Алматының бірнеше ауданында ғимараттар биіктігі шектеледі
Алматының бірнеше ауданында ғимараттар биіктігі шектеледі
Сурет: MAKY_OREL
356
оқылды

Қалалық мәслихат «Алматы қаласы аумағының функционалдық аймақтарында құрылыс салудың қала құрылысы регламенттерін іске асыру жоспарын бекіту» шешіміне өзгеріс пен толықтырулар енгізу шешім қабылдады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының бірнеше ауданында көпқабатты үй салуға тыйым салынады. Мәслихат шешімінің жобасы қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында жарияланды.
«Абай даңғылының оңтүстігінде, әл-Фараби даңғылының солтүстігінде, Яссауи көшесінің шығысында, Шығыс айналма жолының (ШААЖ ) батысында орналасқан тұрғын үйлердің рұқсат етілген максималды биіктігі ғимараттардың барлық түрлері үшін 6-9 қабаттан аспайды. Құрылыстың барлық орташа жоспарлы биіктігі шатырдың төбесіне дейін 35 метрден жоғары болмауы тиіс. Бұл ретте тұрғын үй ғимараттары жайлылықтың үшінші саанатынан төмен болмауы керек»,- делінген құжатта.
Сондай-ақ, көрсетілген аумақта ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелерін мақсатты пайдалана отырып бөлуге және тау сөрелері жолағында, оның ішінде еңістігі 15 градус және одан жоғары алаңдарда аз қабатты ғимараттар салуға жол берілмейді. Денсаулық сақтау және білім беру объектілерін салуды қоспағанда, Шығыс айналма жолының (ШААЖ), әл-Фараби даңғылы, Саин даңғылы, Жандосов көшесі (Саин даңғылынан қала шекарасына дейін) оңтүстігіне қарай орналасқан ғимараттардың параметрлері үш қабаттан артық емес және денсаулық сақтау және білім беру объектілерін салуды қоспағанда, ең жоғары биіктігі он екі метрден аспауы тиіс. Алматы қаласын жоспарлау және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов әзірленген шешімдердің сейсмикалық жоғары, автомобиль көлігінің, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым дамуының шектелуіне байланысты құрылысқа қолайсыз аймақтардағы жерлердің жаппай игерілуін шектеу мен демалыс аймағын ұлғайтуға көмектесетінін атап өтті.
«Абай даңғылының оңтүстігіндегі, Әл-Фараби даңғылының солтүстігіндегі, Әшімов көшесінің шығысындағы, Шығыс айналма жолы (ШААЖ) аумағындағы ғимараттардың биіктігін шектеу аумақтың тығыздығын, әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, жаңа демалыс аймақтарының пайда болуына әсер етеді», – деді Алмасхан Ахмеджанов.