Қазір денсаулық сақтау саласында балалар дәрігері жетіспейді. Бір кездері 10 жыл бұрын жабылып қалған Педиатрия факультеті қайта ашылса да, бөлінетін грант саны аз. Ендеше балалар жылындағы кезек күттірмейтін мәселенің бірі – балалар дәрігерінің тапшылығын шешу.
Статистикаға назар аударсақ, Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер тапшы. Оның ішінде 205 балалар дәрігері жетіспейді. Жалпы, ел халқының 26 пайызын балалар мен жасөспірімдер құрайтынын ескерсек, әр емханада бір балалар дәрігерінің болуы заңды құбылыс. Дегенмен Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның айтуынша, өңірлерде арнайы маманданған балалар дәрігері жоқтың қасы.
– Медициналық жоғары оқу орындарында бакалавриат деңгейінде балалар дәрігерін дайындайтын білім беру бағдарламасы жоқ. Жалпы тәжірибеде оқитын болашақ дәрігерлердің 50 пайызы жалпы медицина бойынша, 50 пайызы педиатрия бойынша білім алады. Бірақ оқу бітіргеннен кейін балалар дәрігері болуды таңдайтын мамандар аз. Көбі ересектерді қарайтын дәрігер ретінде жұмысқа орналасады, – дейді Дания Еспаева.
Бөлінетін грант аз
Балалар дәрігері тапшылығының басты себебі мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде гранттың бөлінбеуі. Тіпті, 2007 жылы еліміздегі 6 медициналық ЖОО-да Педиатрия факультеті түгел жабылған еді. Сол кездегі жүйе бойынша ол Емдеу факультетімен біріктіріліп, болашақ педиатрлардың оқу мерзімі 9 жылға дейін ұзартылған болатын. Дегенмен елімізге белгілі дәрігер Камал Ормантаев: «Педиатр – өз алдына жеке мамандық. Ересек адам мен нәрестенің ағзасында айтарлықтай айырмашылықтар, өзіндік ерекшеліктер бар. Сондықтан олардың барлығын бірдей жалпылама оқыту дұрыс емес» деп жоғары жаққа қайта-қайта хат жолдап, он жылдан кейін Педиатрия факультетін қайта ашқызды. Сол жылдары бүкіл Қазақстан балалар дәрігерінсіз қалды. Алғашқы жылдары байқалмағанымен, кейін зардабы біліне бастады. Бір айта кетер жайт, Қазақстаннан басқа елдер мұндай қадамға бармады. Украина, Қырғыз Республикасы Педиатрия факультетін жапқанымен, екі жылдан кейін қайта ашып алды. Ал балалар дәрігеріне ерекше көңіл бөлетін Ресей мен Өзбекстанда жеке педиатрия медицина институты бар.
Ал Педиатрия факультетінің қайта ашылуын сарыла күткен жұрттың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Арада 4 жыл өтсе де, маман тапшылығын шешуде әлі де нақты қадамдар жасалмады. Қазір еліміз бойынша балалар дәрігерлерін тек С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ғана жеке форматта оқытады. Былтыр денсаулық сақтау саласына 2 700 грант бөлінсе, оның 150 гранты педиатрияға бөлінген.
– Бала дәрігері болу үшін студент 5 жыл жалпы дайындық оқиды. Содан кейін 2 жыл клиникалық интернатурада білім алуы керек. Жалпы 7 жыл оқуы тиіс. Мамандықты тереңдетіп арнайы бір саланы игерем дегендер осыдан кейін резидентураны оқуы қажет, – дейді Педиатрия факультетінің аға оқытушысы Алмагүл Нұрқасымова.
Иә, еліміздегі 5 миллионнан астам балаға жыл сайын дайындалып шығатын 150 дәрігердің жетпейтіні анық. Сондықтан жалпы медицинаны бітірген мамандар да балалар дәрігері бола алады. Ол үшін жалпы тәжірибедегі дәрігер педиатрия бойынша резидентураны тағы да 3-5 жыл оқуы керек. Нәтижесінде, студент 30-33 жасында ғана балалар дәрігері атанады. Жас мамандар университет бітіргеннен кейін ұзақ уақыт оқығысы келмей, жалпы медицинаға жұмысқа орналасады. Бұл да маман тапшылығын арттырып отырған себептердің бірі.
