

Министрлік тұқым мен тыңайт­қыш молынан екенін айтқанымен, өңірлерде тапшылық жо­ғары. Тиі­сінше бағасы да қымбат. Ал субси­диялау соңына жетпеген. Амал жоқ, кейбір фермерлер қол­дағы ба­рына қанағат етуге мәжбүр. Кей­біреулері қыс бойы жиналған сиырдың көңін тыңайт­қыш­тың орнына қолданып жатыр. Се­бебі тыңайтқыш тапшы. Бағасы да қымбат. Оны тасымалдау да арзан емес. Жанар-жағармайдың бағасы да қымбаттап кеткен. Елімізге келетін тыңайтқыштың көбісі Ресейден жеткізіледі. Көр­шідегі қазіргі жағдайдан кейін отан­дық шаруаларға тыңайтқышқа қол жеткізу қиындап тұр. Ал «Қазфос­фат», «ҚазАзот» сияқты тыңайтқыш өндіретін отандық агрокомпаниялар өнімдері қымбат болғандықтан, ішкі нарықта сұранысқа аз. Мәсе­лен, «Жер-Ана» шаруа қожа­лығы бұрын маусымдық жұмысқа бір вагон тыңайтқыш алып келсе, биыл бұл арманға айналып тұр. «Қазір ресейлік тыңайтқыштар қымбат бағаға Еуропаға кетіп жатыр. Күніміз өзімізде өндірілетін ты­ңайтқыштарға қарап тұр. Бірақ ол бүкіл фермерге жетпейді. Жетіс­пеу­шілік бағаның өсуіне алып келді. Екі жылдан бері тыңайтқыш ала алмай отырмын. Сондықтан өнім де азайды. Несиеге алайын десем, ары қарай ақталарына сенім жоқ. Тыңайтқышты алғаныммен, су жоқ, ескірген техникамен қарызға батып қалуым мүмкін», – дейді қожалық басшысы Әнуар Мұратұлы. Оның үстіне, техникаларды са­тып алу мен жалдауда да шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Әнуар Бөкенов ауыл шаруашылығы техникаларының тозығы жеткенін айтады. 2016 жылдан бастап тиісті жерлерге хат жолдағанмен, әзірге тұшымды жауап жоқ. «Заманауи инно­вациялық технологияны пай­даланбасақ, біздің жұмысымызда нәтиже болмайды. Қырық жылғы техникамен жұмыс істеу үлкен шығын. Ескірген техниканы жөн­дету мен құрал-саймандарын сатып алу қымбат. Алматы облысындағы 300-ден аса қожалықтың техникасы 80 пайызға ескірген. Техника сатып алайық десек, пайыздық мөл­шер­ле­месі үлкен», – дейді қо­жалық басшысы. Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқанына мемлекеттік қолдау шаралары ешкімді әуре-сарсаңға салмай, дер кезінде жасалуға тиіс екенін айтып еді. Бірақ биылдың емес, былтырдың субсидиясын жар­ты жылдан бері ала алмай жүр­гендер бар. Ал алдыңғы аптада Пре­зидент егіс науқанын сапалы өткі­зу басты мақсат екенін та­ғы айтты. Алайда ша­руалардың мұңы жоға­рыға жетпейтін сияқты. Әлде ауыл шаруашлығындағы күрделі мәсе­лелерді шешуге келгенде салаға жа­уапты шенділер салғырттық та­ныта ма, кім білсін?!