С тобында сынға түсеміз
С тобында сынға түсеміз
324
оқылды
Қазақстан құрамасы 2022 жылы Ұлттар лигасының С дивизионында қалады. «Астана Аренада» өткен қарымта кездесуде отандастарымыз Молдовадан 0:1 есебімен жеңілсе де, ойын соңындағы пенальти сериясында қарсыластардан басым түсіп, маңызды жолдамаға ие болды. Осылайша, бас бапкердің міндетін атқарушы Андрей Карпович екі матчқа қойылған тапсырмасын орындады. Әуелде Қазақстан құрамасынан өз алаңында 2:1 есебімен жеңілген молдовалық футболшылар қарымта кездесуді белсенді бастады. Нәтижесінде, 13-минутта қонақтар сапынан Игорь Армаш қазақстандық ойыншылардың қателігін ұтымды пайдаланып, тамаша гол соғып кетті. Осылайша екі ойынның қорытындысы бойынша таразы басы теңесті.  Бұдан кейін де қос құрама футболшыларының есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда таблодағы есеп сол күйі өзгеріссіз қалды. Әрмен қарай матч овертаймға ұласқанымен, қосымша 30 минутта да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти сериясында Қазақ­стан­ның жолы болды. Матч соңындағы лотерея 5:4 есебімен біздің пай­дамызға шешілді. Алаң иелері сапында Абзал Бейсебеков мүмкіндігін пайдалана алмады. Абырой болғанда Николаескудің соққысын Игорь Шацкий қайтара білді. Шешуші сәтте молдовалық қорғаушы Ревенконың тепкен добы қақпадан биік кетті, ал қазақстандық жартылай қорғаушы Жуковтің голы құрамамызға жеңіс сыйлады. Енді Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының ІІІ маусымын үшінші рет С дивизионында бастайды. Мұнда аяқдопшыларымыз 3 топта Әзербайжан, Словакия, Беларусь құрамаларымен B дивизионының жолдамасына таласады. Үш қарсыласының ішінде отандастарымыз Әзербайжанмен және Беларусьпен ежелгі қарсылас саналады. Словакиямен тұңғыш рет жолымыз түйіскелі тұр. Словакия өткен маусымда Ұлттар лигасының В дивизионының 2 тобында өнер көрсетіп, Чехия, Шотландия, Израиль құрамаларына азуын батыра алмады. Сөйтіп, С дивизионына сырғыды. Әзербайжан болса С дивизионының 1 тобында үшінші орын (Черногория мен Люксембургтен кейін, Кипрден алда), Беларусь құрамасы Қазақстанмен бір топта ойнап, 10 ұпаймен екінші орын алды. Қос кездесуде олар Қазақстаннан 2:1 және 2:0 есебімен басым түсті. Сондықтан бұл топтағы үш қарсыласты да осал деуге келмейді. Жазда өтетін топтық кезеңдегі ойындардың кестесі тым тығыз. 3 маусымда Қазақстан өз алаңында Әзербайжанды қабылдайды. Араға үш күн салып 6 маусымда Словакияға қонаққа барады. Ал 10 маусымда Беларусь құрамасымен түзде ойнайды. 13 маусымда Астана аренада Словакиямен кездеседі. Қалған екі ойын күздің алғашқы айында өтеді. 22 қыркүйекте  Қазақстан – Беларусь, 25 қыркүйекте Әзербайжан – Қазақстан арасындағы матчты тамашалаймыз. В тобына жолдама алуға таласатын төрт құраманың әлеуетін, келесі кезеңге өтуге мүмкіндігін спорт сарапшылары бағалады. Әрине, оның арасында өзіміз­дің де құрамамыз бар. – Молдовамен болған екі ойын, қорғанысымыздың әлсіз тұстарын нақты көрсетіп берді. Карповичке үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Бас бапкеріміздің деңгейі құраманы жаттықтыруға келмейді. 