– Жалпы медицинаны бітірген жастар педиатрияның резидентурасына аз түседі. Сондықтан тек грант бөлу арқылы ғана маман тапшылығын шеше алмаймыз. Салаға жастарды тарту үшін жас маманға әлеуметтік көмек көрсетілуі керек. Жоғарыдағылар балалар дәрігерінің еңбекақыларын көбейтіп, үй беру жағын қарастырса, – деген ұсынысын айтты Алмагүл Нұрқасымова.
Жыл өткен сайын елдегі демографиялық дүмпу де артып келеді. Ендеше бірер жылда балалар дәрігерінің тапшылығы айқын білінері анық. Қазірдің өзінде Педиатрия факультетінде сабақ беретін оқытушылардың ең жасы 45-50 жаста. Ал 2018 жылы оқуға түсіп, енді ғана 4-курста білім алып жүрген балалар дәрігерлері бітіріп маман атанғанша әлі он жылдай уақыт керек. Сол кезде педиатрияны оқытпаған он жылдың олқылығынан зардап шегеріміз сөзсіз.
Баланы да, қартты да емдейді
Баласы ауырғанда ата-ана шырылдап, сәбиін емханаға алып келеді. Бірақ қазір көптеген мемлекеттік емханада балалар дәрігері жоқ. Сондықтан жалпы тәжірибедегі дәрігерлер балаларды қарайды. Негізі, бір ғана педиатрия саласының 26 түрлі бағыты бар. Неонатолог, балалар хирургі, балалар инфекционисі, тағы басқалар. Балаларды қабылдап жатқан отбасылық дәрігер көзін жаңадан ашқан шақалақты қарауға жүрексінеді. Өйткені жалпы медицинаны бітірген маман балалар ауруын білмейді. Ал педиатрлар күннен-күнге азайып барады. Бүгінде өңірдегі ауылдардың 25 пайызы ғана педиатрмен қамтылған. Жалпы, балаларға медициналық жәрдем көрсетудің шарты бойынша бір педиатр-дәрігерге 15-20 баладан келсе, қазір 30-40-қа жетіп жығылады. Ал мұндайда сапалы емдеу жайында айтудың өзі қиын. Бала өлімі үш есе кемігенмен, олардың ауруға шалдығуы, созылмалы дертпен ауыру көрсеткіші керісінше 22 пайызға артқан. Бұл біріншіден, ересектерді емдеп үйренген дәрігерлердің балаға нақты диагноз қойып, дұрыс емдей алмауынан болып отыр. Екіншіден, білімді, білікті педиатрлар жалақысы жоғары жекеменшік клиникаларға кеткен. Үшіншіден, бұрынғы тәжірибелі педиатрлардың жасы келіп, ұрпақ сабақтастығы үзілді.
Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың айтуынша, жастардың педиатрияға бармауының басты себебі мамандықтың күрделілігі. Мысалы, кішкентай бала жылағанда қай жері ауырғанын тап басып табу қиын.
– Жаңа туған нәрестелерді емдейтін дәрігер-неанотологтер жоқтың қасы. Емханаларға барсаң, отбасылық дәрігерге көрінуге үлкен де, кіші де келеді. Елде тұратын кішкене тұрғындардың 40 пайызының денсаулығы төмен. Оларды отбасылық дәрігер қабылдап, дене қызуы болса, түсіріп қоя береді. Бірақ ол баланың қызуы неге көтерілді, онда шаруасы жоқ. Сөйтіп, бала созылмалы ауруға шалдығады, – дейді Жұпар Наханова.
Әрине, маман тапшылығы мәселесін шешу үшін уақыт керек. Соңғы кездері жастардың балалармен жұмыс істегісі келмегендіктен, педиатр мамандығын таңдамайтынын да байқадық. Сарапшылардың пікірінше, балалар дәрігеріне жастарды тартамыз десек, әуелі мемлекеттік грант санын көбейтіп, екінші әлеуметтік жағдайын жақсартуымыз қажет. Өйткені дәрігерлер жетіспеуінің тағы бір себебі әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Орташа есеппен былтыр балалар дәрігерлері айына небәрі 138 мың теңге еңбекақы алыпты. Ендеше саланы сапалы мамандармен толықтырудың басты амалы – бала денсаулығын тәжірибе жасайтын алаңға айналдырмай, 10 жылдық олқылықты уақыт өткізбей қалпына келтіру.