Алты баланы жалғыз асырап отырған әке көмек сұрады
Алты баланы жалғыз асырап отырған әке көмек сұрады
458
оқылды
Алты баласын жалғыз өзі асырап отырған Досхан Исмағұлов әкелерге де үкіметтен көмек берілуін сұрайды. Өйткені елімізде "алтын" мен "күміс" алқа тек аналарға тиесілі. Яғни алқамен марапатталған көп балалы әйелдер салықтан босатылады, үй алуда жеңілдіктер қарастырлады, зейнетке ерте шығады және 28 айлық есептік көрсеткішке дейін жәрдемақы төленеді. Ал әйелінен ерте айырылған Досхан Исмағұлов жұбайым көзі тірісінде күміс алқаны алып үлгермеген еді дейді. Тапқан табысым балабақша мен балалардың керек-жарағынан аспайды деген ол, көмекке мұқтаж, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.  Елорда тұрғыны Досхан Исмағұлов алты баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Жалғызбасты әке Нұр-Сұлтан іргесіндегі саяжайлардың бірінде тұрады. Балалардың үлкені 8 де, ең кішісі әлі екіге де толмаған егіздер. Өткен жылдың ақпанында жары Назира жүрек талмасынан қайтыс болған.
"Назира қайтыс болды. Алты балам қалды. Анам балаларға қарайлауға көмектеседі. Балалар кішкентай. Менің тұрғын үйге қатысты қиындығым бар", - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Досхан Исмағұлов.
Ананың жоғын білдірмей, бәйек болып жүрген балалардың әжесі - Бәтима. 67 жастағы зейнеткер немерелерінің асын дайындап, барынша көңілдерін аулауға тырысады.
"Келінім жақсы еді. Пысық болды. Өте пысық болды. Ол от сияқты жанды. Соңғы рет егіздерді тууға болмайды деген еді. Жүрегі ауыратын. Алқа алып үлгермеді. Егіздер бір жасқа толғанда беріледі екен", - деді әйел.
Досханның жарына алты баланы дүниеге әкелгені үшін "күміс алқа" берілуі керек болған. Алайда, аналары дүниеден өткенде кішкентайлар небәрі 7 айлық еді дейді қара жамылған әке.
"Анасының көз жұмғанына балаларымның қатысы жоқ. Осы төлемдерді мемлекеттен ала алмай отырған сияқтымыз. Алуы керек төлемдерді. Олар алуы тиіс", - деді Досхан Исмағұлов.
Заң бойынша алтын, күміс алқа тек әйелдерге қарастырылған. Оның үстіне, 6-шы, не 7-ші бала 1-ден асқаннан кейін ғана беріледі.
"Заңның ішінде 6-тармаққа сәйкес "Алтын алқа" және "Күміс алқа" наградалары тек аналарға беріледі. Бірақ "Алтын алқа" болмаса "Күміс алқамен" наградталу, өкінішке орай, әкеге мүмкін емес. Өйткені заңда солай көрсетілген анаға деп аталып жазылған", - деді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің аппарат басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Досхан жәрдемақысыз тапқан табысым алты балаға бірдей жетпейді дейді. Айтуынша, өзі сияқты шиеттей балаларымен жалғыз қалған әкелер көп. Сол себепті Үкімет заңға өзгеріс енгізсе деп сұрайды.