Педагогикалық мамандықтарға сұраныс артқан
Педагогикалық мамандықтарға сұраныс артқан
754
оқылды
Биыл жастар арасында педагогикалық бағыттағы мамандықтарға сұраныс артқан Бұл туралы Сулейман Демирель атындағы университеттің ректоры Давронжон Гаипов айтты. Қазақстандық мектеп және колледждердің 7685 түлегі республикалық SPT-2022 олимпиадасына қатысып жатыр. Интеллектуалдық сайыста үздік деп танылған 264 қатысушы СДУ-да 4 жылға жарамды 100% грант пен 50%, 30% арнайы жеңілдіктерге ие болады. Жыл сайынғы олимпиада биыл 6-13 наурыз аралығында өтеді. Ректордың айтуынша, биыл олимпиадаға қатысушылардың арасында екі шет тілі, IT және Бизнес мектебінің мамандықтарына қызыққандар көп. Алайда педагогикалық бағыттағы мамандықтарға сұраныс әлдеқайда жоғары. Университет басшылығы оның себебін түсіндірді. «Осы уақытқа дейін IT бағытына қызығушылық танытатындар саны көп болған. Ал биыл 8 жылда алғаш рет түлектер арасында педагогикалық мамандықтарға сұраныс күрт артты. Оған университетімізде педагогикалық бағытта кадрларды даярлайтын жаңа мамандықтар ашылуы себеп болды. Олар: «Педагогика және психология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандықтары. Болашақ мұғалімдерді даярлауға, педагогтердің мәртебесін көтеруге басымдық береміз. Сондай-ақ педагогикалық бағытта оқитын студенттердің шәкіртақысының өсуі де мамандықтың мәртебесін көтеруге ықпал етті», – деді Давронжон Гаипов. Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша I кезеңнен 25 ұпайдан жоғары жинаған 3284 қатысушы өтті. Олар 50 логикалық сұраққа онлайн түрде жауап берді. Білім додасының ІІ кезеңі офлайн форматта өтті.  Қатысушылар  тестілеуді Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Семей, Өскемен, Талдықорған, Түркістан қалаларында тегін тапсырады. ІІ турда бейіндік пәндер бойынша 100 тест тапсырмасын орындауға 150 минут, яғни 2,5 сағат уақыт беріледі. Олимпиадаға қатысу арқылы грант ұтып алған түлектер ҰБТ-да шекті балды міндетті түрде жинауы тиіс. SPT олимпиадасы арқылы Халықаралық құқық мамандығына грантқа түскен Дидар Беренбаев қатысушыларға сәттілік тіледі. «2018 жылы олимпиадаға қатысып білімімді сынап көрдім. Нәтижесінде 100% грант иегері атандым. Олимпиаданың арқасында еліміздің үздік университеттерінің бірінде грант аз бөлінетін «Халықаралық қатынастар» мамандығын тегін оқып жатырмын. Қатысушыларға айтарым, SPT – білім деңгейіңді анықтауға және ҰБТ алдында сенімділікті арттыруға таптырмас мүмкіндік. Өзіңе және ақылың мен біліміңе сен. Сәттілік тілеймін», –  деді 4 курс студенті.