Агробанк ауылды алға сүйресе...
Агробанк ауылды алға сүйресе...
© коллаж: Елдар Қаба
523
оқылды
Мемлекет үшін азық-түлік қауіпсіздігі қаншалықты маңыз­ды екенін соңғы жағдайлар көрсетіп берді. Ал бұл мәселені шешуде ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға баса мән берілмей, істің алға басуы екіталай. Өз ке­зегінде қыруар қаржы бөлінетін асыраушы салада өнімділікті арт­тыру үшін агробанк құру мәселесі де жиі көтеріледі. Әйтсе де, шаруаға қажетті қаржыны қағазбастылыққа салмай демде ұсынатын қаржы ұйымының іске қосылар түрі жоқ.

Тәуекелі көп, шығын шаш етектен

Шаруалар мен олардың мүддесін қорғайтын ірілі-ұсақты қоғамдық ұйым­дардың басшыларын айтпағанда, агробанктің тиімділігі турасында жоғары лауа­зым иелері де жиі сөз ететін. Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрлері Асылжан Мамытбеков, Ақылбек Күрішбаев, кейіннен Асқар Мырзахметов те мұндай қаржылық инс­титутты құру туралы ұсыныстарын ортаға салған. Алайда ведомс­тво басшылары өз ұсы­ныстарының тиімділігіне сол кездегі Премьер-Ми­нистр­лердің көзін жеткізе алмаған сыңайлы. Өйткені 20 жылдан бері айты­лып жүрген агробанкті құру туралы нақты бір шешім шыққан жоқ. Өз кезегінде ара-тұра жер­гілікті жұртшылықпен шаруалардың жанайқайына құлақ түретін Парламент депутаттары да бұл мәселені жылына кемі екі реттен заң шығарушы органның биік мінберінде көтерді. Әйтсе де, олардың да үндері жауаптылардың құлағына шалынар емес. Оған қоса Үкімет мүшелері күні бүгінге дейін агробанк құруға қатысты өздерінің ұстанымдарынан айнымай келеді. Олардың барлығы дерлік салалық банк құру мемлекет үшін үлкен тәуекел және шығын екенін айтудан танған емес. Мәселен, былтыр ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі сала­лық қаржы институтын құру әкім­шілік шығыстарды арттырып, нәтижесінде бұл банк те шаруаларға төмен пайызбен несие ұсынуға қабілетсіз болып қалатынын мәлім­деді. Яғни, агробанк құрыла қалған жағдайда өзге екінші деңгейлі банк­тер сияқты оның қызметі Ұлттық банк тарапынан бақылауға алы­нады. Бұл талапқа сай келу үшін агробанк өзінің қарыз алушыларына жоғары талаптарды қоя бастайды. Осылайша, түпкі мақсаты шаруаға төмен пайызбен, жеңілдетілген несие беру болған қаржы ұйымы қарапайым еңбек адамы ұсынған кепілзатты қабылдамайды. Демек, агробанктен несие алу қазіргідей мүмкіндігі бар, техникалық паркі жабдықталған, айналым қара­жаты бар агроқұрылымдарға ғана мүм­кін болады. Осынау тәуекел­дерді алға тартқан ведомство тек ауыл шаруашылығына арналған сала­лық банк құру идеясын құр­дымға жіберген. Әйтсе де, бұдан шаруалардың меселі қайтпағандай. Әсіресе, көк­темгі егіс жұмыстарын несиемен өткеріп жүрген агроқұрылымдар әлі де болса жақсы жаңалықтан үмітті. Жақында ғана Қызылорда об­лы­сында болып, шаруалардың уә­жіне құлақ түрген сенатор Мұрат Бақ­тиярұлы агробанк құру мәсе­лесін Парламент мінберінде қайта көтерді. Халық қалаулысы Үкімет бас­шысынан отандық агроқұры­лым­дарды бәсекеге қабілетті ету үшін мамандандырылған ауыл­шаруашылық банкін ашуға назар аударуды сұрады. – Біздің ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілер Еуразиялық экономикалық одақтағы Ресей, Бе­ларусь елдерінің агроөнеркәсіп кешендерімен бәсекеге түсе алмай отыр. Өйткені бұл елдерде шаруа­лардың жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін агробанктер жұмыс істейді. Банктің барлық аудандарда бөлім­шелері бар. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арзан, ұзақмерзімді несие беру үшін ма­мандандырылған ауылшаруашылық банкін ашу қажет. Бұл мәселе Пар­ламент қабырғасында бірнеше рет көтерілгенімен нәтиже жоқ. Ал шаруалар мәселенің оң шешілуін көптен күтіп отыр, – дейді Мұрат Бақтиярұлы. Әзірге сенатордың депутаттық сауалына ресми жауап берілмеді. Алайда бұл мәселеге байланысты бұған дейін қайтарылған жауап­тар­да салалық ведомстволар агробанк құрудан ат тонын ала қашқанын ескерсек, осы жолы да бір өзгерістен үміттену бекершілік. Сонда да болса асыраушы сала өкілдері ерте ме, кеш пе мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкін құру мәселесі өздерінің бас пайдасына шешілетініне сенеді.

