Бүгін AMANAT партиясының TALQYLAU алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы талқыланды.
Жаңа пікірталас алаңын құру бастамасы AMANAT партиясының XXII съезінде айтылған болатын.
Пікірталас алаңының жұмысына партия басшылығы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар қауымдастығы мен қоғам қайраткерлері қатысып жатыр.
Жиынға қатысушылар Жолдаудағы негізгі мәселерге тоқталып, оны іске асыру жайын талқылады.
Мәселен, Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков әрбір азамат Президент Жолдауында айтылған мәселелерге бей-жай қарамауы тиіс дегенге пікірін білдірді.
«Жолдауда ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі – партиялар арасында бәсекені күшейту. Өзара партиялар арасында бәсекені арттыру мәселесі бүгінгі қоғамда өзекті мәселе. Бәсекелестік күшейсе, қоғамда да саяси өзгерістерге деген көзқарас жаңаша қалыптасады. Сайлауға қатысуға байланысты кейбір азаматтардың немқұрайдылығының да себебі бар. Мысалы, сайлауда «менің бір даусым мәселені шешпейді» деген сыңаржақ пікірден қоғамды арылтатын кез жетті.
Сонымен қатар Жолдауда шенеуніктердің туған-туысын жоғары лауазымды қызметтер атқаруға шектеу енгізілуі қуантарлық жағдай. Бұл – осыған дейінгі кеткен кемшіліктерді түзеуге, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын ашық, жария түрде жүргізуге берілген бірден-бір мүмкіндік.
Мемлекет басшысы айтқан тағы бір мәселенің бірі – шенеуніктердің, депутаттардың халықпен етене жақын жұмыс істеуі. Мұны айтып отырған себебім, жергілікті жерде-ақ шешілетін мәселелерді бізге, яғни Мәжіліске жазып, араша сұрайтындар әлі де бар. Жергілікті жердің мәселесі сол аймақта шешілсе, қоғамда алға жылжу, даму болады», – деді Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков.
Айта кетейік, талқылауды AMANAT партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек жүргізді.