Павлодар кәсіпкерлері бидайсыз қала ма?
Павлодар кәсіпкерлері бидайсыз қала ма?
393
оқылды
Ертіс өңірінің ұн өндірушілері бидайсыз қалуы мүмкін. Қоймалардағы астық қоры тек екі аптаға жетеді. Ал ішкі нарықтағы бидайдың басым бөлігі экспортқа кеткен. Салдарынан аймақта ұн комбинаттарының жұмысы тұралап, жүздеген адам жұмыссыз қалатын сияқты. Өндірушілер мәселені шешу жолдарын өздері ұсынып жатыр. Кәсіпкер Ербол Досыбаев басқаратын кәсіпорын бұған дейін шикізатты шетелден алған. Ресеймен алыс-беріске шектеу қойылғандықтан, қазір ішкі нарық­тағы бидайды ұнға айналдырады. Бірақ жергілікті шаруалар кәсіпорынның сұранысын өтей алмайды. Әрі отандық астықтың  шетел асатыны құпия емес. – Жылына 120 тонна ұн шығарамыз. Биыл шикізат аз. Сондықтан кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Әзірге бір аптаға жететін шикізатымыз бар. Үкімет қолдау білдірмесе, аймағымыз әлеуметтік ұнсыз қалуы мүмкін, – дейді Досыбаев. Бұл негізі бүгін туындаған мәселе емес. Өндірушілер соңғы жылдары жергілікті шаруалар өсірген астықты экспортқа шығаруға шектеу қоюды сұрап келеді. Алтын дәнді шетел асыруға баж салығын енгізуді ұсынған. Кәсіпкерлер механизм саладағы жағдайды тұрақтандырады деп сенеді. – Соңғы жылдары ресейлік шикізатты өңдеп жатырмыз. Себебі біздің бидай шетелге кетеді. Ал салық төлеп, жұмыс орындарын ашатын отандық өндірушілер астықсыз қалып отыр. Біз Үкіметтен экспортталатын бидай көлемін бір жарым миллион тоннаға азайтуды ұсынып отырмыз. Бұл – елдегі барлық ұн тартушылардың тілегі, – деді Қазақстан астық өндірушілер одағы экспорттық кеңесінің мүшесі Жанар Серімова. Жалпы, өңірде 20-ға жуық диірмен бар. Олардың жылдық сұранысы 500 мың тонна бидай. Ал жергілікті шаруалар бір жылда 750 мың тоннадан астам өнім жинайды. Сұранысты өтеуге мүмкіндік бар. Дегенмен бизнесті нарық реттейді. Шаруалар өнімді сыртқа шығаруды жөн санайды. Облыстық жауапты мекеме ұн тартушыларға 50 мың тоннадан астам бидайды қайта өңдеуге уағдаласқан. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай болады. Қазір Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысы да бидайға мұқтаж. Проблема үкіметтік деңгейде шешілмесе, жағдай ушығуы мүмкін.