Ескі сүрлеу есті шығармайды

Жалпы, мамандандырылған са­лалық банк қызметін ұйымдасты­ру қазақстандық қаржы жүйесі үшін таңсық емес. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында өзге посткеңестік елдермен бірге бізде де «Агро­пром­банк» жұмыс істеді. Кеңес Одағында 1989 жылғы банк реформасы ке­зінде аталған банктен бөлек «Пром­стройбанк», «Внешэкономбанк» сияқ­ты бірнеше салалық қаржы инс­титуты болған екен. Қазақ­стан­дағы «Агропромбанк» 1990 жылдың ортасында жекеменшікке беріліп, атауын «Наурызбанк» деп өзгертті. Көп өтпей «Наурызбанк» те сол тұс­тағы бірқатар қаржы ұйым­дарының кебін киіп, банкротқа ұшырады. Агробанк Экономист Талғат Демесінов көктемгі дала жұмыстары кезінде артық қаражаты жоқ, бірақ оны күзгі жиын-терімнен толықтыруға ниетті шаруаларға агробанктің көп септігі тиетінін алға тартады. – Қазір Қазақстан үшін азық-тү­лік қауіпсіздігі мәселесі өте өзек­ті. Оған қоса ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру үшін де «Агро­промбанк» құру қажет деп есеп­теймін. Мәселен, дәл қазіргі сәтте Қа­зақстанның солтүстік, орталық об­лыстарында егін шаруашы­лы­ғымен айналысатын агроқұры­лым­дардың көбінде қаржы жоқ. Қар­жы­ның тапшылығы диқандардың жер жырту, тұқым себу сияқты мау­сымдық жұмыстарын өз уақы­тында орындауға қолбайлау болып тұр. Меніңше осындай шаруаларға «Агропромбанк» көп көмектесер еді. Кезінде тәжірибеде «Бидай қол­­хаттары» деген болған. Яғни, шаруа көктемде арнайы келісім аясында тиісті қаржыны алады да, оны күзде кері қайтарады, – дейді экономист. Жалпы, агробанкті тек шаруаға несие беріп, одан пайда табатын қаржы институты ретінде қарас­тыруға болмайды. Тетігін тапса бұл банктің қызметін көпқырлы етіп ұйымдастырып, оны тұтас агро­өнер­кәсіп кешенін дамытудың құ­ралы ретінде пайдалануда қиындық тудыра қоймайды. Экономист Тал­ғат Демесінов бұл банкты құру ар­қылы саладағы көптеген мәселенің шешімі табылатындығына сенімді. – «Агропромбанк» арқылы ша­руалар көктемде ешқандай қиын­дықсыз айналым қаражатын то­лық­тыра алады. Үкімет кепілзаты жоқ агроқұрылымдарға вексель береді. Вексель беруде Үкімет ша­руаға өнімінің белгілі бір бөлігін мемлекет бекітіп берген бағада өткізу бойынша өз шартын қояды. Яғни, бұл да тұрақтандыру қор­ларының қоймасын толықтырудың бір жолы. Ең бастысы, аудан орталық­та­рында «Агропромбанктің» көме­гі­мен өндірістік сауда-саттық ке­шен­дерін де құруға болады. Олар ұсақ шаруалардың өндірген өнім­дерін сатып, оны өңдеумен айна­лы­са­ды, – дейді экономист. Мұндай банк құрудағы басты мақсат шаруалардың жағдайы еке­нін де ұмыт қалдыруға болмайды. Әсіресе, қазіргідей көктемнің қар­балас шағында диқанның құшақ-құшақ құжат арқалап, банктің есі­гін күзетіп жүруі ақылға қонбайды. Қазақстанның Фермерлер одағы да асыраушы саланың алшаң басуы үшін де шаруаның жағдайын түсіне алатын қаржы институты ауадай қажеттігін айтады. – Шаруа қаржыны да, мемле­кет­тік қызмет түрлерін де «бір тере­зеден» алуы керек. Сонда ғана оның ісі өніп, тасы өрге домалайды. Ал біз­дің жағдайда екінші деңгейлі банктер шаруаның жағдайынан бұрын табысты ойлайды. Өз басым Қазақстандағы 17 екінші деңгейлі банк­ті зерттеп көрдім. Оның бар­лы­ғы да Ұлттық банктен қаржы алып, соны бірнеше пайызбен ха­лық­қа беру арқылы табыс табады. Осы орайда шаруаларға керегі агро­банк екенін сеніммен айта аламын, – дейді Қазақстан Фермерлер ода­ғының төрағасы Жигули Дайрабаев. Негізінен елімізде агробанктің құрылуына нарықта дәл осы функ­цияны атқаратын қаржы ұйымда­рының болуы да кедергі келтіріп тұр. Алайда шаруалар бұл ұйымдар қарапайым еңбек адамдарына тым жоғары талап қоятынын айтып жиі шағымданады. Сонымен қатар қазақстандық қаржы жүйесінде «Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінен» басқа салалық банкті құруға тыйым салынуы да шаруалар күткен агробанктің уақы­тында құрылуына кері әсер етеді. Бірақ сарапшылар арнаулы мемле­кеттік бағдарлама қабылданса қол­даныстағы заңды өзгерту қиындық туғызбайтынын алға тартады. Ке­рісінше бірнеше миллион отанда­сымыздың баспана мәселесін ше­шуге мүмкіндік берген банктің тиімділігін мысал етіп, агросалаға маманданған қаржылық ұйым құруды құптайтындардың қарасы қалың. Қалай десек те, шаруалар мен салалық мекемелерді бір-біріне қарсы қойған агробанк мәселесінің соңғы нүктесі әзірге қойылмайтын сияқты. Бірақ уақыт өте ауыл ша­руа­шылын дамытып, ондағы еңбек өнімділігін арттыруда салалық қар­жы ұйымының мүмкіндігіне де көз жеткізу артық бола қоймас.