180 минут бойы қарсыласымызға басымдықты беріп қойдық. Әупірімдеп жүріп жеңдік. Жаздағы кездесулерге тоқталар болсам, топтан шығуға мүмкіндік аз. Бірінші орынды сөзсіз Словакия алуы тиіс. Беларусь құрамасына шамамыз жетпейді. Біз үшін үшінші орынның өзі үлкен жетістік болайын деп тұр. Әзербайжан құрамасының деңгейі өзімізбен шамалас. Оларды жеңуге болады. Бұл жерде егер бас бапкер болып Карпович тағайындалса көп нәрсе соған байланысты болайын деп тұр. Дұрыс тактика таңдаса, біраз ұпай алуға шамамыз жетеді. Бірақ мен футболшыларымыздың дәл осы қарқынмен топтан шығатынына сенбеймін, – дейді спорт шолушысы Мадияр Қазыбек. Ал белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы С тобында ойнауға мүмкіндік алып берген Карповичке тізгінді бергеніміз жөн екенін, құраманың топтан шығуға толықтай мүмкіндігі барын айтты. – Біз 30 жыл бойы күту режимінде жүрміз. Шындығында сол баяғы деңгейімізден ары аса алмай әлек­піз. Пайперс пен Билектің кезіндегі 10 ұпайымызды әлі де біраз малданып жүре тұрамыз ба, жоқ шынында да өзгеріс бола ма, оны ешкім дәл болжап айта алмайды. С тобында Қазақстан Словакия, Беларусь, Әзербайжан құрамаларымен сынға түседі. Бұл топта бізге аса ыңғайсыз қарсылас – Беларусь құрамасы. Бір рет тең ойнағанымыз бар. Оның өзінде жолдастық кездесуде. Қалған ресми ойындардың бәрінде жеңіліп келеміз. Тіпті, өз алаңымызда 1:5 есебімен есе жібергеніміз бар. Алдағы сында осы ыңғайсыз қарсыластың ыңғайын табу керек. Олардың бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Өйткені мықты деген ойыншысы біздің ішкі біріншілікте доп теуіп жүр. Сондықтан неге оны жеңбеске?! Одан кейінгі қарсыласымыз –  Әзербайжан. Ол да Қазақстан секілді талай жыл батпақтан шыға алмай жүрген құрама. Одан да басым түсуге болады. Ал Словакия топтағы анық фаворит екенін бәріміз жақсы білеміз. Марек Гамшик секілді жұлдызды ойыншысы бар. Бірақ біздің олармен де терезесі тең ойын көрсетуге шамамыз жетеді. Футбол қазір бір орнында тұрған жоқ, дамып жатыр. UEFA кестесінде 180-орындағы Молдованың өзі екі кездесуде құрамамызға жақсы қарсылық танытты. Қазақстандық футболшыларға да солар секілді ойын өрнегін көрсету қажет. Олар бізге екі ойында 38 соққы бағыттады. Ал Қазақстан 19 соққымен шектелді. Яғни, қарсылас екі есе көп шабуылдады. Осыған алдағы уақытта жауап іздеуіміз керек. Құраманың екі шабуылшысы Айымбетов пен Щеткин кейінгі ойындарда тек үш гол соқты. Бұл көрсеткіш шабуылшыға тән бе? Әлемнің өзге құрамаларында қорғаушылардың өздері үш-төрт гол соғып жүр. Жас әрі талантты деген Айбар Жақсылықовтың өзі жеті ойында бір гол сала алмады. Ойыншыларға нақты тапсырма беріп, олардан нәтиже күтетін уақыт келді. Топтан шығуға мүмкіндігімз жоқ емес, бар. Ол үшін Карповичке мүмкіндік берген жөн, – дейді Есей Жеңісұлы. Бір нәрсені мойындауымыз керек, Қазақстан құрамасына екі ойында да сәттілік жолдас болды. Карпович футболшылары Еуропа «ергежейлілерінің» қатарына түсіп қалмауға тырысқанымен Молдова да оңай шағылар жаңғақ емес екенін көрсетті. Бірақ қазақстандық футболшылардың асығы алшысынан түсті. Енді маусым айында жолға шығатын Ұлттар лигасының үшінші маусымында ел құрамасы ел сенімін ақтап, В тобына жолдама алса, қанеки!